Экстремалды спорт түрі саналатын скейтбордингпен тұрақты түрде шұғылданатын спортшыларды қала көшелерінен ішінара болса да кездестіріп қалатынымыз бар. Олардың дені жас жеткіншектер екенін аңғару қиын емес. Әрі мұны олимпиадалық спорт қатарына енген кәдімгі көше спортының біздің елде ақырындап дамып келе жатқанының белгісі деп топшыладық.
Жалпы, Скейтбординг федерациясы Қазақстанда бертін келе құрылды. Аз уақыт өтсе де, спортшылар түрлі халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік алып, алыс-жақын шетелдерге шығып үлгерді. Қазақстанда скейтбордингтің дамуына жеткілікті деңгейде жағдай жасалмағанымен, осы спортты жанына серік еткендер барға қанағат етіп, өз жағдайын өздері күйттеп жүр.
Отандық скейтбордшылар жаттығуға арналған кәсіби скейт жабық ғимараттарының жоқтығы сүйікті спортымен шұғылдануға кедергі келтіретінін айтады. Олардың сөзінше, қазіргі скейт алаңдары кәсіби мамандардың пікірін ескермей салынған әрі жаңадан бастаған скейтбордшыларға ғана жарамды. Ал Қазақстан Скейтбординг федерациясы алдағы уақытта жабық және ашық түрдегі скейт алаңдарын көбейтуді көздеп отыр.
Астаналық жас скейтбордшы Альфируз Эшматов Қазақстан бойынша жақсы скейтпарктер жеткіліксіз екенін атап өтті.
– Бізде жақсы скейтпарктер жоқтың қасы. Бас қаламыздың өзінде де жаттығу алаңдары аз. Үш-төртеуі ғана бар, бірақ олардың өзі сапалы емес. Сол себепті спортшыларға көбіне көшеде жаттығуға тура келеді. Одан скейтбордшылар жиі жарақат алатыны айтпаса да түсінікті. Өзге қалаларға қарағанда Алматыда скейтбордингпен айналысатын жастарға жақсы мүмкіндік мол. Федерация құрылғалы бері Римге, Қытайға, Ресейге және басқа да елдерге барып, халықаралық жарыстарда бағымызды сынап көрдік. Олимпиадалық спорт түріне енгелі бері бізде бұл спорт түріне жақсы көңіл бөлініп келеді. Қызығушы жастардың саны да артты. Енді скейт алаңдарының деңгейін көтеру керек. Сапалы әрі заманауи скейт алаңдары көптеп салынса деген тілегіміз бар, – дейді Альфируз.
Мақала жазу барысында бұл спорт түрінің даму барысынан бөлек шығу тарихына да зер салып көрдік. Негізінен, скейтбордингті серферлер ойлап тапты деген деректер бар. Олар теңіздегі толқын тыншыған кезде бос жүрмеу үшін, серфингтің құрлықтағы баламасын жасамақ болған. Бір қызығы, әлемдік скейтбординг географиялық шеңберде кең таралмаған. Көш басында Америка, Бразилия және Жапония елдерінің спортшылары тұр. Қазақстан да көп ел секілді скейтбордингті дамытуды енді қолға алып жатыр. Оның өз себебі бар. Скейтбординг спорты олимпиада тарихында бірінші рет былтырғы Токио Олимпиадасына қосылды. Күншығыс еліндегі әлемдік бәсекені ұйымдастыру комитеті құзға өрмелеу спорты мен скейтбордингті олимпиадаға жастардың қызығушылығы мен құлшынысын арттыру үшін енгізгенін алға тартты. Енді екі жылдан соң 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында алауы тұтанатын олимпиада ойындарында скейтбордшылар стрит пен парк түрлерінен сынға түседі.
Скейтбордингтің ерекшелігі мен артықшылығы туралы скейтбордшы Әділ Қасенов айтып берді.
– Бұл спорт түрі батылдық пен шеберлікті қажет етеді. Скейдбординг сонысымен ерекше. Заманауи скейтбординг бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтар болсақ: стрит, верт, пул скейтинг, шағын рамп және парк скейтинг. Әлемде стрит скейтбординг аса танымал деп айтуға болады. Ал әйгілі «Олли» трюгі қазіргі скейтбордингтің негізі саналады. Бұл трюк қолды тақтайға тигізбей орындалады. Жалпы, скейтбординг тарихындағы ең қиын трюк – 900 градусқа секіру екенін атап өтпеске болмас. Бұл трюкті 1999 жылы даңқты скейтер Тони Хоук орнатты. Кейін ол 13 жыл бойы өз рекордын қайталай алмады. Скейтбордингтегі ең биік секіру нәтижесі – 5 метр. Ал ең алысқа секіру – 16 метр, 11 сантиметрді құрайды, – дейді спортшы.
Иә, скейтбординг еріккен көше балаларының ермегі сияқты көрінгенімен, қазір бұл ресми спорт түрі саналады. Әрі бұл спорт түрінде ерте жастан халықаралық жарыстарға, ең бастысы олимпиадаға қатысуға рұқсат берілген. Өткен жылы өткен төртжылдықтың басты додасында жарыс қожайындарының атынан сынға түскен 13 жастағы жапониялық скейтбордшы Момидзи Нисия олимпиада алтынын жеңіп алды. Бұл өзге елдің скейтборшыларына үлкен мотивация болды. Қазір біздің жас скейтбордшылар да алдағы олимпиада ойындарына қатысуды мақсат тұтып отыр. Ол үшін бізге бірінші кезекте скейтбордингпен айналысатын спортшыларға жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетіліп, қысы-жазы экстремалды спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалынуы керек. Скейтбордингті жанына серік еткен жас спортшылар әр қалада төбесі жабық скейтпарктердің көптен салынуын, қысы-жазы сол нысандарда алаңсыз жаттығу жасауды армандайды. Бұл мәселе жоғарыдағы шенділердің назарын аудартса, біздің елден де даңқты скейтбордшылар шығарына күмән жоқ.