Сода зауыты сорлатпасын!
Сода зауыты сорлатпасын!
219
оқылды
Биыл Қызылорда облысы Арал қаласында бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан кальцийлендірілген сода зауыты қолға алына­тын болды. Онсыз да экологиялық апат айма­ғында тұрып жатқан халық оның зияны шаш етектен екенін айтып дабыл қағып отыр. Өңірде аталмыш зауыт салынатыны алғаш сөз болған кезден бастап оның қоршаған ортаға зардабы мол болатыны айтылып, тұрғылықты халықтың нара­зылығын туғызып келеді. Теңіз ұлтаны құрғап, шаңды дауылдан көз ашпай отырған жергілікті жұртшылық енді сода ұнтағына тұншығып қалудан қорқады. Бірнеше жылдан бері салынатыны жайында нақты шешім қабылданбаған еді. Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашовпен кездесуінде нақты шешілген сыңайлы. Негізінен, «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдар­ламасымен жүзеге асырылатын бұл жоба жылына 300 мың тонна өнім өндіруге негізделген. Зауыт жұмысын бастаса, жұмыссыз мамандарды жұмыспен қамту ісі жолға қойылмақ. Өндіріс орнын іске қосу арқылы қосымша жобалар да жүзеге асырылатын болады. Алып зауыттың іске қосылуына түбегейлі қарсылық танытып жүргендердің бірі – «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері. Олар атал­мыш жобаны жүзеге асыруға жол бермеу мақсатында түрлі жиын өткізіп, халықаралық ұйымдарға хат жол­дап, ойын ашық жеткізіп жүр. – Бұл зауыттың қоршаған ортаға орасан зиян кел­тіретінін айтып келеміз. Осы мәселе бойынша ең ал­ғаш­қы қоғамдық тыңдау 20 шақты адамның қатысуы­мен өткен болатын. Егер де зауыт салынар болса, бұ­рынғы теңіздің ұлтанындағы Сарышығанақтың бойы­на соданың қалдығы төгіледі. Одан бөлінген улы қал­дық ауаға тарайды. Соның әсерінен онсыз да эко­логиялық апат аймағы саналатын өңірдің табиғаты одан бетер бүлінетіні белгілі. Осы мәселе бізді қатты алаңдатады. Алайда жобаны жүзеге асырушы мекеме «Аралтұз» акционерлік қоғамы тарапынан қалдықтар төгетін орынға арнайы бөгет салынып, қоршауға алынып, теңіз суын ластамау мақсатында содадан бөлінген шаң суға араластырылып көмілетінін мәлімдеді. Бірақ оның зиян емесі нақты дәлелденбей тұр. Осы жайында қарсылық танытып, 2019 жылы қоғамдық тыңдау өткіздік. Алайда нәтиже жоқ, – деп түсіндірді қоғамдық бірлестік президенті Көлбай Данабай. Қоғамдық бірлестік тарапынан әлеуметтік сауал­нама да жүргізілген. Сауалнама негізінде 2 500-дің үстінде зауыттың салуына қарсылық танытқан қол жиналған. Алдағы уақытта да қоғамдық бірлестік мүшелері қарсылық шараларын ұйымдастыра беретінін алға тартады. Заңды митингілер ұйымдастыру арқылы өз наразылығын таныта беретінін жеткізді. Қазір теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл егіп, оттегі бөліп, теңізді қалпына келтіру жолдары жүргізі­ліп жатыр. Оған да қыруар қаржы бөлінеді. Қоғамдық бірлестік мүшелері оның орнына кіші Аралды сақтап қалу бағытында жұмыстар атқарылуы тиіс екенін алға тартады. Наразы топ бұған дейін түрлі халықаралық ұйымға, Мемлекет басшысына да ашықхат жолдаған. Сонда да болса ең қауіпті жолмен сода өндіру ісіне тосқауыл болмай тұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы