Халықаралық жобаның шағын қалаға келуі
29-30 маусымда Арқалық қаласында «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобаның аясында «Саяси қуғын-сүргін: тарих тағылымы және қазіргі заман» тақырыбында форум өтті. Оның халықаралық түгілі республикалық іс-шаралар өткізіле бермейтін қалада өтуінің мәні зор.
Биыл 13-ші рет өткізіліп отырған бұл жоба республиканың түкпір-түкпірінде осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдарды, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарын жинап, ел тарихындағы қасіретті жылдардың ақтаңдақтары ашып айтылатын алаңға айналғаны белгілі. Бұрын облыс орталықтарында өткізілетін жиын өз тарихында тұңғыш рет шағын қалада – соңғы уақытта ауызға көп алынатын Арқалықта өтті. Оған басты себеп – алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, ұлт ұстазының және оның идеялас замандастары мен ізбасарларына тағзым етіп, олардың қасіретті тағдырларын қоғам жадында жаңғырту.
Бұл – осы ауыр тақырып жанын күйзелтіп, ел тағдырындағы қасіретті жылдар енді қайталанбауы үшін шын тер төгіп жүрген адамдардың басқосуы болды. Бұлай деуімнің себебі – елордадағы, Алматыдағы, көрнекі жерлері көп басқа қалалардағы жиындарға барып, жалындата сөз сөйлейтіндердің кейбіреуі қатысудан бас тартуын естуім. Әрине, өмір болған соң түрлі жағдайды болжап білмейсің. Дегенмен, бір апта бұрын билеттері жіберілген бірлі-жарым адамның дәл шығар күні «маңызды жиынға қатысатыны» сияқты түрлі сылтаулар айтуының ар жағында – өздері алдында жұқалап сұрастырған 1.«Арқалыққа ұшақ ұшпайтыны», 2.«жолы алыстығы» және сыпсың сөздерге сәйкес, 3.«жағдайдың тұрақсыздығы» болғандығы... өкінішті.
1. Кезінде күн сайын Алматыға екі, Мәскеуге екі рейс ұшатын Арқалық облыс орталығы мәртебесінен айрылғалы бері мұнда әуе қатынастары жоқ екені рас. 2. Алыстағылар елордаға ұшып келіп, әрі қарай поезға отырады. Өткен жылы «Тальго» жүрдек поезі қосылған, онымен келген қатысушылар жол қиындығын көрмегендерін айтты. 3. Арқалық бізді бала күннен таныс жаймашуақ қалпымен қарсы алды. Алдын ала барған бізді қала әкімінің орынбасары Т. Әубәкіров өзі ертіп жүріп іс-шаралар өтетін нысандарға алып барды. Қала көшелерін, студенттер жыпырлап жүрген институтты аралап жүріп, «тұрақсыздық» дегенді ойлап тапқан адамның қиялына таң қалдық.
Әдетте үлкендер «тарихымызды білмейді», «құндылықтарымызды қастерлемейді» деп жастарды кінәлауға бейім. Меніңше шын ғалым, шын ұлтжанды тұлға танымдық әңгімелер айтылатын кездесулер жиі өтетін ірі қалаларға емес, ондай мүмкіндіктері аз аудан орталықтарына, оңтайландыру таяғы көбірек тиген Арқалық, Жаңатас, Аягөз, Қаражал... сияқты қалаларға барып, жастардың көкірек көздерін ашып, бағыт-бағдар берулері керек.
Форумға келген ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларын, ізденушілерді осындай ұстанымдағы тұлғалар деп қабылдадым. Сәуле Жәкішева, Бағдан Момынова, Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп, Гүлшат Нұрымбетова, Жомарт Симтиков, Сейдахан Бақторазов, Нағима Сармурзина, Жабай Қалиев, Ермұхамет Маралбек, Серікжан Исмаилов, онлайн түрде Зайнидин Құрманов (Қырғызстан), Зулай Исакиева (Шешенстан), Наталья Калашникова, басқа да ғылым докторлары мен кандидаттары қатысуы форум деңгейінің қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді.
- Бірінші күн. Құрбандарға құран оқытылатын дәстүр бойынша қатысушыларды Кейкі мергеннің кесенесіне апарып, әрі қазақ елінің азат таңы үшін құрбан болғандарға дұға бағышталып, әрі Торғай жеріндегі көрікті сәулет құрылысы көрсетілуі – аз уақытты ұтымды пайдалану. Түстен кейінгі «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығында өткізілген саяси қуғын-сүргін ұрпақтарының қала жастарымен кездесуі, Арқалық қалалық Жас көрермен театрының Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері негізінде сахналанған «Не жазып ем...» атты қойылымы қатысушыларды ширықтырып, ертеңгі болатын іс-шараның мәнін арттыра түскендей еді.
- Екінші күн форум қатысушылары мен қала тұрғындарының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митингісінен басталды. Қала әкімі Әмірхан Асанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали, Ахаңның ұрпағы Ибраһим Атығайдың сөздерінен кейін А.Байтұрсынұлының бюстіне гүл қоюға тізіліп тұрған адам қарасының молдығын бүгінгі ұрпақтың Ұлт ұстазына деген құрметіне балап, көзге еріксіз жас үйірілді.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы