Референдум – еліміздегі маңызды саяси өзгерістер үдерісінің бастамасы - Тоқаев

Референдум – еліміздегі маңызды саяси өзгерістер үдерісінің бастамасы - Тоқаев 1

Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рауды қабылдады,  – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарға сапары аясында елімізге келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рауды қабылдады.Қасым-Жомарт Тоқаев Збигнев Рауға ілтипат білдіре отырып, Қазақстанның Польшамен және осы ұйыммен арадағы ынтымақтастықты нығайту үшін оның бұл сапарының маңызы зор екенін атап өтті.

Референдум – еліміздегі маңызды саяси өзгерістер үдерісінің бастамасы - Тоқаев 3

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдумға дайындық барысы туралы айтып, ЕҚЫҰ-ның осы маңызды шараға баға беру үшін өз Миссиясын жіберу жөніндегі шешімін қолдады.

– Референдум – еліміздегі маңызды саяси өзгерістер үдерісінің бастамасы. Қазақстанда демократияны ілгерілету жұмыстары үздіксіз жалғаса береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Збигнев Рау ұйымның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастығын жан-жақты талқылады.

Қазақстан Президенті Польшамен арадағы екіжақты ынтымақтастық жөнінде айта келе, осы елді Орталық Еуропа аймағындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 12 пайызға артып, 760 миллион долларға жетті.  Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін мүмкіндігіміз мол, – деді Қазақстан Көшбасшысы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

–  Менің бағалауым бойынша, алдағы референдум Конституцияға өзгерістер енгізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және нарықтық реформаларды ілгерілету жөніндегі Сіздің күш-жігеріңіз тұрғысынан үлкен серпіліс саналады. Алдағы референдум – оң өзгерістерге жол ашатын саяси ерік-жігердің айрықша белгісі. Сіздің еліңіздегі конституциялық реформалар демократия, бостандық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өткім келеді, – деді поляк дипломаты.

Збигнев Рау еліміздегі діни қауымдастықтар және азаматтық қоғам өкілдерімен өткізген кездесулері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ ол ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне жоғары баға беріп, Қазақстанда тұратын поляк диаспорасына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.