Кешенді шешетін мәселелер көп – Мақпал Мыса

Кешенді шешетін мәселелер көп – Мақпал Мыса

Қазір қант тапшылығы сезіле бастады. Тіпті, кей өңірлерде қантқа талас қат­ты күшейіп тұр. Ауық-ауық дүкен­дер­дегі тартыстың да видеолары әлеуметтік желіде қылаң беріп қалады. «Бізде қант тапшылығы жоқ» деп алдаусыратқанымызбен, өңірлердегі жағдай мүлдем басқа секілді. Отандық өндіріс неге ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отыр? Күні кеше ғана қызылша өндірісі шоғырланған өңірге барып қайтқан Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясының фракция мүшесі Мақпал Мысаға осылай сауал тастадық. – Қант қат. Ресей тәттінің экспортына тыйым салғанымен, отандық өндіріс ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай ма? – Рас, біз аграрлы мемлекет саналғанымызбен, өкінішке қарай, ішкі сұранысты қамтамасыз етуге әлі де қол жеткізе алмай жатқан жайымыз бар. Басқаны қойғанда, ет пен сүттің де біраз бөлігін сырттан тасымалдау арқылы ішкі сұранысты қанағаттандырып отырмыз. Ал соңғы жылдардағы статистика бойынша, біздің ішкі өндірісіміз елдегі сұраныстың 40%-ын ғана қамтамасыз етіп отыр. Қалғаны сырттан келеді. Импортталатын қанттың басым бөлігі Ресей өнімі еді. Ресейдегі жағдайға байланысты біздің нарықта қант тапшылығы орнауы табиғи жағдай болып тұр. – Қант тапшылығына әкелген тағы бір дүние қант зауыттарының шикізаттан тасымалдауы болса керек. Бұдан кейін миллиондап субсидия алып, қызылша егетін диқандардың жағдайы қалай болмақ? Қант зауыттарын отандық шикізатты пайдалануға міндеттеп немесе оларға субсидия түрінде көмек көрсете аламыз ба? – Ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс бойынша бізде өте көп мәселе бары жасырын емес. Қант өндіретін зауыттар бізде Алматы мен Жамбыл облысында. Оның шикізаты да осы өңірлерде өсіріледі. Алматы облысын аралап жүргенде қызылша өндірісі шоғырланған өңірлердің бірі – Ескелді ауданы тұрғындарының сөз қылған мәселелерінің бір шоғыры осыған қатысты болған еді. Жер тапшылығы, егістік шығындарының артуы, төленетін баға мен еңбек құнының арақатынасы – жеке шаруашылықтардың жұмысын тиімсіз қылуда. Қайта айналып кооперативтердің өзектілігі алдымыздан шығып отырады. Мәселені тек міндеттеу мен субсидия арқылы емес, кешендірек түрде, шаруалардың жұмысын тиімді қыларлықтай шешу керек. Тиімділігін көрсе, шаруалар еңбектен қашпайды, жаппай кірісуге дайын. Үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. – Байқасаңыз, тәттіге талас республиканың жекелеген өңірлерінде ғана болып жатыр. Сіздің ойыңызша, бұл әлгі өңірлердегі тұрақтандыру қорларының жұмысын ұйымдастырудағы қателігін көрсетпей ме? – Ең әуелі батыс өңірлерде қант тапшылығы сезілуі – ол облыстарға өнім Алматы мен Жамбылдан емес, Ресейден келетінінде болса керек. Дегенмен Үкімет соңғы айларда өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысын жіті қадағалауға алып, резервтік қордан өнімдерді үлестіру жұмысын барынша тиімді атқаруда деп ойлаймын. Қысқа мерзімдік тапшы­лықты резервтік қор арқылы шешуге болар. Ал ұзақ мерзімде – жаңа жағдайға байланысты, бір жағынан ішкі өндірістің тиімділігі мен көлемін арттыра отырып, екінші жағынан Бразилия сияқты ірі қант экспорттаушы елдермен сауда қатынастарын күшейту қажет болуы мүмкін.

Дайындаған Айым БЕКТҰР