Бұрын массажды тек төсекке таңылған, арнайы қажеттілігі бар адамдарға ғана жасайтын еді. Соңғы кезде дүниеге жаңа келген сәбиден бастап, басы ауырып, балтыры сыздағандардың барлығы жаппай массаж жасататын болды. Ал сұраныс бар жерде ұсыныс та қатар жүреді. Сәйкесінше, қоғамда 10 күн массаж курсын оқып, оңды-солды қызмет көрсететін пысықайлар да пайда болған. Қазір сәбилер арасында аяқ пен мойынның қисық бітуі жиі кездеседі. Сондай-ақ дисплазия, яғни, жамбас буынының әлсіз болып туылуы дендеп тұр. Статистикаға сүйенсек, өткен ғасырларда аурудың бұл түрі мыңның ішінде 3-4 балада ғана кездессе, бүгінде ол көрсеткіш әлдеқайда жоғарылаған. Бала перзентханада дүниеге келген сәтте сәбиде дисплазия бар-жоғын неанатолог дәрігер анықтайды. Осылайша, ата-ана баласын ерте бастан емдеу үшін массажға жүгінеді. Ал бір жасқа толмаған балаға массаж дұрыс жасалмаса, өміріне қауіп төнуі мүмкін. Тәжірибелі мамандар өз әріптестерін ақша үшін баланың тағдырымен ойнамауға шақырады. Өйткені бүгінде бірнеше күн оқыған курсынан кейін бүлдіршіндерге арналған уқалау курсын ашып алатындар көбейген. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың айтуынша, массаж жай ғана сипалау емес. Оның әртүрлі тәсілі бар. Ең болмағанда массаж курстарын фельдшер, медбике сияқты арнайы білімі бар адамдар оқығаны дұрыс. Себебі олар адамның анатомиясын біледі. Сондай-ақ дене температурасы артқанда, ЖРВИ-мен, іріңді процестермен, конвульсиямен ауырғанда, қан кету жағдайы бар кезде, диатеза және терінің көріністері бар басқа да аллергиялық реакциялар кезінде массаж жасауға болмайды. – Медициналық дайындығы жоқ адамдар 12 күн курс оқып, ақша табады. Бұл дұрыс емес. Білімі жоқ мамандар көп баланың денсаулығына зиян келтіреді. Ақырын уқалайтын өте нәзік аймақтарға қолын батырып жіберуі мүмкін, – деді Жұпар Наханова. Ал 20 жыл массаж саласында қызмет етіп жүрген дәрігер Айгүл Ахметова тек медициналық білімі бар мамандарға массаж жасауды үйретеді. Бірақ оған «сертификатты сатып алса бола ма?» деп хабарласатындар көп екен. Оның айтуынша, бір жасқа толмаған баланың денесі, сүйектері өте нәзік болады. Массаж жасаған кезде сол сүйектердің зақымдануы мүмкін. Бұлшықеттердің тонустары да әртүрлі. – Бұлшықеттің бос болуы гипотонус деп айтылады. Оған массаж жасаған кезде уқалаудың негізгі әдісі басымдырақ болады. Ал гипертонуста ол терінің бетімен өтеді. Міне, осы сияқты әдістерді білмесе, массаж балаға зиянын тигізеді. Маған біліксіз маманнан опық жеп, денсаулығымды қайта дұрыстап беріңізші деп келетіндер де көп, – дейді Айгүл Ахметова. Массаж дұрыс жасалса, сәби денсаулығын жақсартады. Ол нәрестенің қан айналым жүйесін реттеп, бұлшықетін қатайтады. Ал сапасыз жасалған массаж баланың денсаулығына зақым келтіреді. Дегенмен кішкентай пациенттерге дер кезінде массаж жасаудың арқасында отаға жүгінетіндердің саны 70-80 пайызға азайған. Үй жағдайында ата-аналар бір жасқа дейінгі балаларына күнделікті 10-12 минут массаж жасаса жеткілікті. Алайда мамандар аса сақтық таныту керек деп есептейді. Ал медицинада сәбиге 20-30 минут аралығында емдік уқалау шаралары қолданылуы тиіс. Бала денсаулығы ойыншық емес Нарықта массаж маманына сұраныс жоғары. Сондықтан да екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар 10 күндік массаж курсын оқып, ақылы қызмет көрсетеді. Негізінен, танымал орталықтарда курс бағасы 200-300 мың теңгеге бағаланады. Елорда тұрғыны Әйгерім Болатханова қосымша табыс табу үшін екі апталық курсты 95 мың теңгеге оқыған. – Курсты медицина саласының маманынан оқыдым. Балалар массажымен айналысып жүргеніме 1 жылдай болып қалды. Педиатрлар балаға 3,6,9,12 айында профилактикалық массаж алуға кеңес береді. Сол үшін профилактикалық массажға жазылатындар көп. Одан бөлек, гипертонус, гипотонус, дисплазия, кривошеямен де келеді,– дейді Айгерім Болатханова. Оның айтуынша, ДЦП, аутизм сияқты ауыр диагноздармен жұмыс істейтін массаж маманы бар. Бірақ бұған медициналық білім қажет, сол үшін ондай балаларды массажға кез келген маман қабылдамайды. Қазір ата-аналарға баласын сүйреп орталыққа барып, кезек күткенше, массаж мамандарын үйге шақырып ем-дом алу тиімді. Қызмет көрсету сапасына қарай массаж бағасы да әртүрлі. Орталықтарда 2 500 теңгеден басталса, үйге келіп жасау 4 000 теңгеден басталады. Енді есептеп көрейік. Қазір дүние есігін ашқан әрбір үшінші балаға дисплазия диагнозы қойылады. Ал бұл балалар 10 күн бойы үзбей кемі 3-4 сеанстан ем алуы керек. Қарап тұрсаңыз, қып-қызыл ақша. Ата-ана сәбиі үшін аузынан жырып массажға апарады. Ал массаж жасайтын адамдар бірнеше күндік курстан кейін өздерін «білікті маман» санап, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлайды. – Медициналық білім массаж жасайтын адамға қажет емес. Массаж жасау бұл да бір талант. Оған қабілет, қолының икемі, балаларға деген махаббат керек. Біз алдын ала аналардан бала ауырып жүрген жоқ па, екпені соңғы рет қашан алды, өзге ауыратын жерлері бар ма деп сұрап аламыз,– дейді Әйгерім Болатханова. Жалпы, массаж маманын таңдағанда оның лицензиясы мен тәжірибесіне қарау қажет. Балалардың денсаулығына салғырт қарап, бару керек екен деп ортанқол маманға жүгіретін ата-аналар көп жағдайда опық жеп жатады. Бұл ата-ананың білімсіздігінен де болуы мүмкін. Өйткені қазір қаптаған массаж маманының арасынан біліктісін табу қиын. Медициналық білімі болмаса да, массаж жасауды бизнес көзіне айналдырып, ақша тауып отырғандар да баршылық. Заң алдында жауап береді Соңғы кезде шақалақ сәбиді шырылдатып, ойына не келсе соны дұрыс санап, баланы қолында ұршықша иірген массаж мамандарының әрекеті әлеуметтік желіде қаптап кетті. Мұндай жағдайда дәрігер Қайырғали Қонаевтың айтуынша, ерте жастан балаға массаж жасаудың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Аналар баласына массаж жасау керек деп ойлайды. Көп жағдайда өздері массаж жасайды. Не кез келген массаж маманына сене береді. Уқалау кезінде сәбидің сүйектері мен өзге де ағза мүшелері жарақаттануы мүмкін. Дәрігер өзі көзімен көрген оқиғаны айта кетті. – Елордада 6 айлық бала массаждан соң қатты ауырды. Анасы дені сау баланы маманға алып барады. Баланың мойнын уқалап жатқанда аздаған сықыр естіледі. Осыдан соң бала бақырып жылайды. Массаж жасаушы балаға енді массаж керек емес деп шығарып салады. Ол кетісімен, баланың аяғы істемей, кейін қолын көтере алмай қалады. Ақырында ауруханаға түсіп, аппаратпен тыныс алып екі ай уақыт жатты, – дейді дәрігер. Көп жағдайда қате жасалған массаж бала түгіл ересек адамдарға да кері әсерін тигізеді. Медициналық тексерістерден массажда алған кінәратты анықтау қиын. Адвокат Меруерт Қойайдаровның айтуынша, маманның кінәсі анықталса, заң алдында жауап береді. – Заң бойынша, массаж жасайтын маманның медициналық біліктілігі болуы керек. Массаж жасаған адам өзінің жұмысын тиісті деңгейде атқармай балаға қандай да бір жеңіл түрдегі жарақан келтіретін болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы заңының 73-бабы 1-бөлігі бойынша 15 тәулікке дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер де балаға қасақана орта дәрежедегі жарақат келтіретін болса, ол Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі бойынша 2 жылға дейін бас боспандығынан айырылады. Ал абайсызда жарақат келтіретін болса, Қылмыстық кодекстің 114-бабымен 20 тәулікке қамау қарастырылған, – дейді Меруерт Қойайдарова. Дипломсыз маман атанғандардың табысын түгендейік деп отырған жоқпыз. Олардың салғырттығынан сәбилер жапа шекпесе, аналар жыламаса екен дейміз. Сәби мен анадан бұрын массажистерге сенім артқан жандардың да денінің саулығы маңызды. Сондықтан саңырауқұлақтай қаптаған сапасыз массаж мамандарына арнайы реттеу енгізу керек. Әйтпесе, адам денсаулығын ойыншыққа айналдырғандар көбейе берері анық.