Кері кеткен кезек
Кері кеткен кезек
359
оқылды
Петропавл қаласында пәтер кезегі жылжымайды. Бірнеше жылдап кезекте тұрғандар белгісіз себеп­тер­мен шығып қалғанын естіп, «AMANAT» партиясы фи­лиалының қоғамдық қа­былдауына жүгінуде. 2010 жылы толық емес отбасы ретінде пәтер кезегіне тұрған Ок­сана Боярская былтыр желтоқсан айында кезектен шығып қалғанын естігенде «апам да аң-таң, мен де аң-таң» күй кешкені рас. Жарты жыл бойы талай табалдырықты тоздырып, кезегін қайтара алмаған ол енді ештеңеге таңғалмайтын болыпты. «Қалалық тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен кезекке жауапты басты кеңсе компьютерлік бағдарламаны жаңарта бастаған кезде техникалық қате кетті, ол түзетіледі деген жа­уап алдым. Бірақ, міне жарты жыл өтті, әлі түзетілмей келеді. Бар­ма­ған жерім, баспаған тауым қал­ма­ды. Әрдайым бір жаңашылдық енгі­зіліп жатқанын айтады. Нақты нәтиже жоқ. Тек «күтіңіз» дей бе­ре­ді. Қанша күту керек екені бел­гісіз. Кезегімді қайтаруға ешкім де асығып отырған жоқ. 12 жыл бойы кезекте тұрып, бір баспанаға қол жеткізе алмау деген не масқара! Қа­зір анаммен бірге бір бөлмелі пә­терде тұрып жатырмын», – деді Оксана Михайловна. Бұған дейін 1 050-ші болып тұр­ған әйелді шенеуніктер кезек қал­пына келтірілген кезде осы орны сақталады деп сендіріпті. Бі­рақ биыл кезекте тұрған мүге­дек­тер, жетім-жесір, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға жал­дамалы-коммуналдық 600 пәтер пайдалануға беріліп, сонымен бұл әлеуметтік бағдарлама тәмам болмақ. Бұған дейін жұмыссыз ретінде еңбек биржасында тұрған Оксана Боярскаяға уақытша жұмыс бе­ріліпті. Қазір «Қазпошта» филиа­лында жұмыс істеп жүрген әйелдің еңбек келісімшарты ұзартыла ма, жоқ па – ол жағы белгісіз. «Тұрақты жұмысым мен ай са­йынғы еңбекақым болмаған соң менің ипотека алуға мүмкіндігім жоқ. Яғни, баспанадан үміт үзуіме тура келеді деген сөз. Әкімнің қа­был­­дауына жазылып едім. Бірақ одан нәтиже шығады деп ойламай­мын. Енді ел Президентіне хат жа­­зу ғана қалды. Әлеуметтік әл­жуаз топ­тарға арналған бағдарлама өте қа­жет», – дейді Оксана Михайловна. Сондай-ақ екінші топтағы мү­ге­дек ретінде 2009 жылдан бері бас­пана кезегінде тұрған Людмила Нем­ченко кезектен шығып қалға­нын биыл наурыз айында ғана бі­ліпті. Оның себебін анықтау үшін қалалық әкімдікке барғанымен, мардымды жауап ала алмаған. Сонымен қатар пәтер кезегі ал­ға жылжудың орнына кері кет­кен адамдар да бар. 2011 жылдан бері жетім ретінде кезекте тұрған Ақнұр Ахметова бұған дейін 204-ші болғанымен, қазір 215-ке дейін сыр­ғығанын айтады. Өзі – төрт ба­ласы бар көпбалалы ана. Ал көп­балалы ана, «Күміс алқа» иегері Ай­гүл Бралинаны пәтер кезегіне қоюдан әкімдік бас тартыпты. Се­бебі түсіндірілмеген. 31 жастағы Марина Красова бар өмірінің үштен бірін пәтер кезегін күтумен өткізгенін айтады. Бүгінде ол отбасымен жалдамалы үйде тұрып жатыр. Бұған дейін ке­зектен екі рет шығып қалып, зә­ре­зап болған Марина әлсін-әлсін әкімдікке барып, кезегін сұрауды әдетке айналдырған. Ұзақ уақыт бойы бармаған Марина енді ке­зекте жоқ болып шықты. Айқай-шу­дан кейін кезегі қалпына кел­ті­рілген ол қазір 419-шы болып тұр. КЕЗЕКТЕН ШЫҒЫП ҚАЛҒАНДАРДЫҢ ДЕНІ – ЖЕТІМДЕР Жуырда Петропавл қалалық про­куратурасы тұрғын үй заңна­масының сақталуына және пәтер кезегіне қатысты сараптама жүр­гі­зіп, бірқатар сорақылықтың бетін ашты. Жетімдер үйінен шыққан 49 бала кезектен заңсыз шығып қалған! «Петропавл қаласы бойынша баспана кезегінде 14 000 адам тұр. Оның бес мыңы – әлеуметтік әл­жуаз топтарға жататын азаматтар, 1 700-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Са­раптама нәтижесі көрсеткеніндей, кезектен негізінен осы топтағы адам­дар шығып қалған. Оның бас­ты себебі – жергілікті деректер ба­за­сынан республикалыққа ауыс­тырған кезде кеткен техникалық қателіктер. Былтырдан бастап пә­тер кезегіне қою жөніндегі қыз­метті тек республикалық база ғана көрсете алады. Прокуратураның араласуымен 49 жетімнің кезегі қалпына келтірілді. Бүгінде кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Себебі бұл жерде техникалық қателік қана емес, адами фактор да бар. Тізімді тексерген кезде «пәтер алды», «мұқтаж емес» деген тор­көз­дерге белгі қойылып кеткен бо­луы мүмкін. Бұл мәселе проку­ра­тура органдарының айрықша бақылауында», – деді Петропавл қа­ласы прокурорының орын­ба­сары Қайсар Әбішев. Ал неліктен негізінен жетімдер ғана кезектен шығып қалғанын Қайсар Оралұлы түсіндіріп бере алмады. Қалалық тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Ақжігі­тов жергілікті ат­қа­рушы орган де­­ректер базасына кіре алмайты­нын айтты. «Біз тек кезекке тұру­шы­­лардың құжат­та­рын ғана қа­был­даймыз. Былайша айтқанда, ста­тистпіз. Жұмыстың барлығы рес­­публикалық деңгей­де жүргі­зі­ле­ді. Біз оған араласа ал­маймыз», – деді Самат Са­ғын­дықұлы. ҮМІТ ҮЗУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ Петропавл қалалық мәслиха­тының депутаты Руфия Мұстафина да республикалық комитетке сіл­теді. «Кезектен шығып қалған адам қайтадан есепке алынған кезде оның кезек нөмірі сақталатынын атап өту керек. Менің білуімше, әзірге Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жө­ніндегі комитетте бұл жұмыс тоқ­тап тұр. Петропавл қаласында қа­зір 6 жалдамалы-коммуналдық үй салынып жатыр. Оның әрқайсы­сы – 100 пәтерлік. Яғни, биыл 600 жалдамалы-коммуналдық пәтер пайдалануға беріледі. Оның 20 па­йызы жетімдерге және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарға бө­лінеді. Ал келесі жылдан бастап те­­гін пәтер жоқ, ипотекалық үй­лер ға­на салынады. Оның жағымды тұ­сы сол – шаршы метрінің құны – 160 мың теңге ғана. Петропавлда әр шаршы метрдің бағасы соңғы кезде 300-400 мың теңгеге дейін ша­рықтап кеткенін ескерсек, бұл – өте тиімді баға. «Бақытты отба­сы» бағдарламасы бойынша 10 па­йыз алғашқы жарнасы бар адам­дар осы пәтерлерді сатып ала ала­ды. Өкінішке қарай, алғашқы жар­насы жоқ адамдардың ондай мүмкіндігі жоқ», – деді Руфия Мұстафина. Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков те кезекте тұрған адамдар жеңілдетілген ипотекалық несие бойынша пәтер сатып ала алатынын бірнеше рет түсіндірген болатын. «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламасы бойынша алғашқы жар­на – 10 пайыз, несие мерзімі – 20 жыл, жылдық пайызы – 2%. Со­ны­мен қатар кезекте тұрғандар үшін «5-20-25» бағдарламасы бар. Бірақ кезекте тұрғандардың көпшілігінің тұрақты жұмысы мен табысы және бастапқы жарнасы жоқ. Сондықтан олар үшін бұл бағ­дарламалар да – құр арман ғана. Әсіресе, тағдыр тауқыметіне ұшы­ра­ған жетімдер балалар үйінен шық­қан соң баратын жері жоқ. Олар үшін неге жатақхана сал­мас­қа? Бұған дейін пәтер кезегінде тұр­ған жетім балалар «өлдіге» са­налғаны туралы да жазған бола­тын­быз. Жалпы, пәтер кезегі мә­се­лесін жіті бақылайтын кез келген сыңайлы.

Солтүстік Қазақстан облысы