Шекарадағы ауылдың шаруасы шатқаяқтап тұр
Шекарадағы ауылдың шаруасы шатқаяқтап тұр
860
оқылды
Жер ұйығы Жетісудағы Қапал аймағының жағдайы Ақсу және Ескелді аудандарына қосылғаннан кейін тіптен нашарлай түсті. 1997 жылдан бері жер­­гілікті жұрт сол күндерді аң­сап, үмітпен күн кешіп келеді. Қытаймен шекарадағы тарихи мекендегі Ақтөбе ауылында бұл күнде санаулы ғана үй қал­ған. Халқы азайғанымен, бұл ауылдың әлеуметтік мәселесі шаш етектен. Арғы жағы Ақсудың, бергі жағы... Алыстағы ауылға апаратын жол­дың машақатын сөзбен айтып жет­кізу қиын. Тек жол талғамайтын кө­­ліктермен, өгіз аяңмен ғана шоқа­лақ­татып бара аласыз. Ал осы жолды кесіп ағатын Ақсу өзенінің үстіндегі өткелді қияметтің қыл көпірімен ға­на салыстыруға болатын шығар. Қазір шалғайдағы шекаралық елді мекендегі жиырма бір үйде жүз шақты адам тұрады. Шындығына келгенде, табиғаты тамылжыған, ауыл тұрғындарын мазалаған мәселе жет­кілікті. Мұнда, әсіресе жол қа­тынасы қиын. Жүргізушілердің көбі Ақтөбеге барудан ат-тондарын ала қа­шады. Бірнеше жылға созылған жолдың жыры шешімін таппай ке­ле­ді. Ауыл жайлы баяндаған тұрғын­дар­дың аузына бірінші түсетін ағаш­тан салынған өткел де 1969 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тек мүлде жүруге жарамсыз болып қалғанда, жұрт шулағанда, реттеп қойған бо­ла­ды. Онда да ауыл тұрғындары өз күш­терімен жөндейді. Сондықтан сықырлап тұрған көпірді мүлде сүріп тастап, бүгінгі заманның құрылыс материалдарын қолдана отырып, темірбетон материалдармен қайта салмай болмайды. Әсіресе, жаң­бырлы, қарлы күндері ойқы-шойқы жолмен көпірге жеткендер, кейде одан өте алмай қалады. Егінге орақ салынар тұста ауыл шаруашылы­ғы­ның техникалары да бергі жағаға өте алмай қалады. Басы ауырып, бал­тыры сыздағандарға жедел жәр­дем­нің жетуі де мұң. Сондықтан ауылға медпункт қажет. Суықсай округіндегі дәрігерлік пункт­тің меңгерушісі Роза Есерманова ауылда үш адамның қан қысымымен арнайы есепте тұратынын, ол кісілерге дәрі-дәрмек ауылға бара жатқан көлік­термен әзер жеткізілетінін айтады. Қыста көмір әкелудің машақатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауыл мектебіне қажетті он тоннаға жуық көмірді жүк көлігі көпірдің арғы жағына түсіріп ке­теді. Оны жұрт тайлы-тұяғымен жабылып, бері тасиды. Жеті айға созылатын қысқа қамданған тұрғындар ар жаққа түсірілген көмірді тасумен әуре болады. Тозығы жеткен электр желісінің де жер­гілікті тұрғындардың бас ауруына айнал­ғанына көп болды. Ұзындығы 26 шақырым болатын желі бойымен орна­тылған баған­дардың дені шіріп, құлағалы тұр. Сәл-пәл жел тұрса сымдары үзіліп, ауыл мүлде жа­рықсыз қалады. Жарықсыз отыруды былай қойғанда үзілген сымдар, құлағалы тұрған тіреулер тұрғындар өмі­ріне қауіп төндіреді. Оған қоса ауылдағы мектепте ғана бар интернеттің де сапасы сын көтермейді. Әр үйге тартылған орталықтандырылған ауызсу құбыры да қыста қатып қалып, тұрғындарды жиі әуреге салады. шекара Жұмағали Тұр­сы­нұлы заманында аты дүркіреген шал­ғайдағы елді мекеннің аудан әкім­дігінің назарынан тыс қалғанына қын­жылысын білдірді. «Су құбырын тартуда қателік кеткен. Электр желілерінің жағдайы да сын көтер­мей­ді. Жолдың, көпірдің қазіргі жағдайы жү­­­рек ауыртады. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық саласында­ғылар осының бар­лы­ғын көрсе де, көп көңіл бөлмейді. Тиісті ша­ралар қабылдау қауқарсыз. Уәдені үйіп-төк­кенмен тірлік бітпей тұр», – дейді Ж.Тұрсынұлы. 4 бала оқитын мектеп Дәл қазір ауылдағылар шағын жинақ­талған мектепті көңілге медеу етеді. Оның өзінде 4 бала оқиды. Кішігірім үш бөл­ме­ден тұратын ғимараттың сырты жұпыны бол­ғанымен жалпы жағдайы қанағат­танарлық. Аудан әкімдігіндегілер ауылға 2024 жылы медпункт салу жоспарланғанын ай­тады. Сондай-ақ «ТАТЭК» акционерлік қоғамы компаниясы барлық электр ба­ға­нын ауыстыруды жоспарлапты. Өткен жы­лы негізгі жұмыс басталып, 18 шақы­рым бо­йынша тіректер орнатылғанмен, ауа ра­йында туындаған қолайсыздықтар кесірінен жұмыс толық аяқталмай қалып­ты. Сонымен бірге Ащыбұлақ пен Суық­сай ауылдары арасындағы 9,6 шақы­рым­дық жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатқан көрінеді. Жолдың осы екі арасы реттелген соң ке­зек Ақтөбеге апа­ратын жолға келеді. Суықсай ауылдық аумағының әкімі Қуаныш Қоңыровтың айтуынша, ауылда 198 бас сиыр, 119 жылқы, алты жүзден астам қой-ешкі бар. Төрт түлікке жа­йылым тарлық ете бастапты. Елді мекен төңірегінде бос жатқан жер жоқ. Бірақ Тесіктас деген жерде мың гектардан астам жайылым бар екен. Малды жайлауға апа­руға ешқандай кедергі жоқ. Алайда тұр­ғындар төрт түлігін қашық­тағы жайлауда баққысы келмейді. Қолдағы ма­лын ауылдан алысқа ұзатпайды. Соның ке­сірінен елді мекен маңы бұрынғы ажа­рынан айырылып, тозыңқыраған. Ата­кәсіппен жан бағып отырған ақтөбеліктер алдағы кезде мал басын көбейтуге мүдделі. Қазір Ақтөбеде негізінен орта жастағы адамдар тұрады. Жастар мүлде жоқ деуге болады. Жастардың қалаға көшуі жалғаса берсе, ауылдағы жалғыз білім ошағы да жабылып қалуы мүмкін. Ауылда жер алып, шаруа қожалығын жүргізіп, егіншілікпен айналысуға мүм­кін­дік мол. Әйтсе де елді мекенде қорда­ланған мәселелерден атакәсіптен нәсібін айыруға ниеттілердің жүрегі шайлығып қалғандай. Ақтөбе ауылының тумасы Жұмағали Тұр­сынұлы да ауылға шағын алма бақ отыр­ғызуды мақсат қойып отыр. Осын­дай азаматтар көптеп шығып жатса, Ақтө­бенің шырағы қайта жарқырай жа­нып, бір кездегі берекелі шақтары оралар еді. Екі миллионнан астам тұрғыны бар Ал­маты облысындағы халықтың басым бөлігі ауылда тұрады. Жағдайы қалаға бергісіз ірі елді мекендермен бірге, елдің шетінде, жел­дің өтінде орналасқан, тірлігінде түйткілді тұстары көп қоныстар да жетерлік. Әсіресе, облыстың Қытаймен шекаралас таулы ай­мақ­тарындағы, орталықтағы биліктің наза­ры­нан тыс қалған. Елеусіз ғана күн кешіп жат­қан ауылдарға көңіл бөлінбесе болмайды. Аудандарды ықшамдау кезінде Алма­ты облысының Қапал, Үйгентас, Қоғалы, Нарынқол сынды шекаралық аудандары да таратылып кеткен еді. Мұндағы На­рынқол араға он сегіз жыл салып барып, қайтадан өз алдына дербес аудан болып құрылды. Қазір нарынқолдықтар біреуден ілгері, біреуден кейінді күн кешіп жатыр. Жаңа ауданға көшіп келушілердің қарасы қалың. Әсіресе, жастар туған жерге қайта оралып, елді мекендердің еңсесі тіктелді. Есесіне қалған үш аудандағы шекара шебінде орналасқан ауылдар біртіндеп қаңырап қалып жатқаны жанға батады. «Бос жатқан жердің жау шақыратынын» ұмытпағанымыз жөн. Шекара бойындағы ауылдарын жайнатып қойған көрші елдің көкейінде не бары да белгісіз.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы