Еуразия ұлттық университетінде халықаралық конференция өтті
Еуразия ұлттық университетінде халықаралық конференция өтті
200
оқылды
ЕҰУ-да «Ежелгі және ерте ортағасырлық түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті Бүгін Еуразия ұлттық университетінде ежелгі түркі жазуы күні аясында «Ежелгі және ерте орта ғасырлардағы түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияға отандық түрколог ғалымдар мен Түркия, Ресей, Корея және Монғолия сарапшылары қатысты. Сондай-ақ, іс-шара белгілі түркітанушы, ЕҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлының 75-жылдығына арналды. конференция Конференция түркі халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға және түркітілдес мемлекеттердің мәдени интеграциясын дамытуға, сондай-ақ түркологияның өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды. Іс-шараны ашқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. конференция «Сіз Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығын құрып, Түркі жазуы тарихы мұражайының ашылуына үлес қостыңыз. Сіз түркі халықтарының баға жетпес рухани байлығы саналатын ежелгі дереккөздерді зерттеуде үлкен жұмыс атқардыңыз. Оның арқасында бүгінгі ұрпақ тас мүсіндерде, соның ішінде Күлтегін ескерткішінде қалдырылған ата-бабаларымыздың жазбалары мен өсиеттерін біледі. Орхон ескерткіштері атласының монографиясы ғалымдар арасында жоғары бағаланды. Бүгінде Ұлы дала өркениетіне және оның жетістіктеріне деген қызығушылық артып келеді. Сіздің ізбасарларыңыз жоғары жеңістерге жетіп, еліміздің даңқын арттыруын тілеймін. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір және бақыт тілеймін», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. конференция Проректор Дихан Қамзабекұлы Ғылыми кеңестің шешімін жеткізе келіп, Қаржаубай Сартқожаұлын университеттің құрметті де ең жоғары наградасы – «Гумилев» медалімен марапаттады. Конференция аясында ҚР ҰҒА академигі Оразақ Исмағұлов пен профессор Айнагүл Исмағұлова, Хакас тіл, әдебиет және тарих ғылыми-зерттеу институтының профессоры Алексей Нилогов, ғалымдар Зейнолда Самашев, Нұрлан Атығаев, Марат Әбсеметов және т.б. ғылыми баяндама жасады.