Зарина тенниске оралды
Зарина тенниске оралды
272
оқылды
Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Зарина Дияс төрт ай үзілістен кейін спортқа оралғанын мәлімдеді. Ол өзінің кортта қайта өнер көрсете алатынына қуанышты екенін айтты. – Денсаулығымдағы кінәраттан арылып, теннис кортына қайта шығуым – мен үшін кішкентай болса да жеңіс. Алдағы уақытта жұмыс көп. Ұдайы жаттығудан кейін жуырда өзімнің бұрынғы қалпыма келемін деп ойлаймын. Қолдау білдіріп, жылы сөз айтқан жанкүйерлерімнің бәріне алғысымды айтамын. Сіздер­дің жылы лебіздеріңіз спорттық жолымдағы қиын кезеңде маған қанат бітірді, – деді Зарина Дияс. Биыл 29 жасқа толатын Зарина Дияс жыл басында Аустралия ашық чемпионатынан кейін жарақат алып, төрт айдай теннис ойнаған жоқ. Бірнеше күн бұрын қазақстандық теннисші Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысында қарсыласына жол берді. 2015 жылы дүниежүзілік рейтингте 31-орынға дейін көтерілген З. Дияс қазір 131-сатыда тұр. 2017 жылы Токио жарысының жеңімпазы атанған Заринаға үздік жүздікке оралу үшін алдағы додаларда сәтті өнер көрсетуі керек-ақ. Еске сала кетейік, жақында қазақ­стандық теннисшінің Шымкент турнирінің жартылай финалына өткен еді.