Балалық шақтың кинодағы бейнесі
Балалық шақтың кинодағы бейнесі
© коллаж: Елдар Қаба
561
оқылды
Ең талапшыл көрермен де, ең шыншыл актер де – балалар. Сондықтан шы­ғар, қазақ киносындағы балалар бейнесінің гале­реясы әр адамның жүрек түкпірінде сақтаулы. Арада қанша уақыт өтсе де, бала кезде көрген әр кейіпкер есеймейтіндей. Экранда жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан қара дома­лақтарға қараған сайын көңілді шаттық кернеп, балалық шаққа қайта ора­латынымыз да рас. Жа­сындай жарқылдаған сол балалар қалай ержетті? Қазір қайда жүр? Қожа жетпістен асты Бердібек Соқпақбаевтың қа­ламынан туып, Абдолла Қарсақбаев таспалаған «Менің атым Қожа» фильмінің жарыққа шыққанына келесі жылы 60 жыл толады. Фильм экранға шыға салысымен, сынның астында қалған. Тек БАҚ бетіндегі дүмпуден кейін Канн фестивалінде жүлделі орын алып келген соң ғана бәсеңсіпті. Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Санжар сырттай қарағанда томаға-тұйық, артық-ауыс сөзі жоқ ұстамды кісі. Былтыр ғана жетпіс жылдығын тойлады. Бұрынғы бұ­зақы баланың ізі де қалмаған. «Қа­зақфильмге» Нұрлан Санжарға, өзге кейіпкерлердің атына жа­зыл­ған хаттарды пошташылар қаппен тасыпты. Кейіпкердің киноға түсуі­нің өзі кездейсоқ болған. Екінші режиссер Тұрар Дүйсебаев пен опе­ратор Михаил Аранышев кино­студия маңындағы дәмханаға бет­тейді. Бір жүгермек екі қызды ал­дына салып, қуып келе жатыр екен. Кино түсіргіш ағайлар «не де болса, бізге керек бала осы» деп, екеулеп жүріп жаңағы баланы «қақпанға түсіреді». «Жібер, жібер мені», – деп тулайды бала. «Не надо, не хочу я сниматься в кино!», – деп азар да безер. Жөн сұрағанда да қырсығып, тіс жармай қояды. Айнымаған Бер­дібектің Қожасы. Сонда Нұрланның әкесі айтыпты: «Балам өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып бітті. Ұятқа қалдырса, бізді кінәламаңыздар», – депті. Өнерге солай келген Нұр­лан Санжар, өзі де күтпесе керек, қазақ киносындағы ең танымал бейнені жасады. Ол педагогикалық институттың филология факуль­тетін бітіріп, мектептерде орыс ті­лінен сабақ берсе, кейін Бүкіл­ре­сейлік мемлекеттік кинематография институтында сценарист маман­ды­ғы бойынша білім алды. 1992 жылы Аманжол Айтуаровтың «Барсакел­меске саяхатының», 1993 жылы Қалдыбай Әбеновтің «Алла­жа­рының» сценарийін жазды, «Пе­ріште сәби» («Ангелочек») повесі­нің авторы. Талай режиссерден ұсыныс түскенімен, үнемі бас тар­тып келген Нұрлан Санжар бірер жыл бұрын Е.Рақышевтің «Менің де атым Қожасына» қатысты. Ал Сұл­тан – М.Көкенов, Жанар – Г.Құ­р­абаева, Жантас – Е.Құрмашев қазақ киносы көгінде жарқ етті де жоқ болды. Кино арқылы КСРО емес, Еуропа мен Батыс елдеріне та­нымал болған балалар түсірілім біт­кен соң бір-бірімен кездеспеген. Бір-бірін іздемепті де. Себебі белгісіз. Алпамыс – жеке кәсіпкер Бала психологиясының білгірі Абдолла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмі де көптің есінде. Алты жасар Алпамыстың рөлін ойнаған Ермек Төлепбаев шынында да ол кезде алтыға тола­йын деп тұрған еді. Бір қызығы, жас­тығына қарамастан, бұл фильм 5 жарым жастағы актердің дебюті емес. «Алпамысқа» дейін Тұраш Ыбы­раевтың «Ақ автомобиль» филь­міне түсіп үлгерген сүйкімді бал­дырғанның отты да тау суындай тұп-тұнық жанары режиссер наза­рын өзіне бірден аударыпты. Ол сәтті режиссердің ассистенті Серік Жармұхамедов былайша еске ала­ды: «Ірі пландағы Ермектің бейнесі Әбекеңнің есінде қалған болуы керек. Әбекең Ермектің көзін қат­ты ұнатты. «Көзі таза екен. Таңер­теңгі шық тәрізді. Ермектің бо­йында балалық нәзіктік бар, ашы­лып келе жатқан гүл сияқты» дей­тін. Сөйтіп, бас кейіпкердің рөліне Ермек Төлепбаев бекітілді». Жа­сындай жарқыраған дарын «Алпа­мыс мектепке барады» картинасы жарыққа шығысымен-ақ көрермен есінде жатталды. Актерлік даңқы көз ілеспес жылдамдықпен биікке көтерілді. Өзін Алпамыс атан­дыр­ған айтулы фильмнен кейін де Ер­мек Төлепбаев 1979 жылы Виктор Пұсырмановтың «Алатаудың күміс мүйізі», 1980 жылы Серік Райбаев­тың «Әнші аралдың құпиясы», 1983 жылы Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызында» ойнады. Бірақ неге екені белгісіз жас баланы көрермендері кино әлемінен жо­ғалтып алды. Он үш жасынан кейін Алпамыс – Ермек кино алаңына мүлдем жолаған жоқ. Болашағын өнерге қатысы жоқ басқа саламен байланыстырды. Мектепті тәмам­даған соң Халық шаруашылығы институтын және Қазақ мемлекет­тік заң академиясын бітірді. Бір­талай жыл Д.Қонаев атындағы университетте және Экономика академиясында оқытушы болып, кейін жеке кәсіпкерлікке ауысты. Киноға жанын салды Қаншама жыл өтсе де көруден жалықпайтын фильмнің бірі – «Көк­серек». Басты рөлдегі Қамбар Уәлиев 1971 жылы Қ.Қасымовтың «Шоқ пен шерінде» Ғалымжанды ойнады. Екі жылдан кейін «Көк­серекке» келді. Сәл кейін «Ән пә­нiнен – 4» картинасында – Ермек, «Құрманғазы» фильмінде – бала Құрманғазы, «Шаңырақта» Ерлан рөлін сомдады. Дегенмен бала ак­тердің ең белгілі жұмысы «Көк­се­ректегі» Құрмаш еді. Қырғыз ре­жис­сері Толомұш Өкеевтің кино­сында қасқырдың күшігін қойнына салған мейірімді балаға өзі өсірген бөлтірік бас салатын. Фильм Қам­бар Уәлиевтің атын шығарғанымен, актер «Көксерекке» түскені үшін қатты өкініпті. «Шыны керек, кей­де осы киноға түскеніме өкінемін. Мен кинодан кейін күлмейтін жан­ға айналдым. Фильмнің әрбір эпи­зодын көңілдегідей түсіру оңайға соқпады. Кинода ашуға булыққан Аханқұл бөлтірікті менің қолымнан жұлып алып, атына қарғып мінген сәті естеріңізде болар? Құрмаштың «ағатайлап» шырқырап жүгіргені... Бірақ оны тыңдайтын Аханқұл қай­да? Бөлтіріктің желкесінен ұстап, өзенге атып ұрады. Сол кезде «бөл­тірігімді бер, бөлтірігімді қайтар» деп жанұшырған Құрмаш та суға белшесінен батып, күмп ете түседі де, сүйретіле суға малшынған кү­шігін жағаға алып шығатын жері бар ғой. Мәселен, сол бір ғана эпи­зодты түсіру үшін, сан рет дубль жа­салды. Қанша рет қайталанса, сон­ша рет суық суға малшындым. Күз­дің күні. Әр түскен сайын бо­йым тоңып, қалтырап қалам да, жағада ұзақ уақыт өксігімді баса алмай отырам» деп жазды өз есте­ліктерінде Қамбар Уәлиев. Осы қиындықтар бар-жоғы то­ғ­ыз жасар бала үшін оңайға соқ­пады. Сол күндердің зардабын есей­генде де тартты. Ақыры екі-үш жыл төсек тартып жатып Көксе­ректегі Құрмаш дүниеден озды. Тірі болса биыл Қамбар Уәлиев 59 жасқа толар еді. Сонда да актердің жарқын бейнесі көрермендерінің мәңгілік көз алдында қалды. Соңғы он жылда балалар тақы­рыбына арналып бар-жоғы он шақ­ты фильм түсірілген. Сәбит Құр­манбековтің «Секер», Ерлан Нұр­мұхамбетовтің «Аңшы бала», Да­нияр Саламат пен Бегарыс Елу­байдың «Бәйтерек», Асхат Ыбы­раевтың «Сиқырлы орман», Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаевтың «Жеңіс семсері», Талғат Теменовтің «Біздің қаламыздың кішкентай ханзадасы» және «Бала ғашық» фильмі болмаса, балаларымыз Абдолла аталары баяғыда түсіріп беріп кеткен, «Алпамыс» пен «Қо­жаны» елуден асқан жасына қара­мастан құрдас қылып әлі малданып жүрер ме еді. Балалар киносына аса қатты көңіл бөлінбейтіні осыдан да байқалып тұр. Бұған «Балапан» арнасынан әр жылдары жарық көр­ген «Томпақ», «Санжар мен Қай­сар», «Қалқанқұлақ» сынды тағы бірнеше сериалды қосуға болады. Қамбар қазір актер Жазғы демалысында ауылдағы ата-әжесінің үйіне келген қала баласы, оның қасқыр аулауға шығуы туралы баяндайтын фильм біраз баланы экранға телміртті. 2012 жылғы бұл туындыда қала ба­ласы Қамбарды сомдаған Санұржан Сүлейменов — қазір кәсіби актер. «Аңшы бала» Санұржанның кино әлеміне жасаған алғашқы қадамы болды. Жас актер одан кейін «Рэ­ке­тир-2», «Тракторшының махаб­баты», «Алдар Көсе» сияқты фильм­дерге түскен. Санжар мен Қайсар Бұл – «Балапан» телеарна­сының балаларға арналған тұңғыш теле­хикаясы. Кішкентай Санжар мен Қайсар көп баланың сүйікті ке­йіп­керіне айналды. Нұрдәулет Ес­бол­ған сериалдағы жаңалыққа құмар, өжет бала – Қайсардың рөлін сомдайды. 2013 жылғы се­риалдың кішкентай кейіпкерлері қазір қатты өзгерген. Нұрдәулет әлеуметтік же­ліде танымал, парақ­шасын белсенді жүргізеді. Түрлі вайндар түсіріп, іс-шаралар жүргі­зумен айналысады. Тентек Қайсармен салыстыр­ғанда Санжар — білімге құштар, тәр­тіпті бала. Қайсар екеуі тығы­рық­қа тірелген сайын амалын та­уып, қиындықтан алып шығатын да Санжар болатын. Сериалдағы кішкентай Санжар рөлін сомдаған Абылай Жұмабай қазір 20-да. Актерлік жолын жалғастырып жүр. Жас жұлдыз Gakku телеарнасының «Бір тоқсан» сериалына да түсті. Томпақтағы Тасболат «Сақ киностудиясы» түсірген «Томпақ» балаларға арналған фильм­нің басты кейіпкері Тас­болатты танымайтын бала жоқ шы­ғар. Ақылды, алғыр, өз дос­тарының арсында беделді, көңілді, тапқыр баланың рөлін сомдаған Арман Қасымбеков болатын. Арман қазір 23 жаста. «Томпақтан кейінгі өмірім қалай болды дегенге былай жауап берейін, одан соң біраз киноларға шақырды, бірақ оқуға байланысты ешқандай киноға барған жоқпын. Содан екі жыл өт­кеннен кейін Сақ киносту­диясына келіп, жұмысқа орналастым», – дейді Арман Қасымбеков. Әр баланың жүрегінде өз ба­тыры болады. Оны қалыптасты­ра­тын – кино атты құдірет. Сондықтан да «Балалар жылында» балалар киносына айрықша көңіл бөлуіміз керек. Әйтпесе балаға арнап фильм түсірмейтін қоғамның болашағы бұлыңғыр.