Қазақстанның барлық өңірінде жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
Қазақстанның барлық өңірінде жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
© sn.kz
2025 жылға дейін «Отбасы» банкінің жеңілдетілген ипотекасы бағдарламасы бүкіл Қазақстанды қамтиды. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлім етті, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Вице-премьердің айтуынша, "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасында барлық тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жас отбасылар үшін 25%-дық квота енгізу көзделген.
"Барлық өңірде 2025 жылға дейін әкімдіктермен бірлесіп, "Отбасы банктің жеңілдетілген ипотекасы бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары үш қалада – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін осындай бағдарламаларды басқа өңірлерде де іске қосу жоспарда бар", – деді Ералы Тоғжанов.
Ол 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға 7000 арендалық пәтер берілгенін айтты. 2025 жылға дейін тағы 12 мың баспана беру жоспарланған. Жыл соңына дейін арендалық тұрғын үй беру ережесіне өзгеріс енгізіледі. Дәлірек айтқанда, жастар үшін ай сайынғы табысты растау талабы 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін (127 200 теңгеден 79 500 теңгеге дейін) төмендетіледі. Тоғжановтың пікірінше, бұл жастардың арендалық үй алуға деген мүмкіндігін әжептәуір кеңейтеді. Бұған қоса, үкімет 2025 жылға қарай "Отбасы банктің" жинақтаушы депозиттерінің санын 500 мыңнан (250 млрд теңге) 800 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.