Еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы қарқынды жүруі үшін газбен жабдықтау саласының маңызы зор. Көгілдір отынның жоқтығы өңірлерге инвестиция тартудың, жаңадан өндіріс ашудың, халықты жұмыспен қамтудың басты кедергілерінің біріне айналды. Сөйте тұра, кейінгі кездері республика бойынша газ тапшылығы айқын сезіле бастады. Сондай-ақ тұтынушы үшін коммерциялық тұрғыдан тартымды әрі тиімді газ нарығын қалыптастыру мәселесі де әлі күнге шешімін таппай келеді. Кейінгі 5 жылда ішкі нарықта көгілдір отынды пайдалану үрдісі күрт ұлғайып, 35 пайызға артқан. Әйтсе де биыл тауарлы газ өндіру мөлшері 3,5 пайызға төмендеп, 24,9 млрд текше метр болады деген болжам бар. Ал тұтыну көлемі керісінше 5,4 пайызға өсіп, 19,6 млрд текше метрге жуықтайды. Ол 2025 жылға қарай 25,7 млрд, 2030 жылға қарай 30,2 млрд текше метрге жетеді деген ақпарат бар. Өйткені газ бағасы өзге энергия көздеріне қарағанда арзан әрі экологиялық жағынан таза. Бір ғана мысал: елімізде 2018 жылы 140 мың көлік газбен жүрген болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 350 мыңға жеткен. Әсіресе, қала ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер біртіндеп газға ауыстырылып жатыр. Байқағанымыздай, жылдан-жылға халықтың ішінде табиғи газға сұраныс артып келеді. Осы ретте, сұранысты қанағаттандыруға Үкімет қаншалықты дайын деген сауал туындайды. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, биыл газ экспортының 7,2 млрд текше метрден 5 млрд текше метрге дейін құлдырауы өндірістің сұранысқа жауап бере алмай жатқанын көрсетсе керек. Бұл салада қызмет көрсетудің аса шығындылығы, сатып алу бағасының арзандығы және рентабельдіктің төмендігі салдарынан жер қойнауын пайдаланушылар газ өндіру және өңдеу бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруға құлықсыз. Егер осылай жалғаса беретін болса, онда әлемде газ қоры бойынша 22-орында тұрған Қазақстанда 2024 жылдан бастап тауарлық газдың тапшылығы туындауы әбден мүмкін. Табиғи газды өндіруге не кедергі? Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов Үкімет сағатында осы саланы зерделеу барысында шешуді қажет ететін негізгі төрт мәселені атады. Ол – ресурстық базаның жеткіліксіздігі, газ тасымалдау жүйесінің тозуы, газбен қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі және тариф белгілеу жүйесінің тиімсіздігі. «Газбен қамту саласын басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізу керек. Ресурстық базаны толықтыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың жаңа газ жобаларын іске асыруы үшін қосымша ынталандыру шараларын әзірлеу қажет. Газға баға белгілеудің жаңа үлгісін қалыптастыру маңызды. Газды ішкі нарыққа жеткізу көлеміне мемлекеттік реттеу енгізу арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың газ таңдау процесі ашық болуын қамтамасыз ету керек», – деді сенатор Е. Сұлтанов. Бүгінде магистралдық желінің 75 пайызының тозығы жеткен. Олардың көпшілігінің пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен. Ол әсіресе Атырау мен Маңғыстау облыстарында аса қауіпті шекте. Мәселен, «Бейнеу-Жаңаөзен», «Жаңаөзен-Ақтау» газ құбырларының ескіргені соншалық, желіде кез келген күні апат болып, елді мекендер мен өндірістік нысандар газсыз қалуы әбден ықтимал. Одан бөлек, өңірдегі газ тарату нысандарының техникалық жағдайы да сын көтермейді. Республика бойынша олардың орташа ескіруі 25 пайызды құраса, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында бұл көрсеткіш 45 пайызға тең. Сондай-ақ компрессорлық стансалардың әрбір алтыншысы 50 жылдан астам пайдалануда болған. Ол аз десеңіз, газдың жерасты қоймасының негізгі қорының қолданыста жүргеніне де жарты ғасырдан асып кеткен. Жерасты ұңғымаларының 81 пайызының пайдалану мерзімі өткен. Міне, осы келеңсіздіктер елімізді газдандыру ісін қарқынды жүргізуге кедергі келтіріп отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елді мекендерді газдандырудың жалпы көлемі 57,7 пайыз болды немесе 11 млн адам газға қол жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер деңгейінен көп төмен қалып қойған. Мәселен, Армения халқының 96 пайызы, Беларусьтің 97 пайызы, ал Ресейдің 70,1 пайызы газбен қамтылған. Көгілдір отынға ел аумағында он облыс пен Алматы қаласы тұрғындарына ғана қолжетімді. Мұның ішінде жеті облыста бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Ал Қарағанды облысының газбен жабдықталуы – 3,5 пайыз, Шығыс Қазақстан облысының газбен жабдықталуы – 1,3 пайыз. Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарына көгілдір отын мүлдем жетпеген. Сөйте тұра, бұл өңірлердің газбен қашан қамтамасыз етілетіні туралы тиянақты дерек жоқ. Осы мәселені шешіп береді деп сенген «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы жоспарлы межеден көп кешеуілдеп келеді және желіні тарту барысында түрлі түйткілдер туындап жатыр. Соған қарағанда 2025 жылға қарай солтүстік өңірлерді газдандыру жоспары орындалмай қалатын сияқты. Баға белгілеуде ашықтық жетіспейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, қазіргі ішкі нарықта газдың бағасын келісу, таратылу көлемін белгілеу істері ашық емес және ол кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне бірдей тең дәрежелі бәсекелестік жағдай туғызбайды. Бұл істе Ұлттық оператор – QazaqGaz ҰК акционерлік қоғамының мүддесі басқаларға қарағанда басым тұрғаны байқалады. Сонымен қатар Энергетика министрлігінің жеке субъектілер үшін бекіткен тауарлы газдың бағасы әртүрлі, оның айырмасы кейде 16 есеге жетеді. Бұл сома 1 мың текше метр үшін 601 теңгеден басталып 10 мың теңгеге дейін жетеді. Әрине, мұндай айырмашылық жер қойнауын пайдаланушылардың наразылығын тудырады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында және оңтүстік өңірлерде көгілдір отынның бағасы еліміздің батыс өңірлеріне қарағанда анағұрлым қымбат. Одан бөлек, Ұлттық оператор қызметінің нәтижесіне қатысты сұрақ көп. Компания кейінгі жеті жылда 587 миллиард теңге шығын шеккен. Бұл жерде компанияның шығыны тек тарифтің төменділігіне ғана емес, қолданыстағы басқару моделінің жетілмеуіне де байланысты екенін ескерген жөн. Сондай-ақ сенатор Ерік Сұлтановтың айтуынша, QazaqGaz бен оның «Интергаз Центральная Азия» АҚ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ сияқты еншілес компанияларының да функцияларын қайта қарастыру қажет. – QazaqGaz-дың басымдылық құқымен алған газының 90 пайызы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арқылы сатылады, ол өз кезегінде жұмысының 70 пайызын аутсорсинг арқылы басқа бір көлденең компанияға жүктейді. Одан бөлек, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газ тарату желісін салған кезде жұмысының 70 пайызын басқа компанияға берді, қазір ол компания жоқ, сондықтан бұл жұмысты қайтадан өзі қолға алды. Мұндай жағдайда бәсекелестік орта қалыптастыру және QazaqGaz, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның сатып алуларына басқа ұйымдардың қатысуы туралы бірдеңе деу бекершілік,– дейді сенатор. Одан бөлек, газды ішкі нарыққа тасымалдауға мемлекеттік реттеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Ішкі нарықта газ тұтыну көлемі ұлғайған сайын оның экспортқа шығарылатын мөлшері азая түседі. Ал ішкі нарықтағы газ құны экспорттық түсім арқылы субсидияланады. Яғни, экспорттық көлем азайған сайын ол ішкі тұтынымдағы бағаға соғұрлым кері әсер ететіні анық. Сарапшылардың айтуынша, мұның әсерінен көгілдір отынның бағасы 60 пайызға қымбаттауы мүмкін. Сондықтан өңірлерді газдандырудың неғұрлым тиімді жолдарын және халықтың әлеуметтік осал бөлігінің мүддесін қорғаудың оңтайлы тәсілін ескерген жөн. Қазіргі күні жалпы газ тұтыну көлемінің 46 пайызы жылу энергетикалық компаниялар мен коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарға тиесілі. Ал өнеркәсіптік кәсіпорындардың, бюджеттік ұйымдардың және тұрғындардың ондағы үлесі – 27 пайыз. Көгілдір отынның ішкі нарықтағы бағасын белгілегенде осы жайтты ескерген жөн, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік тұтынушылар мен криптовалюта майнингі кәсіпорындары үшін жеке санат енгізу қажет-ақ. Үкімет үдеден шыға ала ма? Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және газ саласындағы ұлттық оператормен бірлесіп, саланы «қайта жүктеуге» бағытталған газ саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Министр Болат Ақшолақовтың айтуынша, мұнда көгілдір отынды тасымалдау жүйесін жаңғырту, қайта құру және жабдықтаудың баламалы көздерін іздеу қажеттігі ескерілген. – Жақын күндері Үкіметке газ саласының жай-күйін жақсарту жөнінде ұсынымдар жіберілетін болады. Мұнда газ ресурсының базасы мен оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту, солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақстан облысына газ жеткізу, сондай-ақ еліміздің осы саладағы заңнамалық базасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар көрініс табады,– деді министр. Биыл өңірлерді дамытуға арналған трансферттер аясында газ инфрақұрылымы құрылысының 96 жобасын іске асыру, 59 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін 38 нысанды аяқтау жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының күрделі жөндеуін бастау, «Мақат-Солтүстік Кавказ» және «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырларының баламалы желілері салынбақ. Маңғыстау облысында туристік кластерді дамыту үшін 2022 жылы «Сарша» аймағын және «Жылы жағажай» курорттық аймағын газдандыруды аяқтау міндеті тұр. Бұл Каспий теңізінің жағалауында туристік кластердің 10-нан астам нысанын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. «Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті және елдің батыс өңірлерін дамыту үшін қосымша газ көлемін тасымалдауды қамтамасыз етеді»,– дейді Болат Ақшолақов. Әлем бойынша табиғи газ энергия қуатының 57 пайызын беріп отыр. Алдағы жылдары Қазақстанда отынның бұл түріне сұраныс тіпті арта түсетіні қазірдің өзінде белгілі. Ал біздің Үкімет бұл міндетті орындауға қаншалықты дайын екенін уақыт көрсетер.