Әне-міне дегенше таяп қалған маусымның бесінші жұлдызындағы маңызды күн елдің болашағына оң өзгерістер әкелуі тиіс. Саяси салмақты сәт осы күні бұқара халықтың үмітін үдете түсті. Жалпы, «референдум бізге не береді?» дейтін заңды сауалға жауап табу үшін әлемдік тәжірибені айналып өту мүмкін емес. Осы тұста біз де осыған дейін жалпыхалықтық референдум ұйымдастырған өзге елдердің өткенін шолып көрдік.Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу мәселесі бойынша әлемдік тәжірибеге үңілер болсақ, көптеген демократиялық елді ұшыратамыз. Соның бірі – Швейцария. Тіпті, бұл елде кез келген қоғамға ортақ мәселеде халықтың пікірі мен ұстанымын референдум арқылы анықтайды. Соңғы 170 жылда бұл елде 600-ден астам референдум өткен екен. Қазірдің өзінде осы елдің азаматтары әр тоқсан сайын аймақтық және ұлттық деңгейдегі сан түрлі мәселе бойынша ылғи референдум ұйымдастырып отырады. Әскерден бас тарту жағы бола ма, темекі өнімдері жарнамасын шектеу мәселесі бола ма, бәрі халықтың қалауымен, көптің тілегімен шешімін табады. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындар заңдар мен Конституцияға қатысты түзетулерге де тікелей араласуға құқылы. Ол үшін белгілі бір мерзім ішінде кемі 100 мың адамның қолы жиналуы тиіс. Осының арқасында Үкімет пен шенеуніктердің, жалпы биліктің жұмысы үнемі азаматтардың бақылауында тұрады.
Негізі, әлем елдерінің көбінде мемлекет ішіндегі түйткіл дауысқа салу арқылы шешіледі. Азаматтар бір мәселеге қатысты билікке наразылық көрсетсе, артынша референдум ұйымдастырылады. Мәселен, Чили елінде де биыл қыркүйектің төртінде бүкілхалықтық референдум өтпек. Ел азаматтары жаңа Ата Заңды қабылдау бойынша өз таңдауын жасайды. Бұған себепкер болған 1980 жылы қабылданған Конституциядан бас тарту мақсатында өткен 2019 жылғы көтеріліс. Бұл кезеңде халық теңсіздікке қарсылық көрсетіп, көшеге шыққан еді. Міне, ақыры сол наразылық референдумға түрткі болды. Сондықтан референдум өткізу көп мемлекетке таңсық дүние емес.
Ал кей адамдар демократияның ошағы санайтын Францияда референдумның екі түрі бар. Біріншісі, ұлттық деңгейдегі. Министрлер кабинетінің немесе Парламенттің ұсынысы бойынша, болмаса президентінің бастамасы бойынша заңнамалық референдум үлгісі онда 1958 жылдан бастап бар. Екіншісі, жергілікті деңгейдегі. 2003 жылдан бастап енгізілген жергілікті референдум үлгісі белгілі бір аймақтарға арналған. Яғни, бір аймақтың жұртына ғана ортақ шешімін таппаған дүние болса, жұртшылық дауысқа салады. Референдум ауқымы біршама үлкен. Батыс елдері кейде өз одақтас елдерін де дауысқа салу арқылы таңдап жатады. Сондай-ақ референдум әділ жолды нұсқайтын амал екенін, сол себепті жаһанда да кең таралғанын осыған дейін Қазақстан мәслихаттары депутаттарының республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев те айтқан болатын.
«Қазір әлемдегі дамыған озық мемлекеттің барлығының саяси жүйесі – демократиялық жүйе. Себебі демократиялық жүйе экономикалық бостандыққа жол ашады. Бұл – әлемдік тәжірибе, әлемдік үрдіс. Егер біз әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған елдерден артта қалғымыз келмесе, шын мәнінде демократиялық жүйеге көшуіміз керек. Алдағы конституциялық реформа туралы бүкілхалықтық референдум мемлекеттің болашағына әсер ететін бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн» деген еді.
Сөзді түйіндер болсақ, елімізде өткелі жатқан референдум жаңа заңнамалық өзгерістердің бастауы болмақ. Сондықтан әр азамат өзінің таңдау еркінде жатқан жауапкершілігін сезінсе керек.