«Жемқорлық – індет, жою – міндет» деген ұранды бүгінде ұғынбайтындар көбейген секілді. Олай дейтініміз – «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтуға құлықтылардың қарасы артуда. Оны біз айтпасақ та, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексерісі талай нәрсені әшкере қылуда. Аталған мекеменің зерделеуіне зер салсақ, өткен жылы Жамбыл облысында жаға ұстар талай жайттар болыпты.
Ақпарақтағы ақпаратты емес, нақты фактіні сөйлетсек, былтыр облыста мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны негізсіз жоғары қою деректеріне сан мәрте жол берілген. Мәселен, Жамбыл облысы әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының «Сәулеттік бюро» мекемесі үш компьютер сатып алуға бақандай 4 344 000 теңге қойған. Яғни, аталған мекеме бір компьютердің бағасын 1 448 000 теңгеге бағалаған. Қандай логикаға салсаңыз да, 1 компьютердің құны 1,5 миллион теңге тұрмайтыны белгілі. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев та растап отыр.
– Тексеріс қорытындысын көріп, біз де таңғалдық. Кеңселік 1 компьютер 1,5 миллион теңге тұруы мүмкін емес. Бұл фактіні зерделеу барысында сауда орындарындағы ең қымбат компьютер 700-800 мың теңгеге бағаланатыны анықталды. Біз барлық мәселеге толыққанды көз жеткізу үшін ең заманауи бағдарламаны көтере алатын компьютердің де бағасын сұрадық. Алайда бірде-бір компьютер құны 1,5 миллион теңге тұрмайтын болып шықты.
Дәл сондай облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты №9 қалалық емхана да былтыр «ЛАДА ВЭСТА» маркалы қызметтік автокөлігін алу үшін мемлекеттік сатып алуға 5 090 000 теңге қойған. Тексеріс барысында аталған маркалы көліктің құны 4 320 000 теңге тұратыны белгілі болды. Бұған біз аталған автокөлікті сатылымға шығарған компанияның «ladaauto.kz.» ресми сайтынан да көз жеткіздік. Демек, темір тұлпардың бағасы өз құнынан 770 мың теңгеге өсіп, мемлекеттік сатып алу порталына қойылған.
Тағы бір факт – Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты тіркелді. Аталған бөлім «ЛАДА Х РЭЙ» маркалы автокөлікті сатып алуға 5 100 000 теңгеге мемлекеттік тапсырыс берген. Алайда аталған көліктің бағасы нарықта 4 360 000 теңге тұрады. Дәл осындай қызметтік көлікті көк тіреген бағамен сатып алу жайттары облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Байзақ аудандық орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінде, Талас аудандық орталық ауруханасында, Жамбыл ауданы әкімдігінің білім бөлімінде және облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде тіркеліп отыр. Бұл деректердің барлығында сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылықтар бар, – дейді Равиль Қуанышбайұлы.
Құзырлы сала маманы құрыққа іліккен осындай фактілердің бетін ашты. Бұл аз десеңіз, мектептерде де мемлекеттік сатып алуды «майшелпекке» айналдырған жайттар кездескен екен. Мәселен, Қордай ауданындағы М.Төлебаев атындағы өнер мектебі пианино сатып алуға 1 120 000 теңгеге лот жариялаған. Алайда жүргізілген зерделеу қорытындысы аталған қондырғыны сатып алу үшін баға 500-700 мың теңгеге қымбат қойылғанын анықтап отыр. Дәл сондай Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі де 18 баян сатып алу үшін 14 848 828 теңгеге мемлекеттік тапсырыс берген. Оның ішінде 6 072 000 теңге екі дауысты қарапайым оқыту құрылғысын сатып алуға қойған. Тексеріс барысында әр аспаптың бағасы – 200 мың теңгеге, ал жалпы 18 баян алуға 2 миллион теңге артық төленгені анықталған. Бір сөзбен айтқанда, тапсырыс беруші аспаптардың нарықтағы бағасынан екі есе қымбатқа мемлекеттік тапсырыс жариялаған.
Меркі ауданының білім бөлімі болса, газбен жылытатын қазандық орнату үшін 2 200 000 теңгеге мемлекеттік тапсырыс берген. Алайда тексеріс барысында аталған қазандықты орнату құны 1 000 000 теңге тұратыны белгілі болған. Осылайша, Меркі ауданының білім бөлімі 1 200 000 теңгені мақсатсыз жұмсаған.
Мемлекеттік сатып алу кезінде бағаның негізсіз жоғары қою фактілері Жамбыл облысында тек мұнымен шектелмейді. Агенттік бас-аяғы 600-ге жуық заңбұзушылықты анықтаған. Бұл өткен жылдың өлшемімен «іс бітіп, қу кеткеннен» кейін құзырлы органдар ешкімді жауапкершілікке тарта алмай отыр. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаевтың айтуынша, аталған фактілердің барлығында сыбайлас жемқорлықтың көрінісі бар көрінеді. Сондықтан биыл департамент мемлекеттік сатып алу механизмін жіті бақылауға алып, жаза басқандарды қатаң жазалаймыз деп отыр.
«Болары болып, бояуы сіңгеннен» кейін дабыл қаққаннан не пайда? «Биыл енді бүйтеміз» деп жоспар түзгенімізбен, бұған дейін талан-таражға түскен қазына қаржысын енді кім кері қайтармақ? Ең қызығы, құны екі еселеніп қойылған миллиондаған теңге кімнің қалтасына түсті? Агенттік мамандары не себепті осы мәселені бүге-шүгесіне дейін тексермеді?
Мұны Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов көңіл бөліп, жеке бақылауына алғаны абзал. Әйтпесе, күні ертең «жүгенсіз» кеткен басқармалар мен басқа арнадағы мекемелер мемлекеттік сатып алуды «майшелпекке» айналдырып, бұдан да сойқанын шығаруы бек мүмкін.
Саятхан САТЫЛҒАНОВЖамбыл облысы