Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Атырау облысына барған сапарында шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы жалақы айырмасы туралы айтқан еді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті қызметкерлерді үздіксіз оқыту, қазақстандықтар мен шетелдік жұмысшылар арасында жалақы теңсіздігін болдырмау туралы бұйрығы бар. Шетелдік жұмысшыларды тарту квотасы былтырмен салыстырғанда 40 пайызға қысқарды. Партиямен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, прокуратура бұл мәселені бақылауда ұстауы керек», – деді Байбек.
Негізі, бұл мәселенің көтерілгеніне көп болды. Өйткені түйткілдің түйіні бұрыннан шиеленісіп тұр. Былтыр ғана сең қозғалғандай көрінген. Маусым айының соңында «Теңіз» кен орнындағы ірі жанжалдан кейін Үкімет жалақы айырмашылығына шындап назар аудара бастады. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «жалақы теңсіздігіне жол бермеу керек» деген. Ал қазіргі министр Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, Бас прокуратура мен Еңбек инспекциясы кәсіпорындарды тексерген кезде, шетелдік жұмысшылардың бір жарым-екі есе көп жалақы алатыны анықталып отыр.
Бірақ шынтуайтында екі есе дегені тек ресми мәлімет сияқты. Мысалы, күні кеше Petrofac Facility Management Limited халықаралық компаниясының құжаты Facebook желісін кезіп кетті. Құжатта осы компанияда жұмыс істейтін жерлестеріміздің жалақысы шетелдік әріптестеріне қарағанда 20 есе аз екені көрсетілген. Ұйым Ақсай қаласында Karachaganak Petroleum Operating (оның 10 пайыз акциясы «ҚазМұнайГазға» тиесілі) компаниясына мердігерлік етеді.
Міне, мынау – әлеуметтік желіде жарияланған кесте. Сарымен белгіленген сандар – ең жоғары жалақы, көгілдірі – ең төменгі көрсеткіш. Салыстыра қарасақ, сары позицияларға бірыңғай шетелдіктер – Ұлыбритания, Түркия, Италия, Канада, Әзірбайжан, Үндістан азаматтары жайғасқан. Көгілдір түсті қазақстандықтар місе тұтыпты. Айта кету керек, бұл сандар – жұмысшылардың айлық жалақысы емес, сағаттық мөлшерлемесі. Мәселен, Канада мен Ұлыбританияның интерфейс инженерлері сағатына 1 370 доллар табады. Олар жылына 365 сағат жұмыс істейді десек, жалақысы жарты млн долларға жетіп жығылады екен. Құрылыс менеджерлері (Түркия азаматтары) сағатына 1 208 доллар алады. Италия, Әзірбайжан мен Үндістаннан келген механикалық құбыр инженерлері мен бөлім басшыларының да шекесі шылқып отыр. Шетелдіктер шетінен бастық, қазақстандықтар – орындаушы ғана.
Жергілікті жұмысшылардың ең жақсы жалақысы – 260 доллар шамасында. Инженерлер мен келісімшарттарды әзірлеу жөніндегі сарапшылар сағатына 173 доллар алады. Материалдар мен құжаттарды бақылау мамандарына сағатына 67 доллар есептеледі. Бұл ставка шетелдік мамандардың ең жоғары табысынан 20 есе аз.
Заң бойынша жұмысшыларға ұлты мен азаматтығына қарамастан тең жағдай жасалуы шарт.
Azattyq ruhy сайтына сұхбат берген Руслан Қожахмет есімді азамат Қытай компаниясында жұмыс істеп жүргенде бастан кешкенін былай баяндайды.
«Инженер ретінде менің жалақым 256 мың теңге болды, алайда тура сол қызметтегі қытайлықтарға 1 млн 333 мың теңге төленетін. Сондай-ақ мен 4 қытайлықтың өз саласында еңбек етпегенін, жалған дипломдармен жұмысқа орналасқанын біліп қойдым. Мен құқық қорғау органдарына жүгіндім, бірақ олар бұл мәселемен айналысқан жоқ. Өйткені ауы мен бауы көп шаруа, Қытайға сұрау салу керек дегендей. Олар байланыс орнатпады да, жабулы қазан жабулы күйінде қалды», – дейді Руслан.
Былтыр қарашада Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі қытайлық CNPC компаниясының басшысы Ван Илинді жергілікті жұмысшылардың жалақысын шетелдіктердің жалақысымен теңестіруге шақырды. Содан кейін инвестициялық кәсіпорындар көпе-көрнеу алалауды қойып, 361 жұмысшының табысын көтерді.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мұндай фактілерге көз жұма қарамауды қадап тапсырған.
«Өңірлерге жасаған сапарларымда біздің азаматтарды жұмыс беруші тараптың кемсітуіне жол бермеу керегін айтып жүрмін. Сіздер де бұл мәселені көтергенсіздер. Менің тапсырмаммен өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілді. Осы уақытта 95 компания инспекциялық тексеруден өтіп, 930 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде шетелдік қызметкерлердің жұмысы берілген рұқсатнамаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. Осы талдаулар мен құзыретті органдардың тексеруі негізінде және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар өзгерістерді әзірледі», – деді Мемлекет басшысы.
Жақында шетелдік жұмысшылардың квотасы 40 пайызға қысқарды. Былтыр еңбек мигранттарына 49 мың квота бөлінсе, биыл 20 мыңға дейін азайған. Үкімет болашақта жұмысшыларды сырттан әкелуді біржола доғарып, оның орнын қазақстандық мамандармен толтырмақ. Тұжырымдама бойынша, біліктілігі төмен жұмысшыларға бір жылға дейінгі мерзімге рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Білікті шетелдік жұмыскерлерге үш жылға дейін және одан көп мерзімге рұқсат беру қарастырылған.
Білікті дегеннен шығады. Қазір елде еңбек ететін 19 мың шетелдіктің шынайы біліктілігін анықтау жағы ақсап жатыр. Нострификациялау механизмінде кемшілік бар. Жаңағы Руслан Кожахмет айтқандай, кейбірін қазбалап тексергенде жалған диплом жасап әкелгені айпарадай ашылған жағдайлар да кездеседі.
Бұл жерде таяқтың бір ұшы шетелдік компанияларға қажет кәсіби маман даярлай алмай отырған отандық білім беру саласына тиетінін де ұмытпауымыз керек. Атырауға барған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жұмысшылардың біліктілігі жетіспейтінін мойындап, оларды оқытуды ескерткен еді. Жақында өткен Үкімет отырысында вице-премьер Бердібек Сапарбаев та кәсіпорындарға «қазақстандық мамандарды оқытасыңдар» деген шарт қойылғанын мәлімдеді.
Осы арада тағы бір жараның аузын ашуға тура келеді. Бізде шетелдік жұмыс күші құрылысқа, тау-кен өндірісіне, әртүрлі қызмет көрсету саласына, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен байланысты операцияларға, тұтынушыларға қызмет көрсету және өңдеу саласына да тартылған. Мейлі, тау-кен саласы өз алдына делік, ал басқа салалардың майын ішкен мамандар өзімізде де өріп жүр ғой. Сондықтан тау-кен, инновация, қайта өңдеу саласына ғана квоталар бөліп, қалған салаларға шектеу енгізу қажет сияқты. Құрылыс саласында, жылжымайтын мүлік нарығында, тұтынушыларға қызмет көрсету салаларында шетелдік мамандардың отыруы тіптен қисынға қайшы. Өз ішімізде сол саланы дөңгелетіп әкететін мамандар бола тұра шетелдіктердің жұмыс күшіне тәуелді болғанымыз ақылға сыйымсыз. Ұлттық мүддені ойласақ, ұлттық қауіпсіздікті ойласақ, мәселені түбірімен шешкеніміз абзал. Сыртын сылап-сипап, «косметикалық жөндеу» жүргізгеннен пайда жоқ.
Ерсайын БАҒДАТ