Экологиялық ахуал басты назарда
Экологиялық ахуал басты назарда
616
оқылды
Жақында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің төрағалық етуімен «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысында «Оператор» РОП қызметі және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қоршаған ортаны сауықтыруға байланысты жол картасында көрсетілген іс-шаралардың атқарылуы туралы есеп тыңдалды. Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов көпшілікті Экологиялық кеңестің жаңа құрамымен таныстырып, елдегі экологиялық ахуал туралы қысқаша шолу жасады. «Экологиялық кеңес былтыр 100-ден астам отырыс өткізді, оның бесеуі рес­пуб­ли­калық деңгейде ұйымдастырылды. Сол бойын­ша орталық және жергілікті ат­қару­шы органдарға 600-ден астам ұсыныс ен­­гізілді. Өңірлік мәселелерді шешу ке­зін­де шұғыл әрекет ету үшін 17 аймақтық мобильдік топ құрылды. Кеңес отырысы­ның материалдары бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 700-ден астам ма­териал жарияланды», – деп Е.Абақанов 2021 жылғы атқарылған іс-шаралар тура­лы баяндап берді.

Утилизациялық алым бюджетке аударылуы тиіс

Күн тәртібінде көтерілген алғашқы мә­селе – «Оператор» РОП қызметі бойын­ша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бре­кешевтің есебі тыңдалды. Утильалым бағасы көлік құралының түріне байланысты 437 мың теңгеден 5,9 мил­лион теңгеге дейін жетеді. Ал өрке­ниет­ті елдерде мұндай алымдар біздің ақ­­­шаға шаққанда 100 мың теңгеден ас­пайды. Кейбір мемлекеттерде тіпті ескі кө­лікті өңдеу зауыттары өндірістік шы­ғын­­ды өтерлік төлем шегінде-ақ жұ­мыс іс­тейді. Қалыптасқан жағдай көпшіліктің қын­жылысын тудырып, бірқатар қала­лар­да ол наразылық шерулеріне ұласты. Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­мет­ке утильалымның құнын төмендету жә­не оны жинау құқын жекеменшік ком­па­нияға емес, мемлекетттік органға ауыс­тыру тапсырма берген болатын. Сөйтіп «Жасыл даму» АҚ ақпан айы­нан бастап утильалымды жинауға кірісті. Ал ақпанның соңында вице-премьер-ми­нистр Роман Скляр Қазақстанда авто­мо­биль­дер мен ауыл шаруашылығы техни­ка­сының утильалымы 50 пайызға азаяты­нын мәлімдеді. Қазір «Оператор» РОП-тың шотына жинақталған қаражатты «Жа­сыл даму» АҚ-ның теңгеріміне ауыс­тыру процестері жүріп жатыр. Әйтсе де, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұр­ғанов бұл қадамның да мәселені тү­бегейлі шеше алмайтынын айтады. Ол утильа­лым салықтың бір түрі екенін, сон­дықтан оның «Жасыл даму» АҚ-ға да, бас­қа да жекеменшік компанияға емес, ті­келей бюджетке түсуі керегін айтты. Де­путат ол үшін Экологиялық кодекске өз­герту енгізіп, утильалымнан жиналған ақ­шаны тек қоршаған ортаны сауықтыруға ған­а жұмсауға рұқсат беретін бап енгізу қа­жет деген пікірде.

Ауа сапасы жақсарады

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Нұр-Сұл­тан және Алматы қалаларындағы күрделі экологиялық жағдайға арналды. Ми­нистрлік 2020-2021 жылдар ара­лы­ғында негізгі экологиялық проблемаларды тал­қылау бойынша халықпен бірнеше кез­десу өткізген. Соның негізінде эко­ло­гиялық жағдайды жақсартуға, яғни ат­мос­фералық ауа сапасын арттыру, ауа ай­на­лы­мын жақсарту, газдандыру, көгалдан­дыру шараларына байланысты Жол кар­тасы бекітілді. Министр Серікқали Брекешевтің ай­туын­ша, Алматы қаласындағы 2-ЖЭО жә­не 3-ЖЭО қазандықтарын газға ауыс­тыру жөнінде шешім қабылданған. Сол ар­қылы қоршаған ортаға тигізетін кері әсер­ді барынша азайтып, 2-ЖЭО жаң­ғырту жобасын іске асыру қолға алынған. Бұл зиянды шығарындыларды 83 пайызға, яғни 37,8-ден 6,0 мың тоннаға дейін қыс­қартуға мүмкіндік береді. Атмосфераға зиянды шы­ғарын­ды­ларды азайту үшін Алматыда дизельді отын­мен жүретін қоғамдық көліктерді са­тып алуға тыйым салынған. Сонымен қа­тар жаңадан 335 электр және газ ав­тобустары алынған. Және жанармай құю стансаларындағы отын сапасы мен ав­то­кө­ліктерді техникалық байқаудан өткізуге қойылатын талаптар күшейтілді. Қалаға кіру-шығу жолдарында 21 «Сергек» жүйе­сі бекеттері және 19 экопост орнатылған. Олар Алматы қаласының Полиция де­пар­таментіне шығарындыларды тіркеу және деректерді беру үшін «Сергек» жүйесімен біріктірілген. Қолданыстағы заңнамаға ағаштарды заң­сыз кесу ережелері бойынша өзгерістер ен­гізілді. Енді ағаштарды заңсыз кескен адам­ның жиырма және отыз есе мөл­шерін­де өтемақы төлеп, ағаш отырғызуы мін­деттелген. Ол бойынша әкімшілік жа­за бес есеге дейін қатаңдатылған. Ал Батыс Қазақстан облысындағы эко­логиялық кеңестің мүшесі Дархан Сүн­детқалиұлының айтуынша, өңірде кей­біреулер заңды белшесінен басып, ерек­ше қорғалатын немесе парктік ай­мақ­тардағы жер телімдерін жекеменшікке сатып алған. Қазір олар жасыл желекті ая­май отап, ағаш-талдан босаған орынға құры­лыстар салып жатқан көрінеді. Бел­сенді осы заңсыздықтарға тыйым салыну керек деп санайды. Тағы бір айта кетерлігі, жаңа Эколо­гия­лық кодексте табиғат қорғау шарасы бойын­ша жергілікті атқарушы билікке бір­шама еркіндік берілген. Мәселен, әкім­дер енді атмосфералық ауа нашар­ла­ған жағдайда елді мекеннің ішіне көлік кіруі­не шектеу қоюға, ал қолайсыз метео­жағ­дайлар туындаған кезде ластаушы зат­тардың шығарылуын реттеу жөнінде уа­қытша шаралар енгізу өкілетіне ие бол­ды. Қоршаған ортаның күрделі жағдайына бай­ланысты мұндай жиындарды «AMANAT» партиясы жанындағы Эколо­гия­лық кеңес тек Орталық аппарат кең­се­сінде ғана емес, жергілікті жерлерде де өт­кізіп тұратын болып келісті.