Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығына сәйкес, ел Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізілетін күн де таяу. Дәл осындай жолмен Ата заңға өзгеріс енгізу Қазақстанда соңғы рет 1995 жылы өткені белгілі. Сондықтан биылғы референдумның жалпы ел өміріндегі елеулі жаңалыққа айналғаны шын. Референдум – Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының және мемлекет тіршілігінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелері жөніндегі шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру. Ол бүкіл ел бойынша өткізіледі. 1995 жылғы 30 тамызда бірінші рет өткізілген референдум Қазақстанның жаңа конституциясының жобасы болған еді. «Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қажет», – деген Президент Конституцияның үштен бірі халық қалаған өзгерістер негізінде реформаланатынын жеткізді. Бұл – ауқымды өзгеріс, ел тарихындағы аса маңызды қадам болмақ. Көзделіп отырған өзгеріс пен толықтырудың елдің талап-тілегі арқылы жүзеге асатынын жеткізген Мемлекет басшысы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдаған. Бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясына енгізілетін іргелі өзгерістер мен толықтырулар дауысқа салынбақ. Конституция – ел өмірінің барлық саласын қамтып, мемлекеттіліктің негізін, қоғамдық қатынастардың өзегін реттейтін басты заң, ерекше ұстын болғандықтан, оған енгізілетін өзгерістерді көп болып талқылау, кеңесе отырып ортақ шешім қабылдау – айрықша маңызды. Референдум – ел дамуы үшін қажетті қадамдардың бірі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Сондықтан дауыс берушілердің бұл шараға белсенді атсалысуы аса маңызды. Болашақ – жастардың қолында. Барлық бастамалар солар үшін қолға алынып жатыр. Сондықтан бұл іс-шараның ортасынан әуелі жастардың табылуына жол сілтеуіміз керек Республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу тәртібі «Республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы Конституциялық заңда көрсетілген. Референдумды өткізуге азаматтар ерікті түрде қатысады әрі бұл жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу құқығына негізделеді. Жалпы алғанда, Конституциялық өзгерістер мен толықтырулар енгізу біз үшін таңсық емес. Алайда, бұған дейін де Ата заң талай рет өзгерген. Бірақ өзгертулерге қатысты қарапайым халықтың пікірі сұралған жоқ. Жоба Парламент қарауына ұсынылып, депутаттардың дауысы арқылы өзгертілетін. Ал осы жолы Ата заңға енетін өзгерістер жалпы халықтың таңдауына беріліп, референдум өткізілетін болды. Президент: «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп атап өтті. Бұл өзгерістерді жүзеге асырудың алғашқы баспалдағы – республикалық референдум. Бұл шара елдегі саяси жүйені ауқымды өзгерістерге бастайды. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс Конституция арқылы айқындалып, жаңа бағытта дамиды. Міне, жалпыхалықтық референдум бізге осындай нәтиже бермек. Халықтың бұл бастама арқылы демократиялық шешім қабылдауы өте маңызды. Өйткені референдум –демократияның маңызды институты. Осындай күрделі, маңызды мәселеде соңғы сөздің халық еншісінде қалуы елдегі үлкен өзгерістердің бастауы деп білеміз. Бұл шешімнің саяси маңызы зор. Жалпыхалықтық референдум – президенттік реформалар бағдарламасын жүзеге асыру кезеңі. Бағдарлама жүйелі сипатқа ие және суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түбегейлі көшуді, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуді, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуді, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуді, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы конституциялық тетіктерді күшейтуді қамтиды. Өзгерістер қоғам мен сарапшылардың сұранысы мен ұсынысына негізделген. Ал, ерекшелігінің бірі ретінде президент өкілеттігі азайтылып, сәйкесінше биліктің басқа институттарымен бөлісуге бастамашылық танытуын айрықша атауға болады. Осылайша, конституциялық реформа жөніндегі алдағы референдум Екінші Республикаға – мемлекет пен қоғам өзара қарым қатынасына жаңа, барынша тиімді әрі теңгерімді моделіне құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл бағыттағы жүргізіліп жатқан ауқымды істердің негізгі мән-мазмұны, түйіні – жалпыхалықтық шараға белсенді қатысуды қамтамасыз ету. Әр дауыс маңызды. Сондықтан елімізде өзгерістер болуын шын қалаған азамат нақты таңдауын жасап, өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуі тиіс. Сонда ғана біз ел дамуының жаңа кезеңіне, жаңа Қазақстанға қадам басамыз.
Абдолла ИДРЕСОВ, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Тапсырыс беруші "AMANAT" партиясы Атырау облыстық филиалы