Генетикалық тексерісті міндеттеген жөн бе?
Генетикалық тексерісті міндеттеген жөн бе?
© коллаж: Елдар Қаба
831
оқылды
Бізде маңызды болса да әлі қоғам жатырқайтын дүниелер жетерлік. Елімізде генетикалық тексеріске жүгінбейтіндер көп. Генетикалық жағдайды ескермеудің де соңы түрлі келеңсіз жағдайға апаруы мүмкін. Әсіресе, бұл тексеріс жастарға, соның ішінде шаңырақ көтерердің алдында қажет. Сонымен, бұл мәселеге көптің бейжай қарауына не себеп? Бәлкім, генетикалық  тексерісті заң жүзінде міндеттеген дұрыс па? Ұрпақ саулығы сезіктендіреді Қазақстанда некеге тұрар алдында медициналық, соның ішінде генетикалық тексеруден өту міндеттелмейді. Қоғамда отау құрған жастардың тексерістен өту үрдісі әлі қалыптаса қойған жоқ. 2019 жылы Денсаулық сақтау министрлігі некеге тұруға ниет білдірген жастардың шамамен 10-20 пайызы ғана генетикалық және медициналық тексерістерден өтетінін мәлімдеген. Әйтеуір, бірнеше рет мінберлерде бастама айтылды. 2013 жылы дәрігерлер медициналық, генетикалық тексерістен өтуді міндеттеу жөнінде құжат әзірлеуге септескісі келген. Ұрпақ саулығы үшін мұндай заңның тиімді екенін алға тартқан дәрігерлер отбасын құруға ниет еткен азаматтарды, әсіресе ВИЧ инфекциясына анализ тапсыруға міндеттеуді ұсынды. Алайда бастама қолдау таппады. Рас, генетикалық тексерістен өту жалпы қоғамға болмаса да, көп­шілікке әлі де жат құбылыс тәріз­ді көрінеді. Мамандар тек­серіс­тің бұл түрі халықтың келешек саулығына қажет екенін айтады. Мысалы, Ноттингем университе­ті­нің түлегі, генетик ғалым Болат Сұлтанқұлов тексерістің бұл түрі ұр­пақ саулы­ғында ғана емес, мем­лекеттің ден­саулық сақтау сала­сын­да да маңызы зор екенін айтады. – Жастарға шаңырақ көтерер алдында генетикалық тексеріс қа­жет. Генетикалық аурулардың ста­тис­тикасы ауыз толтырып айта­тын­дай көп емес. Бірақ күрделі мәселе. Менің байқағаным, тіпті шаңырақ көтергелі отырған жастар бір-біріне мұндай нәрселерді айта бермейді, кейбірі білмейді де. Генетикалық тест ең әуелі Денсау­лық сақтау министрлігіне қажет. Халықтың ішінде қаншама адам­ның гені өзгеріске ұшырап жатыр, қай аурулар қаржы бөліп емдеуді қажет етеді, осы секілді деректерді сақтап отыру керек. Гені өзгеріске ұшырап жатқан адам сау секілді жүре береді, бірақ кездескен жұ­бын­да да гендік өзгерістер болса, ауру бала дүниеге келеді, – дейді. Ал акушер-гинеколог Салтанат Сарина жастар өз денсаулығына бейжай қарап, соның салдарынан туабітті дертке шалдыққан балалар дүниеге келетініне алаңдайтынын жеткізді. Жас жұбайлар неке құр­мас бұрын генетикалық тексерістен өткені абзал. Себебі көп жағдайда тұқым қуалайтын аурулары барын білмей, сәбилері туабітті ауру бо­лып жатады. – Тұқым қуалайтын ауруларға тек генетикалық тұрғыдан қарауға болмайды. Физиологиялық, эко­ло­гиялық, инфекциялық фактор­лар­дың да әсері бар. Сол үшін ке­ле­шек ата-ана болатын жастарға дұрыс тамақтанып, зиянды әдет­тер­ден аулақ болуды ұсынар едім. Бірақ жастардың басым бөлігі бұл кеңеске құлақ аспайды, – деді. Алдын ала тексерістің болмауы кей кезде отбасылық жанжалды да тудырады. Қалай дерсіз? Қазақ­станда бедеулік не белсіздіктің нақ­ты статистикасы жоқ, тек 15 мың шамасында деп болжанады. Оның 15 пайызын жас жұбайлар құ­райды екен. Сәби сүйе алмаған отбасылар осыдан кейін ұрыс-керіске барып, ақырында ажыра­сып жатады. Бұл орайда шаңырақ көтеруге ниет еткен жастардың ал­дын ала генетикалық және меди­циналық тексерістен өтпеуі де себеп болып отыр. Өйткені генети­ка­лық жағдай сәйкеспесе де жағдай күр­деленеді. Ақпараттық қорғаныс жағын ескермейміз Әуелі заңдық тұрғыдан қарас­тырар болсақ. Еліміздің «Неке және отбасы туралы» заңында не­келесетін азаматтарды медицина­лық тексеру туралы жазылған. Алайда ол жұбайларды дәрігерге қаралуға міндеттемейді. Оның есе­сіне заңда қауіпті ауруын жасырып, өзгелерге жұқтырған азаматтар Қыл­мыстық кодекстің 117-бабы бойын­ша 2 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылатыны айтылған. Ал ҚК 118-бабында қауіпті ауруын екі азаматқа немесе кәмелетке толмаған адамға жұқтырғандар 8 жылға дейін түрмеге қамалатыны көрсетілген. Біз айтып отырған не­кеге тұрмас бұрын генетикалық не­месе медициналық тексеруден өтуді міндеттейтін заңнама жоқ. Әйткенмен, мұндай заңның бол­ғанын құптамайтын азамат­тар­дың қарасы көп болары анық. Әрине, олардың да пікірі дәйексіз дей алмаспыз. Өйткені бұл заң бір жағынан қарағанда жұбайлардың жеке мәселесіне араласатындай көрінеді. Жастар өз арасында бәрін келісіп жасаса жеткілікті, бірақ оны ескеретіндер бола қоя ма? Де­генмен генетик Болат Сұлтанқұлов­тың пікірі мүлде басқа арнада. Оның ойынша, жас жұбайларға ге­нетикалық тестті өткізуге мін­дет­тейтін заң жобасы дайындалуы керек. – Ақпараттық қорғаныс гене­ти­ка саласында да бар. Ауруын әр адам өзі ғана білуі тиіс. Өйткені соңғы жылдары әлемде генети­калық тексерістер арқылы крими­налдық шабуылдар жасалады. Егер әр адамның генетика жағынан жеке дерегін сақтай алатын заң бол­са, некеге тұрмас бұрын азамат­тарды генетикалық тесттен өтуге міндетте­генін құптаймын, – дейді маман. Сөздің жаны бар, бірқатар әлем елдері жастардың некеге тұрар ал­дында генетикалық, медициналық тексерістерден өтуін заңды түрде міндеттейді. Шаңырақ көтеруді шешкен жұп дәрігерге қаралып, бойында сырқаты бар-жоғын және генетикалық тексерістер арқылы дені сау бала туу мүмкіндігін бол­жайды. Сондықтан неке тіркейтін органға медициналық тексеріс қоры­тындысын өткізу қажет. Он­сыз неке қия алмайды. Мұндай тә­жірибе көршілес Өзбекстан елін­де де бар. 2004 жылы қолданысқа енгізілген заң жобасы бойынша жас­тар денсаулығын тексертіп қана қоймай, бір-біріне туыстығы жоқ екенін растайтын анықтамасы болмайынша отау құра алмайды. Туыстығы жоқ екенін растайтын анықтама жайы сөз болғанда қазақ хал­қының жеті атадан қыз алыс­пай­тын салты ойға түседі. Өзбек жұр­­тының бұл қадамға барып, атал­ған заң жобасын шығаруына ел­дегі туабітті ауруға шалдыққан ба­ла­лардың көбеюі себеп болған­дай. Соңғы онжылдықта әлемнің көп мемлекетінде донорлық ұрық­тандыру белең алды. Мұның Қа­зақстанда да ақырындап қарқын алып жатқанын байқап жүрміз. Бұл жайды неге айттық? Осы орайда қан­ның тазалығы, туыстық неке­нің тіркелуі қаупін ескеріп, ұрық донор­лығынан үзілді-кесілді бас тартқан елдердің тәжірибесінде ескермеске болмайды. Яғни, тағы да генети­калық тексеріс мәселесіне тап бо­ламыз. Сол себепті Жаңа Зеландия, Аустралия, Қытайда бір ұрықты әрі кетсе 4 немесе 5 адамға қолданады. Түркияда донор адам міндетті түрде өз туысы болу керек де­ген талап бар. Тек АҚШ пен Кана­да ғана 800 мың тұрғыны бар аймақта бір адамның ұрығынан 25 баланы өмірге әкелуге рұқсат еткен. Қорыта айтқанда, шаңырақ көтерместен бұрын генетикалық тесттен өтуді заң жүзінде міндет­теуді құптайтын да, қажет санамай­тын да жандар жетерлік. Сондық­тан біржақты пікір айтудан аулақ­пыз. Әзірге бұл мәселе жас жұбай­лардың еркіне қалып отыр. Деген­мен денсаулық сақтау саласының мамандары бұл мәселені тағы бір зерделеп, маңызына үңілгені абзал секілді.