СҚО-да бір апта бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды
СҚО-да бір апта бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды
© el.kz
136
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар бір апта бұрын жоғалып кеткен ер адамның денесін судан алып шықты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. СҚО Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Мұратов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ер адамның денесі су бетіне шығып қалғанын айтты.
«Ол жерде Есіл өзенінің тереңдігі 4 метрге дейін жетеді, ені 800 метр шамасында. Ағыс оқиға болған жерден 8 шақырымға алып кеткен, яғни жағада көлігі қалған жерден 8 шақырым қашықтан табылды. Қазір марқұмның өзенге не үшін барғаны анықталып жатыр», – деді Марат Мұратов.
Естеріңізге салайық, 50-лер шамасындағы ер адам 25 маусым күні Есіл ауданы Покровка елді мекені маңындағы Есіл өзенінде жоғалған еді. Қайыққа мініп, өзенге шыққан ол құлап кеткен. Тек бір аптадан кейін ғана марқұмның денесі табылды. Марат Мұратовтың айтуынша, биыл өңірде 12 көл мен Есіл өзенінде суға шомылуға арналған 58 орын әзірленді.
«Тұрғындарды, демалушыларды суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Арнайы жарақтандырылмаған жерлерде, мас күйде суға түспеңіздер. Балаларды суға  шомылуға жалғыз жібермеңіздер, үнемі көз алдарыңызда болсын. Былтыр 22 адам, соның ішінде  6 бала суға кетті», – дейді басқарма басшысы.