Бүгінде білім бәсекесі қызып тұр. «Сұлу» статистикаға сүйенген қазіргі қоғамда шенділер де барлық жұмысты ысырып қойып, оқу жылын ойдағыдай аяқтауға барын салып жатыр. Ол үшін, әрине түлектер ҰБТ-дан жоғары балл жинап, «Алтын белгілерін» ақтап шығуы керек. Осы арқылы облыстың абыройы асқақтап, әкімдердің де беделі биіктейді.Үміттен гөрі үрей басым
Жамбыл облысы Білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл өңірдегі 365 мектепті 11 764 оқушы тәмамдамақ екен. Оның 2 701-і Тараздағы 56 білім ордасына тиесілі болса, шаһардағы 2 145 оқушы ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр. Қалған 556-ы түрлі себептермен тестен бас тартқан. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 25 қаңтары мен 22-ақпаны аралығында UStudy орталығында өткен тестке 1 494, 4-31 наурыз аралығындағы сынаққа 1 659 талапкер қатысып, оқушылардың орта балы 74,5 пайызды құраған. Бұл әрине алақайлайтын көрсеткіш емес. Бір ғана Тараз қаласын есепке алсақ, былтыр оқушылар ҰТБ қорытындысы бойынша 89 пайыздық көрсеткішті діттеген. Биыл бұл меже бағынбай отыр. Тараз қаласы әкімдігінде өткен жиында шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев осы мәселені баса айтып, білім деңгейі көтерілудің орнына төмендеп кеткенін қатаң сынға алды. Оған қоса былтырға қарағанда балалардың білім деңгейі 1 пайызға төмендегені де ҰБТ-ға деген үміттен гөрі үрейді үдетіп тұр.
Әкімдердің жұмысы «Алтын белгі» санымен өлшенетін болды
Биыл 490 оқушы облыста «Алтын белгіге» үміткер. Алайда «Алтын белгіні» алу қиындай түскенін ескерсек, қазір мектеп директорларының шарадай басы шақшадай болып тұр. Себебі оқушысы үмітті ақтай алмай қалса, ең бірінші мектеп басшылығы жазаланбақ. Мұндай жүйенің білім сапасын қаншалықты жақсарта алатынын отыз жыл өмірін ағарту саласына арнаған ардагер-ұстаз Қарлығаш Бекхожаевадан сұраған едік.
– 2017 жылға дейін «Алтын белгі» төсбелгісі ҰБТ нәтижесіне байланысты министрдің арнайы бұйрығымен тағайындалып келді. Кейін неге екені белгісіз, тестілеудің жаңа форматын алға тартып, бұл марапатты мектеп ұжымының өзі белгілейтін болды. Бұған басында біраз ұстаздар қарсы шыққан соң сала басшылары «Алтын белгі» алған түлектерге ешқандай жеңілдік қарастырылмайтынын айтып, жаңа бұйрық шығарды. Алайда бұдан жағдай түбегейлі өзгерді дей алмаймын. Керісінше мектеп директорлары «Алтын белгіні» беруге өздері би, өздері қожа болып шыға келді. Содан оны шүленше үлестіре бастады, – дейді ардагер ұстаз.
Қарлығаш Құдайбергенқызының соңғы жылдары «Алтын белгі» иегерлерінің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткеніне де іштей қынжылады.
– Бұрын мектептерде «Алтын белгі» иегері ілуде біреу атанып жататын.
Тіпті, он жылдап, төсбелгі алмаған білім ордалары болды. Қазір бір мектептен 6-7 «Алтын белгі» алғандардың шыққаны былай тұрсын, бір білім ошағы 40 оқушысын «Алтын белгіге» ұсынғанын естіп төбе шашымыз тік тұрды. Содан білім саласындағы жиналыстың бірінде «Алтын белгіні бәріне бірдей тарата салсаңдаршы» деп ұсыныс айттым. Мұным, әрине көпке ұнамады. Алайда беделі биік төсбелгінің құнын осылайша құлдыратып жібергенімізге жаным ауырды.
Тағы бір деректі келтірсем, 2004-2016 жылдар аралығында «Алтын белгінің» ең жоғары дәлелдеу көрсеткіші 48,3 пайыз болды. 2017 жылы бұл көрсеткіш 96 пайызға жетсе, 2018 жылы 98,7 пайызды діттеді. Ал соңғы үш жылда 98-99 пайыз болып, айды аспаннан шығарып тұр. Бұл балалардың білім деңгейінің жоғарылап кеткенін емес, керісінше «Алтын белгіні» алу жеңілдегенін көрсетіп тұр. Себебі төсбелгіге үміткерді мектеп өзі ұсынады және бір сабақтан сайрап тұрса болды қалғанын бестік бағаға өздері әрлеп береді. Бұл «таза бармақ басты, көз қыстының тірлігі», – дейді ұстаз.
Оның айтуынша, мектеп басшыларының бұлай етпеуге де амалдары жоқ. «Себебі қазір облыс пен аудан әкімдерінің жұмысы өңірден шыққан «Алтын белгі» иегерлерінің санымен өлшенетін болды. Содан мектеп директоры әкімнің алдында абыройлы болу үшін біреудің көзі, біреудің өзі жақсы деп «Алтын белгіге» ұсынып, оны төсбелгіге жеткенше жетелейді. Сондықтан «министрліктің «Алтын белгіні» ақтамаған түлек үшін мектеп директорларын жазалау туралы шешімін қолдаймын. Бірақ бұдан да барлық олқылықтың орны толады дегенге сену қиын. Егер «Алтын белгінің» тағдырын министрлік бұрынғыдай тікелей өзі шешетін болса, мектеп басшылығы да, ата-ана да оң-солына бағамдап қарайтын еді», – дейді Қарлығаш Құдайбергенқызы.
Қалтаның қалыңдығы емес, білімнің шынайылығы керек
Биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектептерінде тапсырады. Алайда ҰБТ қорытындысы бойынша үздік белгісін берудің объективтілігі бағаланады. Бұған қатысты «Дарын» мектеп-интернатының мұғалімі, «Үздік педагог» атағының иегері Базарбай Дүйсенбаеваның өз айтары бар.
– Шынын айту керек, жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алу үшін мектеп басшылықтары түрлі қитұрқы әрекеттерге барып жатыр. Соның кесірінен «Алтын белгі» оқушының ерекше төлқұжаты мен білімінің шынайы куәлігі болудан қалды. Құнының түскені соншалықты, соңғы жылдары кім көрінген «Алтын белгі» иегері атанып жатыр. Сондықтан «Алтын белгі» иегерлерінің ҰБТ-да алған балы мектеп қабырғасындағы өзге көрсеткіштерімен салыстырылады деген шешімді қолдаймын. Яғни, «Алтын белгіге» үміткер мектептегі емтиханнан бір, ҰБТ-дағы сынақтан екінші мәрте өз білімін дәлелдеу қажет. Мұндай жүйе қалтаның қалыңдығын емес, оқушылардың білім деңгейінің шынайылығын көрсетеді деп сенемін, – дейді ұстаз.
P.S.Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда ұстаздардың сөзінің жаны бар екенін әркімнің іші біліп отыр. Олардың жанайқайы қаралау емес, жанашырлық деп түсіну қажет. «Алтын белгінің» де құны түсіп кеткенін ешкім жоққа шығара алмас. Оған дәлел өткен жылдың аяғында түлектердің OLX.kz сайты арқылы «Алтын белгілерін» саудаға шығарғанын ел жақсы біледі. Бұдан еш қымсынбаған олар бағасын түрліше қойып, тіпті ашық саудаласуға да көшті. Сонда отыз жылда жеткен еліміздің білім деңгейі осы болғаны ма? Әрине, реформа жасаған жақсы. Алайда одан нәтиже шығып жатса, қанеки? Сондықтан бүгінгі білім саласына реформа емес, революция керек-ау...