Сәтбаев университетінде референдумның маңыздылығы талқыланды
Сәтбаев университетінде референдумның маңыздылығы талқыланды
229
оқылды
Бүгін Алматыдағы Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде ҚР Парламенті сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов пен Динар Нүкетаева және бір топ қоғам белсенділерімен кездесу өтті. Кездесудің басты тақырыбы – жалпы Республикалық референдумды өткізу, жастарға мемлекет үшін маңызды күннің мәнін түсіндіру. Жиынға студенттермен бірге аталған оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты. Кездесу кезінде алғаш болып сөз алған, Сенатор Динар Нүкетаева жиналғандарға алдағы өтетін еліміз үшін аса маңызды қадам деп бағаланған жалпы халықтық Референдум туралы жан-жақты мәлімет беріп өтті.  width=
«Жалпы Конституцияға нақты қандай өзгеріс енгіземіз деген мәселе алдын-ала президент тапсырмасымен сараланды. Соның нәтижесінде Ата заңымызға осы референдумда өте үлкен тарихи маңызы зор өзгерістер енгізілетін болып отыр. Мәселен, қазіргі Конституциядағы 99 баптың 33-іне 56 өзгеріс енгізілмек. Сондықтан да бұны бүкіл халықтық референдумға шығару керек деген ұсынысты Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының 31сессиясында мәлімдеді»,– деді сенатор Д. Нүкетаева.
Ол сонымен қатар барлық өзгерістер Қазақстанның болашғы үшін барынша маңызды екенін айта келе, ең негізгі дегендеріне жеке-дара тоқталып өтті.
«Мәселен президентіміз соңғы халыққа жолдауында өзі айтқандай бұрынғы суперпрезиденттік жүйеден ықпалды Парламент жүйесіне көшуді заңдастыру. Сонымен қатар билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта қарау. Халықтың жергілікті әкімдерді сайлау арқылы өздері таңдауы. Сонымен қатар осы күнге дейін Парламент депутаттары түгелдей дерлік партиялық тізіммен сайланатын болса, ендігі жерде олардың 30 пайызы можаритарлық жүйемен, яғни өзін-өзі ұсыну арқылы дауыс жинап сайланатын болып отыр. Сәйкесінше облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының 50 пайызы осы әдіспен сайланатын болады. Осының бәрі Қазақстанның жаңаша дамуына жасалаған, нық қадамдар деп айтамыз»,-деді Динар Нүкетаева.
Одан кейін сөз алған Сенатор Бақытжан Жұмағұлов та алдағы тарихи күнді әділетті, заң үстемдік құратын Мемлекет құруымыздың алғы шарты деп қабылдауымыз керек деген пікір айтты.
«Президентіміз «Жаңа Қазақстан дегеніміз–бұл Әділетті Қазақстан»,-деп нақты айтып кетті. Әділеттік бар жерде даму мен өркендеу болады. Ең бастысы монополия болмауы керек. Саяси партиялардың ішінде шынайы бәсекелестік болуы қажет. Осы кездесулерде бір байқағанымыз халық осы өзгерістерді дұрыс түсініп қолдап отыр. Бізді тағы бір қуантарлығы алдағы референдумның маңыздылығын әсіресе жастар жағы жақсы түсініп, қызу қолдауда. Олардың барлығы өздерінің болашағын осы әділетті Қазақстанмен байлансытырады. Оған бүгінде осы оқу орнындағы жастармен кездесуде тағы бір рет көзіміз жетіп отыр»,-деді Сенатор Б. Жұмағұлов.

Екі сағаттан аса уақытқа созылған жиын барысында жастар оқытушылар мен қала белсенділері депутаттардан алдағы саяси реформаларға қатысты сауалдарына тұщымды жауап алды.

Нұрболат Адырбек, Алматы