Атырау полициясы Құлсары қаласының бұрынғы әкіміне қатысты тергеуді бастады. Қазір Қаржау Шарғабаевтың жүрген жерін анықтау іс-шарасы атқарылып жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін, 20 мамырда Атырау қаласындағы «Көктем» шағын ауданында белгісіз адамдар өзін Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаев деп таныстырған азаматты полиэтилен орамадағы ақ түсті ұнтақпен ұстап алғаны туралы видео таратты. Видео авторы ақ ұнтақтың есірткі заты екенін айтады. Аталған дерекке қатысты Атырау қалалық полиция басқармасының №2 бөлімі ҚР Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдарын бастады. Қазір Жылыой ауданының 41 жастағы тұрғыны Қаржау Шарғабаевтың жүрген жерін анықтау үшін арнайы іс-шара жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.https://www.youtube.com/watch?v=ASZ8y7-zjwk&t=19s Кейін Facebook желісінде Қаржау Шарғабевтың 19 мамыр күні Томарлы ауылында белгісіз 7-8 адамның өзін ұрып-соғып, телефонын тартып алып, қорқытып видеоға түсіргені туралы бейнеүндеуі жарияланды.
Бұған дейін Құлсарының экс-әкімінің есірткі тасып жүрген видеосы тарап, полиция департаменті тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.