Фермерлердің мәселесі бастан асады

Фермерлердің мәселесі бастан асады

Аграрлық саладағы кәсіпкерлікте ілгерілеу барын байқап отырмыз, бірақ әлі де бірқатар проблема бар. Оның бәрін Үкіметпен бірге шешуге дайынбыз. Ал енді мәселелерге келсек. Біріншіден, кәсіпкерлерге қаржы қолжетімсіз, фермерге несие алу қиын. Өйткені фермерлердің кепілге қоятын мүлкі төмен бағаланады. Кредит берудің мерзімі ұзақ, оның үстіне аграрлық саланы қаржыландырудың шектеулі лимиттері бар. Мысалы, оңтүстік өңірлерде сабан мен қамыстан салынған үй өте көп. Оны банктер кепіл ретінде қабылдамайды. Фермерге жылжымайтын мүліктің нарықтық құнының 30 пайызын ғана береді, ал сатып алынатын ірі қара мен жылқы өтімсіз кепіл болып тұр. Елді мекендердің қашықтығы фермерлердің қаржыға қол жеткізуін тіпті қиындатады. Мысалы, Алматы облысы Балқаш ауданының Балатопар ауылынан облыс орталығына дейін 500 шақырымнан аса жол жатыр. Несие алу үшін фермерлер Талдықорғанға бірнеше рет баруға мәжбүр. Сонымен қатар қаржы институтының қызметкерлері қосымша құжаттарды сұратуға құқылы, соның әсерінен фермер тағы бірнеше рет облыс орталығына қатынап, сабылады. Бұл мәселені шешу үшін кепілдік мүлікке қойылатын талаптарды қайта қарап, процестерді мүмкіндігінше автоматтандырып, процестерді синхрондап, негіздерді біріктіру қажет. Екіншіден, ветеринария. 2011 жылы іске қосылған ет экспортының әлеуетін дамыту жөніндегі бағдарлама бүгінде елге шамамен 200 мың ірі қара мал басын әкелуге мүмкіндік берді. Мал импортымен бірге жаңа аурулар келді, бұл елдегі эпизоотиялық жағдайға әсер етті. Республикада ауылдық ветдәрігерлердің тапшылығы да жағдайды ушықтырды. Бүгінде салада 9 мыңға жуық ветдәрігер жұмыс істейді, ал тапшылық екі есе көп. Ветеринария – ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі. Сол үшін осы жұмысты жандандыруға басымдық берген жөн. Үшіншіден, суармалы судың жетіспеушілігі. Фермерлердің, әсіресе оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлердің тағы бір бас ауруы. Сарапшылардың бағалауы бойынша, суару кезінде судың 40 пайыздан астамы жоғалады, себебі су шаруашылығы инфрақұрылымының тозған (магистралды және шаруашылықішілік каналдар, дренаждық жүйелер, су қоймалары). Қазір республикада бар суармалы жерлердің 15 пайызына ғана су үнемдеу технологиялары орнатылған. Су үнемдеу технологиясын орнату үлкен қаржыны талап етеді, мысалы 1 гектар жерді тамшылатып суаруға шамамен 700-800 мың теңге қажет, бұл қарапайым фермер үшін тиімді емес. Су өнімділігін оңтайландыруға, көрші елдердің су жіберуін, сондай-ақ өнімділікті арттыру үшін мемлекет орындалуын ерекше бақылай отырып, суару жүйелері мен су қоймаларын салуды, реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды күшейтіп, фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған қаражатпен қамтамасыз етуі қажет. Төртіншіден, саланың тиімді­лігін ауыл шаруашылығы техникаларының ескіргені тежеп отыр. Техникалардың 80 пайызы тозған. Барлығы техникасын жаңарта бермейді. Көптеген ұсақ фермер тіпті отандық ауыл шаруашылығы техникасын да сатып ала алмайды, ал импорттық ауыл шаруашылығы техникасына енгізілген утильалым техниканы жаңартуға тіптен кесірін тигізді. Бүгінде фермерлер өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде оның құнына қосымша 7 млн теңгеге дейін утильалым төлейді. Оның үстіне, фермерлер 12 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығын төлейді. Мұның бәрі фермерлердің көпшілігі үшін ауылшаруашылық техникаларын мүлдем қолжетімсіз етті.