Мемлекеттік рәміздер – еліміздің мызғымас негіздерінің бірі. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы үшін көк Ту мен Елтаңба – аса қастерлі! Әр азаматтың мемлекеттік атрибуттарды құрметтеуі – өз-өзіне көрсеткен құрметінің, болашағына деген сенімінің, өлшеусіз мақтаныш сезімінің көрінісі екені даусыз. Ал көк байрағымызды көкке көтеру – елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі.
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан көрші орналасқан Қазақстанның Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су алды. Тасыған су Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын басып, жеті мыңнан аса гектар егіндікті шайып кетті. Судан үркіп, үдере көшкен елдің саны отыз бір мыңнан асты. Осы кезде Фирдоуси ауылындағы су басып қалған мектеп маңынан судың астында қалған көк Туды алып шыққан жігіттің әрекеті көпшіліктің бойына отансүйгіштік сезім ұялатып, барша қазақстандықтарды қуантқан болатын.
Ол Түркістан облысының Жетісай ауданындағы полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Есімжан Надиров екен. «Көк туымыз екі жерде ғана көкте желбіреп, бойымызға ерекше сезім ұялатады. Мемлекетіміздің басшысы өзге елге барғанда және азаматы әлем чемпионы болғанда көтеріледі. Білсеңіз, бауырларымыз шетелде әлем чемпионы болып, әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз аспанда желбірегендегі сезімнің қандай болатынын тілмен жеткізе алмаймын. Оның әсері ерекше. Әлем сол кезде қазақ деген елдің бар екенін біліп, мойындайды. Мен өзім бокс мектебінде оқып, спортпен айналысқан жанмын. Олимпиада чемпионы болып, көк Туымызды алып шықсам деген арманым болатын», – дейді Есімжан Үсенбекұлы.
Түркістан облысы