Қараусыз қалған КАРЛАГ
– КАРЛАГ жайында бір емес, бірнеше кітап жаздыңыз. Тұтқындармен, тіпті лагерьде жұмыс істеген қызметкерлермен кездесіп, әңгімелестіңіз. Біраз архивті де ақтардыңыз. Мұның бәрі сіздің кітаптарыңызда ашық жазылды. Жалпы, ең алғаш КАРЛАГ-қа қалай жол түсті? – КАРЛАГ-қа 1988 жылы бірінші рет келдім. Көктем еді. Жерде әлі қар жатқан, айнала батпақ, аяғыңды әрең алып жүресің. Сол кезде облыс әкімінің қызметкерлері, Мәдениет басқармасының басшысы, марқұм жазушы Жайық Бектұровтан құрылған бір топ болып, танысуға бардық. Сөйтсек, оған дейін бұл ғимарат пионер лагері болған екен, грек азаматы еденіне мәрмәр салып, ойын-сауық үйін жасамақ болған. Кейін ақшасы таусылды ма, кім біледі, құрылысы тоқтаған. Артынан «Бригантино» балаларға арналған сауықтыру кешеніне айналған. Біз келгенде ғимарат қаңырап, бос тұрды. Қараусыз қалған, есік-терезелерін тақтайшалармен шегелеп тастаған. Сондықтан ішіне кірмедік, тек ғимараттың айналасын араладық. Сонда байқағанымыз, айналаны қоршаған ағаштың бәрін тұтқындар отырғызған екен. Ұмытпасам, сол кезде бізге экскурсия жасап, алып жүрген Долин кеңесінің төрағасы Широков Иван Яковлевич еді. – КАРЛАГ-ты зерттеуге не түрткі болды? – Бұл тақырыпқа қатты қызықтым да, бір аптадан кейін сол жаққа қайта бардым. Автобустар ағылып жатты. Тұрып жатқандар көп екен. Егістік егіп, бау-бақша салып тастаған. Содан ғимаратты айналшықтап, ішіне бас сұғатын жол іздедім. Бір уақытта тақтайшалармен қағылған терезенің арасынан жарық жалт еткендей көрінді. Іргесі биік ғимарат қой, үстіне шығып, терезені тарсылдатып ұра бастадым. Біраз уақыттан кейін ар жақтан біреу сығалағандай болды. Тақтайшаның біреуін итеріп, бір ер адам басын шығарды. Ұлты – қазақ, жасы келіп қалған егде адам екен. Фамилиясы – Жаманбаев, сол жердің күзетшісі көрінеді. Өзі тарих пәнінің мұғалімі екен. «Саған не керек, не іздеп жүрсің?», – деді ол. – Ішін көргім келеді, – деп едім, – Терезеден кіре алсаң, кір, – деді. Сөйтіп ғимаратқа терезеден кірдім. Іші тас қараңғы, жарық жоқ. Бірақ күзетшінің қолында фонары бар, сонымен бәрін аралап, көрсетті. Кенеттен күзетші: «Сен Назарбаевқа хат жаз, тарихи ғимараттың құрдымға кеткенін жеткіз. Мынаны мұражай етсін», – деді. Ол кезде Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол бұған дейін Обком партияның екінші хатшысы болған. Уақытында «Индустриалды Қарағанды» газетінің насихат бөлімін басқарғандықтан, онымен жұмыс бабымен таныс едім. Сөйтіп, Назарбаевқа хат жазып, тұтқындардың зейнетақысын аз да болса, төлесе деген ұсыныс айттым. Содан бастап олардың зейнетақысына 50 сом төлене бастады.Мұражайға қалай айналды?
– Сонымен, ғимарат қай кезде КАРЛАГ-тың мұражайына айналды? – Ол кезде тұтқындардың бәрі тірі. Тұтқынға өрімдей жастар түсті ғой, алды 50-де еді. Бәрі Долинкада тұратын. Олардың басқа жаққа кетуіне мүмкіндік бермеген. Кейінірек біздің топқа Ермұхамет Ертісбаев қосылды. Мамандығы бойынша тарихшы, медициналық училищеде жұмыс істеді. Артынан Архитекторлар одағы, Суретшілер одағы, Жайық Бектұровтың басшылық еткен Жазушылар одағының мүшелері қатарымызға қосылды. Алматыда «Әділет» қоғамын құрдық. Бастапқыда «Қазақстан мемориалы» деп атағанбыз. Сөйтіп, 90-жылдардың басында музей ашу мақсатында ғимараттың жөндеу жұмыстары басталды. – КАРЛАГ қандай болған екен? – Долинкада бірінші және екінші лагерьдің екі бөлімі болды. Онда ер-азаматтар мен әйелдер отырды. Әуелде ауыл шаруашылығына бағытталған лагерь болды. 1931 жылы партияның Орталық Комитеті Қарағандыдан ірі көмір бассейнін салу туралы шешім шығарған. Ал оған білікті мамандарды тартудың жолын Сталин тез тапты. Донецк шахтерлері секілді өзге жақтан мамандарды қамауға алып, бірте-бірте КАРЛАГ-қа әкеле бастады. Сөйтіп, олар құл секілді шахтаға жұмысқа салынды. Оның үстіне, жұт заманы. Жер құрғап, егістік шықпады, мал қырылды. Ашаршылық басталды. Сол кезде Қарағандыда шахта ашылып, онда жұмыс барын естіген халық осында ағылды. Жұмыс болса, аш қалмайтыны белгілі еді. КАРЛАГ қанатын кеңге жайды. Бастапқыда жеті бөлімнен тұратын лагерь 21 бөлімге көбейді. Құрамына Жезқазған кірген. Степлаг кейін 1949 жылы құрылды. Ресми мәлімет бойынша, КАРЛАГ арқылы миллионға жуық тұтқын өзге лагерьлерге өткізілген. Салдарынан КАРЛАГ тұтқындар, қара жұмысшылар, жер аударғандар мекеніне айналды.Тұтқындарға көмектескен лагерь басшысы
– Естеліктерді қалай жинадыңыз, әрқайсысымен жекелеп кездестіңіз бе? – Алғашында әрқайсысын өзім іздеп, үйлеріне барып, айтып беруін өтінетінмін. Олар бұған дейін ешкімге ештеңе айтпаған. Өйткені лагерьден шығарда көрген-білгенін, бастан кешкені жайында айтпауға қолхат толтырған. Алда-жалда айтса, қайта 25 жылға қамалатын болған. Сондықтан КАРЛАГ-тан шыққандардың ешбірі тіс жармады. Тек 1956 жылы Хрущев биліктен кеткенде, тұтқындар ақтала бастады. Кейінгі жылдары өздері редакцияға келіп, айтатын болды. Соның ішінде тек қазақтардан беріге дейін үн шықпады. Өздерін қалай қинағанын, қандай режиммен өмір сүргенін айтқанда, шашың тік тұрады. Аш тұтқындар тамақты күл-қоқыстың ішінен іздеп, қалған сүйек-саяқты жеген. Бірде оларды бұзылған балықпен тамақтандырып, бүкіл ауыл уланып, біразы қырылған. Түрме қызметкерлеріне азық-түлік жіберілгенімен, кейбірі ұрланған. Содан тұтқындарды қалған-құтқанмен тамақтандырған. Тұтқындарға ботқаны малға берілетін, тазаланбаған арпадан дайындаған. Тұтқындар оны «коңыр көздер» деп атаған. Артынан көгерген картоп пен орамжапырақты қуырып берген. Сөйтіп аяусыз жұмысқа салынған. Бәрінің айтқаны – лагерьдің іші өте суық болған, дұрыс тамақтандырмаған. Бір сөзбен айтқанда, өлместің күнін көрген. Жұмыс күші болғандықтан оларды өлтірмеуге тырысқан, бірақ аштықта ұстаған. – КАРЛАГ-та тұтқындарды бақылаған күзетшілермен, лагерь басшыларымен кездестіңіз бе? Олар не айтты? – Ең қызығы, лагерь қызметкерінің бәрі Долинкада тұрды. Олардың барар жері, басар тауы болмады. Оған қоса, тұтқындарды қинап, азаптағаны үшін жауапқа тартыламыз деп қорықты. Заманында олар – лагерьдің патшасы, тұтқынға не істесе де ерікті. Бақылаушы мен күзет қана емес, сарбаздар мен офицерлердің көбі оқымаған еді. Әртүрлі адамдар болған соң, олардың арасында да 58-баппен «халық жауы» деп тұтқындалғандардың бәрі бірдей кінәсіз екенін білді. Тіпті, кейбір лагерь басшылары олардың түрмедегі өмірін жеңілдетуге тырысқан. Мәселен, АЛЖИР лагерінің басшысы Сергей Василиевич Бариновпен кездесу үшін Ақмола облысындағы Малиновкаға бардым. Кезінде АЛЖИР КАРЛАГ-тың 26-бөлімі болған. Қартайып қалған зейнеткер еді. Ұнағаны – тұтқындарды жамандамады. Кезінде қоластында болған тұтқындардың есімін тізіп берді. Сөзінің рас-өтірігін білу үшін сол тұтқындарды іздеп таптым. Көбі Ресей асып кеткен. Солармен хат алысып, сөйлестім. Олар да соның сөзін растады. Заманында тұтқындарға жылына бір рет қана ағайын-туғандарына хат жазуға рұқсат етілген. Одан басқа тілдесуге мүмкіндік берілмеген. Міне, соны біле тұра лагерь басшысы тұтқындарға көмектескен. «Мәскеуге іссапарға бара жатырмын, не бересіңдер?» деп, олардан тірі екенін білдіретін қолдан жасалған дүниелерін, орамалын мекенжай бойынша жеткізген. Онда да есікті қағып, ашқан бойда ештеңе айтпастан затты ұстатып кетеді екен.Карлаг балаларын күзетшілер бауырына басқан
– Карлагта туған балаларды таба алдыңыз ба? – Қарағандының маңайындағы КАРЛАГ-тың бірінші және екінші бөлімі қала ішіндегі орталық лагерьге іргелес еді. Кейін ол жер Қарағанды совхозына айналды. Онда тек әйелдер жұмыс істеді. Сол жерде перзентхана, балабақша болды. Ер-азаматтар мен әйелдерді қанша бөлсе де, олар кездесті, сәбилі болды. Міне, осы балалардың тағдыры қызық. Кезінде Виктор Гарецкий деген кісі КАРЛАГ-та туған балалардың тізімін жасап, олардың туыс-туғандарын іздеп жинақтаған. Өзі ақпараттық орталықтың басшысы еді. Кез келген адам өзінің өткенін іздеп, еркін қарайтын. Соның арқасында қаншама жан өткенімен танысты, туысын тапты. Кейін орталық облыстық прокуратураға өтісімен, оған жол жабылды. Бірақ КАРЛАГ-та туған балалардың бәріне ен салынған. Яғни, туу куәлігінде туған жері дегенге «Долинка ауылы» деп жазған. Ал тегіне әкесі көрсетілмеген. Тек сәбидің анасының аты-жөні жазылған. Сондықтан балалардың талайы ата-анасынан қол үзіп, табылмады. Алматыда Долинский деген азамат табылды. Ол осы жердің тумасы болуы мүмкін. Негізі 90-жылдардың басында өзінің кім екенін тауып беруін сұраған талай балалардан хат келді. – Зиялылардың балаларын лагерь қызметкерлері асырап алды дегені рас па? – Осыны маған Николай Попов деген КАРЛАГ-тағы арнайы бөлімнің басшысы айтты. Тұтқындардың тағдырын солар шешетін. Яғни, бұл бөлімді өз ішінде «Гестапо» немесе «Чекистский отдел» деп атады. Зейнетке шыққаннан кейін, ол Долинкадағы Речная көшесінде тұрды. Үйіне барғанымда өзі дәлізде отырды. Ал кіреберісінде кеудесі орденге толы портреті ілулі тұрды. Сөйтсем, өзі төрт жыл соғыста болған, кейін КАРЛАГ-қа жіберілген. Әңгімесінің бәрі лагерьдегі қылмыскерлер жайында, сөзін бөлмедім. Артынан «маған қылмыскерлерді емес, халық жаулары жайында бар шындықты айтсаңыз» деп едім, үн-түнсіз қалды. Сол кезде түпкі бөлмеден бір әйел шығып, «Сайтан алғыр, баланы алдап, өтірікті судай ағызба! Оларды қалай қинағаныңды айт» деп айқай салды. Сөйтсем, ол – оның әйелі, өзі де кезінде әйелдер бөлімін басқарған. Екеуміз түн ортасына дейін әңгімелестік. Соңында «КАРЛАГ-та туған балаларға не болды?» дегенімде, «Біз оларды негізі балалар үйіне тапсыратынбыз. Екі жасқа дейін Долинкадағы балалар үйінде болатын. Одан кейін басқа балалар үйіне жіберіліп, мектепке дейін сонда тұрды. Артынан облыс аумағы бойынша орналасқан балалар үйіне тапсырылатын. Негізі көп балаларды лагерь жұмысшылары өздері асырап алған. Әсіресе, «қатерсіз балалар» деп қылмыскердің емес, зиялынікін бауырына басқан. Өз атына жазып алған соң, оларды артынан таппай қалатын», – деді ол.«Халық жауы» деген атасын ақтап алған немере
– Сөз арасында қазақтар беріге дейін КАРЛАГ жайында айтпады деп қалдыңыз. Шындықтың беті ашылған оқиға бар ма? – Қазақтардың жақындарын іздеп, ашық айта бастағаны 93-жылдардан басталды. Байқағаным, сол кезде қазақтардың түрмеге түскені негізінен өрімдей жастар еді. Арасында қариялар да болды. Сол қарттар кезінде 1918 жылдардағы революцияның көзін көрген 20 мен 30 аралығындағы жастар екен. Соны ұмыттыру үшін олардың көзін құртқан. Сөйтіп «қазақтар оқымаған, сауатсыз, жазу-сызуды білмеген, олардың көзін ашқан «Кеңес үкіметі» дегенді санаға сіңірген. Оның бәрі – өтірік. Салт-дәстүр, мәдениет, интеллигенция – қазақтың қанында бар дүние. Сол кездің адамдары сенгіш келген ғой. Кеңес үкіметі айтты, соны орындайды деп сенген олар. 1930-1932 жылдары Қарағанды қалалық кеңесінің бірінші төрағасы болған Кәрібоз Шектібаев Солтүстік Қазақстанда жауапты қызметте жүргенде қуғын-сүргінге ұшыраған. Контрреволюциялық әрекеті үшін айыпталған. Сондағысы Қарағандыда ашаршылық жылында шахтерларды, қара жұмысшыларды аман алып қалу үшін қолындағы малды сойған. Ол болмағанда шахтадағылар аштан өлетін еді. Бірақ бұл әрекеті бірден Кеңес үкіметінің бақылуына түсіп, оны бірден соттап жіберген. Үкімді жария ете салысымен санаулы сағатта Алматы түбінде атып тастаған. Бұл 1938 жылдың 9 наурызы еді. Ал үй ішіне «екіжақты өкпе қабынуынан көз жұмды» деп 1944 жылы хабар берген. Оның ісі 1934-те басталып, 1937 жылы жабылған. Бар-жоғы іс он үш беттен тұрған. Кәрібоз Шектібаевтың шөбересі Әнуар маған хат жазбағанда оның анық-қанығын білмес едік. Араға 70 жыл салып, Кәрібоз Шектібаевтың халық жауы емес екені анықталды. Соның арқасында шындықтың беті ашылды. Осы жазбаның бәрі архивте сақталған. Әкесінің кінәсіз екеніне сенген ұлы Өрікбай осы күнге дейін оның пальтосын көзінің қарашығындай сақтап келген. Міне, осындай қаншама боздақтарымыз қыршынынан қиылды емес пе?! – Әңгімеңізге рақмет!