Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының сессиясына қатысты.
Президент ең алдымен ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығымен құттықтап, мұны еліміз үшін мән-маңызы айрықша оқиға деп атап өтті. Сондай-ақ дамудың бірден-бір жолы ғылым екенін айтып, адамзат баласы жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткеніне тоқталды.
– Бұл ұйым құрылған кезден бастап қоғамдық дамудың көш басында болды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқожин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылды. Олардың әрқайсысы өз саласының асқар шыңын бағындырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар перзенттерінің еңбегін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады. Бүгінде жас ғалымдарымыз сол алыптардың ізін басып, жолын жалғап келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары ғылым жүйесінде едәуір өзгерістер болып, саланы тежеп отырған түйткілдерді шешу үшін нақты жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар өткен аптада Ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын айтып, еліміздегі 22 мыңнан астам ғалым санын осыдан 30 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда көп емес екенін атап өтті.
Президент академияның мәртебесін өзгерту мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл құрылымның 20 жыл бойы ғылымды басқару ісінен тыс қалғанын атап өтіп, оның қызметі әлемдік тәжірибеге сай жүргізілуі керек екенін айтты.
– Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де академияға берілгені жөн деп санайды. Сондай-ақ ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударды.