«Қазір жастардың көбі қазақша сөйлейді. Қазақ тілін үйренуге ұмтылып жатқандар да көп. Сондықтан қазақ тілі еліміздің негізгі тіліне айналуда» деген «Время» газетінің тілшісі, Kozachkov offside Тelegram арнасының негізін қалаушысы Михаил Козачковпен еліміздегі БАҚ-тың алатын орны, қазақ тіліндегі қандай басылымды оқитыны туралы аз-кем тілдестік.– Бүгінде қоғам белсенділерінің көпшілігі сіздің арнаңызға жазылып, соңғы жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысады. Арасында БАҚ та ақпарат көзін сіздің арнаңыздан алып жатады. Құпия болмаса, ол ақпаратты қайдан аласыз? Оның шынайылығын немесе дұрыстығын қалай тексересіз?
– Қазақстандықтардың бәрі жаппай каналыма жазылған деп асырып жібердіңіз-ау. Мәселен, Telegram-дағы Ербол Еділов, Бейбіт Әлібеков, Qumash және «За нами выехали» деген арналардың алып жатқан ауқымы, яғни аудиториясы бірдей. Бірде іргелі, бірде арта түсеміз. Бір сөзбен айтқанда, қатарымыздан қалыспай келеміз. Оның үстіне, бүкіл статистика ашық. Кімдікі шынайы, кімдікі қолдан жасалған оқырман екенін тез-ақ байқауға болады.
Журналист болған соң елге ақпарат жеткізу – менің жұмысым. Сондықтан да әрдайым қолыма түскен ақпаратпен бөлісуге тырысамын. Әрине, әртүрлі ұйымда дереккөздер бар. Бірақ сонымен бірге оқырманның өздерінен де ақпарат көп түседі. Өйткені кез келген жан Telegram арқылы тікелей өзіме жазып, байланысқа шыға алады. Адамдардан негізінен шағым көп келеді. Арасында әртүрлі оқиға бойынша видео, сурет, құжаттар да болады. Ал жемқорлықпен «ұсталғандар» туралы хабарлама түссе, сол жағдайдың мән-жайын білетін адамдарға хабарласып, рас-өтірігін анықтауға тырысамын. Мұндайда ешкім ашық айта қоймайтыны белгілі. Үндемей, бас изеуінің өзі – ақпаратты растауы.
– Қазақтілді БАҚ-та негізінен қазақ тілі, ұлтжандылық, ұлттық мәселелер секілді дүниелер көбірек жазылады. Қазақтілді журналистердің пікірімен келісесіз бе? Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Шынымды айтсам, БАҚ-ты тіл бойынша бөліп қарамаймын. Бастысы, бізде, журналистер қауымында күн тәртібі бір, өзекті мәселесі де бір. Тек ақпараттың берілуі – әртүрлі форматта.
– Қазақтілді журналистерді әріптес ретінде көресіз бе, әлде бәсекелес санайсыз ба? Әлде сізге ресейлік БАҚ бәсекелес болып есептеле ме?
– Меніңше, бізде медиа нарығы шағын ғана. Сол себепті де бізде ешқандай бәсекелестік жоқ. Өйткені әрбір оқырман үшін қызыл кеңірдек болып тартысып жатқандарды байқамадым. Әйтеуір, елге ақпарат тарататын шартты түрде 3-4 сайт бар. Міне, солар екі тілде ақпарат береді. Ал қалғаны осыларды қуып жетуге әлек. Ресейлік БАҚ-қа келсек, оларды өзім бақыламаймын. Сондықтан арамызда бәсекелестік бар деп есептемеймін.
– Жақында Demoscope оқырмандар арасында сауалнама жүргізді. Олардың зерттеу нәтижесіне сенсек, респонденттердің басым бөлігі Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдаған. Ал мұның бәрі ресейлік БАҚ-тың ықпалы секілді. Ең қызығы, сауалнамаға жауап берген қазақтілді қазақстандықтар Ресейді қолдамаған. Бұл дегеніміз – олардың ресейліктердің ықпалының жетегінде кетпегені. Мәселені осы жағынан алсақ, біздің орыстілді БАҚ ұтылып қалмады ма?
– Сіз айтқаннан кейін дереккөзді арнайы қарап шықтым. Ең алдымен көзге түскені – дауыс берушілердің аздығы. Зерттеуге бар-жоғы 1 348 адам қатысқан. Ал оны пайызға шақсақ, еліміз үшін аз көрсеткіш. Соған сүйеніп, қазақстандықтар жаппай ресейліктердің әрекетін қолдады деген шешімге келу дұрыс емес. Өзімнің Telegram каналымда елді дауыс беруге шақырып, қатысқан 20-30 мың адамның дауысымен шеше салғандай көрінді.
Шынын айтқанда, олардың сұрақтарынан да ондай әрекетті байқамадым. Тіпті, бәрі бірдей қолдағанын да көрмедім. Көбі бейтараптық танытқан. Сондықтан мәселені осылайша үзілді-кесілді қарауға болмайды. Айналадағы таныстарымның өзі Ресейдің агрессиясын қолдамайды. Керісінше, жөні түзу адамның бәрі бұл соғысты үлкен қателік, адамзатқа жасалған ауыр қылмыс деп санайды. Ал бұған Қазақстандағы орыстілді БАҚ-ты жауапты ету тағы дұрыс емес. Бұл мәселені біржақты қарап отырсыз.
– Сіздіңше, халық газет оқи ма? Өзіңіз қандай газетті оқисыз? Жазылып, әр нөмірін тігіп, жинақтайтын басылымыңыз бар ма?
– Аға буын өкілдері әлі де газет оқиды. Оның ішінде көптеген жоғары лауазымды тұлға да бар. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, әр адамның әдетіне, үйреншікті дүниесіне байланысты. Мысалы, өз басым кітапты электронды түрін емес, кәдімгі баспадан шыққан қағаз күйінде оқығанды ұнатамын. Ал анам зейнеткер болса да, кітапты планшеттен оқиды. Сондықтан әр адам өзіне ыңғайлысын, қолайлысын пайдаланады. Бірақ пандемия кезі қағаз басылымдары үшін ауыр тиді. Кейбірі жабылудың аз-ақ алдында қалды. Баспадан шықпай, сатылымда да болмады. Сол себепті олар бұрынғы таралымын қайта жинап алады дегенге күмәнім бар.
– Қоғамда «Мемлекеттік басылымдар мен арналар шынайы ақпарат таратпайды» деген пікір бар. Келісесіз бе?
– Шынымды айтсам, білмеймін. Өзім қарайтын басылымдардың тізімі бар, соны жібермей оқимын. Соның ішінде көптеген БАҚ жоқ. Әсіресе, ақпарат алуға Twitter тиімді. Теледидардан тек кино көремін. Онда да Netflix-қа жазылып алғанмын, басқа арналарды қоспаймын. Бірде Telegram арнамда «Хабар телеарнасын көре ме?» деген қолданушылар арасында сауалнама жүргіздім. Сонда 84 пайызының көрмейтіні анықталды. Бұған 23 мыңнан астам адам дауыс берді. Тек 6 пайызы ғана, яғни екі мыңға жетер-жетпес қолданушы көреді екен. Меніңше, бұл demos.kz сайтынан гөрі объективті сауалнама.
– Қазақ тілін білесіз бе? Үйренуге тырыстыңыз ба?
– Қазақ тілін тұрмыстық деңгейде білемін. Жақында автобуста бір әжейдің сөмкесін ұрлап кеткен еді. Полицияға барғанымызда ұрланған заттардың тізімін атап бергенім бар.
– Қазақ тілінің мәртебесі өсіп, сұранысқа ие болды деп ойлайсыз ба?
–Жалпы, Қазақстанда қазақ тілі – негізгі тіл. Байқасаңыз, қазір жастардың көбі қазақша сөйлейді. Әйтеуір, жүрген жерімде осыны байқаймын. Бірақ мұғалімдердің жетіспеушілігі, оқыту тәсілінің қиындығы барын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, былтыр жазғы демалыста балаларыма қазақ тілін үйрететін мұғалім таппадым. Білікті маманның бәрі бос болмады. Бұл қазақ тілін үйренуге ұмтылып жатқандардың көптігін көрсетеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!