Оралда санитарлық көлік жол апатына ұшырады. БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға 1 маусым күні М.Лермонтов пен Дәулеткерей көшелерінің қиылысында болған. Облыстық онкологиялық диспансердің «УАЗ» автокөлігі басты көшемен (М.Лермонтов) келе жатқан. Оған «Шевроле Кобальт» автокөлігі жол бермей қойғандықтан, санитарлық көлік аударылған. Оқиға орнынан 4 адам ауруханаға жеткізілген. БҚО Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, санитарлық автокөлік науқасты ауруханаға алып бара жатқан. Онда науқастан басқа дәрігер, курьер және жүргізуші болған. Олар ауыр жарақат алған жоқ. Дәрігерлік көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем алуға жіберілді. Дәрігерлерге жол бермей қойған жеңіл көліктің жүргізушісі медициналық көмектен бас тартты.