Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «AMANAT» партиясы жанындағы TALQYLAU диалог алаңының отырысына қатысты. «REFERENDUM 2022: Жаңа Қазақстанның Конституциясы» тақырыбына арналған іс-шарада елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар кеңінен талқыланды.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ашықтық пен демократия Жаңа Қазақстанның негізгі құндылықтарының бірі екенін айтты. Сондай-ақ ол жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға енгізу үшін ұсынылып отырған түзетулер осы құндылықтарға табан тірейтінін жеткізді.
Сенат Төрағасы халықпен кездесуде азаматтар тарапынан Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар өздерінің күнделікті өміріне қалай әсер ететіні туралы заңды сауал қойылатынын айтты. Осыған орай ол қолға алынған реформаның негізгі мәні мен мазмұнын халыққа қарапайым тілмен түсіндірудің маңызы зор екеніне назар аударды.
«Қазақстандықтар референдумға қатысып, Ата Заңымызға енгізілетін түзетулер үшін дауыс беру арқылы жаңа әділетті Қазақстан құру бастамасына қолдау көрсетеді. Жалпы, саяси өзгерістер мен Конституциялық реформа елімізде әділеттілік қағидатын нығайту үшін қолға алынып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері Конституцияға енгізу үшін ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттарына тоқталды. Аталған түзетулер адам құқығын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, Парламенттің рөлі мен депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыруға, өңірлердің дербестігі мен жергілікті билікті нығайтуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге арналған.
«Мемлекет басшысы ұсынған түзетулер кешені Жаңа Қазақстанның негізі ретінде барынша теңгерімді, ашық және бәсекеге қабілетті саяси жүйе құруға мүмкіндік береді. Азаматтарымыз осы өзгерістерге дауыс беру арқылы Президентіміздің елімізді жаңғырту бағдары мен Жаңа Қазақстан құруды қолдайтындарын білдіреді», – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер жүйелі саяси жаңғырудың басы ғана екенін де атап өтті.
«Конституциялық реформа Ата Заңға түзетулер енгізумен шектелмейді. Алдағы уақытта Парламент бірқатар жаңа заң қабылдап, қолданыстағы кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Бұл жаңғырудың мақсаты – ашық, теңгерімді, демократиялық саяси жүйе және бәсекеге қабілетті, әділ, сыбайлас жемқорлықсыз экономикалық орта құру. Сондықтан азаматтарымыздың 5 маусым күні референдумға белсенді қатысып, Жаңа Қазақстан үшін дауыс беруі аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, отырысқа «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, журналист Мақсат Толықбай, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина және тағы басқа сарапшылар қатысты.