Жастардың жайы жан-жақты қаралды

Жастардың жайы жан-жақты қаралды

Сенатта «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Шараға қатысушылар еліміздің жастар саясаты мәселелерін жан-жақты талқылады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев шараны ашып, жастар жаңғыртудың басты қозғаушысы, ел Президенті тұжырымдамасын ұсынған Жаңа Қазақстандағы жаңару көзі екенін атап өтті. Төраға қаңтардағы оқиғалар қазіргі жастар саясатын түбегейлі қайта қарауды талап еткеніне тоқталды. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы жағдайы жасалмаған жастардың проблемасы қаншалықты өзекті екенін көрсетіп берді. Сол кезде көшеге шыққан жастардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы және табысы болмағаны белгілі. Осындай жастарымызды әртүрлі деструктивті күштің қаншалықты оңай пайдаланып кете алатынын да көрдік. Бұл біздер үшін ең маңызды сабақ болды және жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдығына айналды», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенат Төрағасы шұғыл, жүйелі және кешенді шешімдерді талап ететін бірқатар өткір әлеуметтік- экономикалық мәселеге де тоқталды. Бірінші кезекте ол сапалы білімге қол жеткізу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, қалалық және ауылдық мектептердегі білім сапасы арасындағы алшақтық мәселесі жасырын емес. Мұны ҰБТ нәтижелері көрсетіп отыр. «Пандемия кезінде интернетке қолжетімділік қала мен ауылда біркелкі болған жоқ. Оның салдары алшақтықтың тағы да ұлғаюына әкеліп соқтырды. Ал сапалы білімнің тең дәрежеде қолжетімді болмауы әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себептерінің бірі екені сөзсіз», – деді Палата Төрағасы. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді. «Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12 пайызы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенат Төрағасы сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдау жөнінде нақты әрі пәрменді саясат жоқ екенін мәлімдеді. «Жастар өз бизнесін ашудан бас тартудың себептерін 32 пайыздық бастапқы капиталдың жоқ екенін және 18 пайыздық өзіндік бизнесті құру үшін білімнің жетіспейтінін айтады. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды, оларға қомақты бюджет қаражаты, оның ішінде «Атамекен» ҰКП желісі бойынша да бағытталады», – деді Мәулен Әшімбаев. Шара барысында жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыру мәселелері де көтерілді. Парламенттік тыңдау барысында Премьер-Минис­трдің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар, проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы айтып берді. Сенаторлар, жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері жастар саясатына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Шара аяқталғаннан кейін бірқатар ұсыным әзірленді, олар шешімді қарау және қабылдау үшін Үкіметке жіберілетін болады.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ