Камера алғанның бәрі киногер емес
Камера алғанның бәрі киногер емес
© коллаж: Елдар Қаба
687
оқылды
Бүгінгі қазақ киносы жайлы айтылар пікір алуан түрлі. Көрерменге жол тартқан жаңа туындыны сол сәтте бірі даттап, бірі мақтап жататындарға да үйреніп кеттік. Қазақ киноиндустриясын сынайтындардың дені режиссерлік жұмыстың әлсіздігін тілге тиек етті. Әрі бұл тұрғыда олардың ойымен келісуге болатындай. Жыл сайын режиссер мамандығына мемлекет тарапынан арнайы грант бөлініп оқытылады. Алайда қолына «киногер» деген дипломды алғаннан кейін сол жастардың көбі басқа салаға кетеді. Бірінің киноға деген қызығушылығы ерте сөнсе, бірі мамандығына сай жұмыс таба алмайды. Ал енді бірі кино түсіруге құмартқан актер мен әншіден жалыққан. Режиссураны бітірген түлектердің бірі – Жанар Төлеген. Ол қазір театрдың баспасөз қызметінде жұмыс істейді. Қолы қалт еткенде түсірілім алаңына да барып тұрады. Оның айтуынша, кино түсіретін жобалар тек жазда тоқтаусыз жұмыс істейді. Ал қыста түсірілім мүлдем аз. – Қазір 1-2 видео түсіріп, өзін режиссер санайтындар бар. Жылына Қазақ ұлттық өнер университетінен 60-70 жас «режиссер» мамандығын алып шығады. Режиссураны бітірген түлектердің барлығы кино түсіріп жүр деп айта алмаймын. Режиссура адамға талант арқылы беріледі. Кино мектепке түсіп, жақсы киногер болып кетесің деген ешқандай анықтама жоқ. Барлығы еңбекпен, талпыныспен келеді, – дейді Жанар Төлеген. Кезінде мектеп бітіре салысымен «режиссура» мамандығына оқуға қабылдамайтын. «Режиссер» деген ақылы толып, оң-солын таныған соң оқитын мамандық деп айтылатын. Ал қазір оқымай кино түсіретіндер, 4 жыл оқып киноның маңайына баспайтындар көбейген. Еріккеннің ермегіне айналды Әйгілі кинорежиссер А.Тарковский: «өмірде кім болса сол жалына жармасатын бір ғана мамандық бар, ол – режиссер» дейді. Осыдан елу жыл бұрын айтылған бұл сөздің дәлдігіне бүгін анық көзіміз жетті. Қазір қолында ақшасы бар әнші мен актер жаппай кино түсіруге көшті. Олардың басты мақсаты өнерге үлес қосу емес, киноны кәсіпке айналдырып ақша табу екені айтпаса да анық. Кинодраматург Талғат Теменов режиссураны мамандық деп санамайды. Оның пікірінше, режиссура – сезімін сабақтастыра алатын, қалып­тасқан, сан салалы білімді адамның кәсібі. Кезінде Бүкілодақтық киногерлер инсти­туты режиссураға оқуға 25 жасқа дейінгі жастарды алмайтын. Өйткені 18-20 жаста­ғы балалардың өмірге деген көзқарасы толық қалыптаспайды. Бүгінде той бизнес пен шоу бизнестің өкілдері бұл мамандықты ермегіне айналдырып алды. Бұл дұрыс емес. Мұның соңы өнерді қадірлей алмайтын, арзан күлкіні «кино» деп білетін таяз жастардың қалыптасуына әкеліп соғады. – Кәсіби режиссураны бітірген жастар мамандығы бойынша жұмыс істемей, бірі телевизияға кетсе, бірі тойды түсіріп жүр. Бізде режиссураны ақылы бөлімде оқитындар көп. Себебі шетелдегімен салыстырғанда елімізде режиссураны оқыту ақысы арзан. Нәтиже­сінде, бізден ортаңқол режиссерлер шыға­ды. Кезінде «Қазақфильм» жас режис­серлерді баулып, дарындыларына бағдар беретін үлкен мектеп еді. Соңғы жылдары «Қазақфильм» бұл жағынан ақсап тұр, – дейді Талғат Теменов. Жалпы қай кезде де режиссураға кездейсоқ келген адамдар болды. Бірақ, олар режиссураны нағыз өнер мектебі деп қабылдады. Ал қазіргілер қосымша айналысатын ермекке айналдырып алды. Жартылай интеллекттерімен иі қанбаған іртік-іртік дүниелер тудырып жүр. Жас киногер Жандос Құсайыновтың айтуынша, қай саланы алып қарасақ та базалық білім алып шыққандардан кәсіби маман шықпайды. Маманның біліктілігі өзін-өзі жетілдіруіне байланысты. Заман тез өзгеріп, трендтер де жаңарып отырады. Елімізде жақсы маманға тапшылық байқалады. Әркім өз орнында отырған жоқ. Бұл феномен барлық жерде бар. Неге маман тапшы? Өйткені заманның сұранысына сай маман аз. Қоғамда «режиссураны оқытпау керек» деген де пікір бар. Айталық, ақын мен суретшіні оқытпаса да болады. Өйткені олар туғаннан талантты. Режиссура да сондай. Камера алғанның бәрі режиссер бола алмайды. Екінің бірі кино түсіріп жатса, бұл өтпелі құбылыс. Уақыт өзі бағасын береді. – Осы саланың өкілі ретінде Қазақстанда режиссураның әлсіз екенін мойындаймын. Кәсіби режиссерлер жоқ болған соң қолынан ебі келетіндердің бәрі кино түсіріп кетті. Ол кинолардың сапасын халық та біледі. Ешкімге кино түсірме деп айта алмаймыз. Халық өзі екшеп алады. Менің ойымша, бұл мәселеге қатты мән берудің қажеті жоқ, – дейді Жандос Құсайынов. Күлдіре алмайтын да комедия болады Шымшық сойса да қасапшы сойсын демей ме? Кезінде «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Банды­ны қуған Хамит» сынды қазақ кино тари­хында алтын әріптермен жазылған дүние­лер көп еді. Қанша көрсек те жалықпай, анда-санда мейрамдарда ғана жылт еткен өнер жауһарларын әр қазақ қозғалмай тамашалайтын. Ал қазір қалай? Бір рет көрген киноны екінші рет көре алмайтын, комедияға күліп отырып ойлана алмайтын деңгейге жеттік. Сапасыз киноның салдарынан қалың көрерменнің талғамы да түсіп кетті. Ал кей көрермен қазақ­стандық киноларға бармайды да. Мұның бәріне түптеп келгенде мықты режиссер дайындай алмағанымыз себеп. Кино­режиссер Ермек Тұрсыновтың айтуынша, тәуелсіздік алған кезде жылына бір кино шығатын. Ал қазір елімізде жылына 76 толықметражды фильм түсіріледі екен. Соның 90 пайызы комедия. Күлкінің де түр түрі болады емес пе? Біздікілердің жаппай түсіріп жүргені мағынасыз күлкі шақырады. Негізі қазақ әзіл-қалжыңға, күлкіге өте жақын халық болатұғын. Әсіресе ауылдағы үлкендердің бір-бірімен әзілі жарасатын. Ол жай күлкі емес, астарлы, мағыналы күлкі. Кейде күліп алғаннан кейін жылағың келеді. Ойлан­дыратын күлкі болады. Ал қазіргі комедиядағы күлкі ең арзан күлкі. Сол киноны түсіріп жүргендер көрермендерін улап жатыр. Оларға қой деп жатқан адам жоқ, ал өздері не істеп жүргендерін білмейді. – Егемендік алғаннан кейін кез келген адам кино түсіре беретін болды. Бірақ өнер адамында жауапкершілік деген болуы керек. Сен осы өнерге не үшін келдің? Айтарың бар ма? Қандай шындықты іздедің? Жоқ, әлде ақша табу үшін келдің бе? Кино түсіргенде сен адамды бір жарым сағатқа ойландыруға, миын қосуға келесің. Ал қазіргі кинолар бір жарым сағатта миыңды өшіріп тастайды. Шыққаннан кейін не көргенін көрермен айта алмайды, – дейді Ермек Тұрсынов. Шынымен де, қазір тас лақтырсаңыз режиссерге тиетін заман болды. Кәсіби киногер емес адамдар да өзін режиссер санайды. Бұл қазақ киносының дамуына емес, өшуіне әсер етіп жатыр. Сондықтан кино түсіруді реттейтін арнайы заң қабылдау да артық етпейді. Сол кезде ғана режиссерлердің кәсіби тұрғыдан қанша­лықты білікті екенін бағамдап, кино әлемін кездейсоқ адамдардан тазалай аламыз.