Жуырда белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романының желісі бойынша түсірілген фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл туынды ХХ ғасырдың басындағы қазақтың бастан кешкен ең ауыр трагедияларының бірі – ашаршылық тақырыбын қозғаған. ХХ ғасырдың басында қазақ бірнеше аштықты бастан өткерді. Бұл фильм сол бір зобалаң жылдардың қасіреті туралы, туған ауылын тастап, шетке үдере көшкен қазақ жұртының тарихын суреттейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап, босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарас қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» дегені есімізде. Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін зерттеп-зерделеу жұмыстары басталды. Ұлттық қасіретті естен шығармаған да абзал. Оның бір бейнесі тарихи фильмдерден көрініс табуы тиіс. Осы орайда «Ақ боз үй» романының фильмге айналуы да заңдылық. «Шын мәнінде, біз тарихымызда талай қиындықты бастан кешкен халықпыз. Бірақ соның ішінде дәл осы ашаршылықтың зардабы ұлт жүрегіне өшпестей жара салды. Алапат нәубеттен қазақтың жартысына жуығы құрбан болды. Тағы бір бөлігі шекара асып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Біз басымыздан өткен осындай қасіретті кезеңді ешқашан ұлт жадынан шығармауымыз керек. Әсіресе, жас буынға тарихымызды дәріптеп, келер ұрпаққа нақты мәліметтер мен деректерге негізделген зерттеулер қалдыру – басты міндет. Бұл – бабалар рухы алдындағы перзенттік борышымыз. Ашаршылықтың ақтаңдақтарын ашу арқылы біз тарихи санамызды дамытамыз. Ал тарихи жадыны жаңғырту – тәуелсіздігімізді нығайтып, елдігіміздің тұғырын биіктете түсетін қадам» деген еді Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев фильмнің тұсаукесер рәсімін- де. Еврей халқы жыл сайын Аза тұту күнінде қырылған 6 миллион еврейді аза тұтып, бір минут үнсіздікпен еске алады. Ашаршылық жылдары қаншама қазақ аштан өлді. Сол аштан қырылған қазақты бір минут үнсіздікпен еске алып көрдік пе? 31 мамыр – Аза тұту күнінде бір минут үнсіздік жариялау қажет секілді. Сонда ғана зобалаң жылдардың қасіретін іштей сезініп, жадымызбен түйсінетін боламыз. Ал «Ақ боз үй» қазақ киносының қатарына енді қосылып жатыр. Бұл фильм алдағы уақытта көрермен тарапынан жоғары бағасын алып, тарихымызды тануға өз үлесін қосады деген сеніміміз мол.
Айым БЕКТҰР