Ақордада Президенттің отандық бизнес өкілдерімен кезекті кездесуі өтті.
Мемлекет басшысы бизнестің өзекті мәселелерін талқылау жақсы дәстүрге айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қаңтар айында болған кездесуден кейін елімізде және әлемде талай нәрсе өзгерді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің келешегі экономиканың мықты болуына байланысты және кәсіпкерлер мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек.
– Жалпы, жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды. Мен ең алдымен бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алды.
– Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керек екенін атап өтті.
– Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттердің жүзеге асырылуына септігін тигізгені жасырын емес. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды. Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Отандық бизнестің дәл осындай сипаты тұтас мемлекеттің беделіне зор нұқсан келтіреді. Басқаша айтқанда, елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет. Ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесу керек. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз, – деді Қазақстан басшысы.
Мемлекет басшысы осы мәселелерді шешу үшін бірқатар нақты шараны белгілеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалауды азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
– Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді. Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді күдікті деп тану тәжірибесі жиі кездесетінін және іс жүзінде бұл тек мүлік даулары екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарынан бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуді талап етті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік аудит жүйесімен байланысты мәселелерді қозғады. Оның айтуынша, тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға қатысты мемлекеттік аудит тексерістерінің нәтижесі тапсырыс орындаушы кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға ұшырауына жиі негіз болады. Бұл ретте Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің мемлекеттік аудит қорытындысына шағым түсіріп немесе негізсіз қылмыстық істен құтыла алмайтынын, жүйенің солай құрылғанын атап өтті.