Елорданың тап іргесіндегі Аршалы кенті мен оның маңындағы ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселелер жеткілікті. Мұндағылар әсіресе экологиялық жағдайдың нашарлап бара жатқанынан қауіптенеді. Бұған аудандағы қиыршық тас өндіретін зауыттардың көбеюі себеп болған. Қазір Аршалы маңында 8 қиыршық тас зауыты жұмыс істеп тұр. Онкологиялық ауру өршіді Аршалылықтар елді мекен маңынан ерсілі-қарсылы ағылған жүк көліктері ізінен көтерілген шаңға тұншығып отырғанын айтып дабыл қағады. Шаңды дауыл мен мен қара түтіннің салдарынан аллергия, демікпе, онкологиялық және тыныс алу жолдарының аурулары көбейген. Аршалы ауданы қоғамдық кеңесінің мәліметінше, 2012 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта ғана онкологиялық аурулар саны 100 мың адамға шаққанда 147,8 адамнан 236,3 адамға дейін өскен. Аурудан көз ашпаған жұртшылықтың аталған мәселені көтеріп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда әкімдік те, тиісті құқық қорғау органдары да бұл мәселені шешуге келгенде дәрменсіздік танытады. Аршалының әр қойнауы ұсақ құм мен қиыршық тасқа толы. Сол құм мен қиыршық тас күн сайын елордадағы құрылыс алаңдарына жөнелтіліп жатады. Жүк көліктері аспанға көтерген қою шаңға тұншыққан халық үйлерінің терезелерін ашпай, балаларын далаға шығара алмайтын күйге жеткен. Егіс алаңдары да шаңға көміліп қалатын болған. Өткенге көз жүгіртсек, құрылыс материалдарын өндіретін ұсақ тас зауыттары мен карьерлер Аршалыда Кеңес заманында да болған. Алайда, экологиялық мақсатта технологиялық түрлі талаптар жүргізіліп, кен орындары мен жолдарды суландыру жұмыстары жүргізілген. Тұрғындар мұндай шаралардың қазір мүлдем қолға алынбағанын айтады. Жолды жауып та көрді Әкімдік пен құқық қорғау органдарынан еш қайран болмаған соң Аршалы кентінің бірнеше әйелі күн сайын қара жолды жауып тастауды әдетке айналдырыпты. Жақында жолды бөгегендерді жергілікті әкімдік пен аудандық полиция бөліміне арнайы шақыртқан. Олар да өз тараптарынан күн сайын жүк көліктерінің қозғалысына тыйым сала алмайтындықтарын кесіп айтыпты... «Зауыттар күн санап көбейіп барады. Өнеркәсіп орындарының түтіні өз алдына. 15-20 жылдан бері қою түтін мен шаңнан көз ашпай келеміз. Оған қоса жолдан өтетін ауыр жүк көліктерінің шаңына тұншығып өлетін болдық. Аршалының дәл түбінен карьерлерден қиыршық тас таситын көліктер күні-түні құйындатып өтеді. Тыныс алу мүмкін емес. Өткен жылы карьердің түбінен жол жасап өтеміз деп уәделерін үйіп-төккен. Алайда өзгерген ешнәрсе жоқ. Ал оған биліктің әй деуге шамасы жетпей отыр. Әкімдік те еш амал қыла алмайтындарын айтады. Халықтың наразылығы шегіне жетті. Туа сала дертке шалдығатын балалардың саны өсті. Екі-үш күннен бері әйелдер шығып жүк көліктерінің жолын бөгеп тұруға келістік. Тәртіп сақшылары келіп бір-екі көлікке 7 мың теңгеден айыппұл салды. Ал енді олар күн сайын келе алмайтынын, оған қызметкер саны да жетпейтінін ашық айтты», – дейді Аршалы ауылының тұрғыны Елена Виноградова. Тұрғындардың айтуынша, көліктер түнгі уақытта кенттің ішкі жолдарымен де жүре береді. Одан асфальт жабындысының тоз-тозы шыққан. «Күн сайын бала-шағамызбен бірге жолдың үстіне шығамыз. Бірақ бұдан не өзгереді. Жергілікті биліктен еш қайыр болмай тұр. Полицияның жасаған әрекетінде өзара ымыраластық бар сияқты болып көрінді. Биліктен еш амал болмаған соң өз қотырымызды өзіміз қасымасақ болмайтынын байқадық. Карьерге жолды тау-тасты бұзып салуға олар асығар емес. Өзіміз әрекет етпесек болмайтын сияқты», – деп толықтырды Елена Виноградова. Комиссия құрылмақ Аталған мәселе бойынша Аршалы ауданының әкімі Мұрат Балпанмен тілдестік. Әкім мәселенің аса күрделі екенін мойындап, барлығын заңдық тұрғыда шешу қажеттігін алға тартты. «Мен бұл ауданға жаңада тағайындалдым. Мәселенің аса күрделі екенін әрі ұзақ уақытқа созылатынын білемін. Осы аптаның ішінде құрамында аудандық полиция, прокуратура, эколог мамандар және басқа да тиісті орган өкілдерінен тұратын комиссия құруды жоспарлап отырмын. Бұл комиссия барлық жағдайды тексеріп, тиісті шешім шығаратын болады. Әрине, халықты зор қиындыққа душар еткізіп жатқан бұл мәселеде барлығын дұрыстап толығымен зерттеп-зерделеу қажет. Бір жағынан зауыттарда қаншама адам жұмыспен қамтылған. Экономикалық тұрғыдан алғанда ауданның дамуына зор үлесін тигізіп отыр. Екінші жағынан экологиялық ахуал ушыға бастаған. Сондықтан барлығын таразылап тиісті оң шешімді тез арада шығарған жөн», – дейді Аршалы ауданының әкімі Мұрат Балпан.
P.S. Бір сөзбен айтқанда, Аршалының басындағы ауыр мұңның жуық арада арылатын түрі көрінбейді. Тиісті органдардың қолынан келер қайран шамалы болып тұр.
Ақмола облысы