Ақмола облысында 15 жастағы  жасөспірімдер мінген көлік бірнеше рет аударылды
Ақмола облысында 15 жастағы  жасөспірімдер мінген көлік бірнеше рет аударылды
337
оқылды
Ақмола облысында көлік тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды Polisia.kz. 2 маусымда Степногорск қаласының Полиция басқармасына жедел жәрдем станциясының фельдшерінен жол апатына ұшыраған жасөспірімге медициналық көмек көрсетілгені туралы хабарлама келіп түскен. Алдын-ала ақпарат бойынша, 2 маусымда сағат 07:20 шамасында Макинск - Ақсу - Торғай тасжолының 129-шақырымында Степногорск қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны Volkswagen Golf автокөлігін тізгіндеп, рөлге ие бола алмай қалған. Осылайша, көлік шұңқырға құлап, бірнеше рет аударылып кеткен. Оқиға салдарынан 13, 15 және 16 жастағы кәмелетке толмаған жолаушылар көліктен ұшып кеткен. Олар түрлі жарақаттармен Степногорск қаласының ауруханасына жатқызылған. Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша соталды тергеу басталған. Сараптама тағайындалған. Автокөлік Степногорск қаласындағы айыппұл тұрағына қойылған.