Болашағымызды бағдарлаймыз
Болашағымызды бағдарлаймыз
380
оқылды
Айнагүл БАЛТАШЕВА, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты:  – Қазір елімізде Мемлекет пен қоғам арасында Негізгі заңда айқындалатын жаңа қатынастар қалыптасып жатыр. Осы кезде халықтың өзі бұл таңдауды референдум арқылы жасауын құптаймын. Ең бастысы, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің барлығы халықпен бірлесе отырып шешім қабылдауды және оны бірге жүзеге асыруды көрсетеді. Жалпы алғанда, 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Референдумға қатысатын әр қазақстандық Конституциялық өзгерістерге, толықтыруларға өздерінің жауапкершілігін арттырады. Яғни, оны елдің, халықтың өзі қабылдағаннан кейін сол өзгерістерге, жаңғыруға біз бәріміз жауапты боламыз. Референдум жауапкершілікті ғана емес, көпұлтты еліміздің бірлігін де арттыра түседі. Осы жолы жүзеге асырылатын референдумдағы басты ерекшелік – халықпен санасу, бірге таңдау жасауда деп ойлаймын. «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы бұл өзгеріс батыл қадам екені айдан анық. Біз осы мүмкіндікті ұтымды пайдалана отырып, саяси бетбұрысқа бәріміз атсалысып, халықпен бірлесіп, еліміздің дамуына бірге үлес қосуымыз керек.  

Бұқараның билікке сенімін арттырады

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық  филиалының атқарушы хатшысы,  облыстық мәслихаттың депутаты: – Конституциялық референдум арқылы суперпрезиденттік басқару жүйесінен түбегейлі бас тартып, ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға айналамыз. Сол өзгеріс арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнайды. Осынау бағытта қайта түзіліп, қарапайым халықтың талғам таразысына ұсынылған жобаның Қазақстанның кемелдену кезеңіне кепіл боларына көзіміз жетіп отыр. Референдумнан соң Ата Заңға сай Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға шектеу қойылады. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар арқылы Президент өзінің көп өкілеттігін биліктің басқа тармақтарына бөліп беруі де – халықтың билікке деген сенімін арттыра түспек. Билік бөлінісіндегі мұндай тепе-теңдік еліміздегі саяси жүйені демократияландырудың алғышартына айналары сөзсіз. Дәл қазір біз жаңаруды бастан кешіп жатырмыз. Бұл орайда алдағы Референдум Жаңа Қазақ­стан­ның тарихи мүмкіндіктеріне жол ашады! Елдің ертеңі үшін таңдау жасайтын тарихи сәтте жұдырықтай жұмылып, бірлік танытайық!