Алматы. 1992 жыл болатын. Маусым айының 5-і. Кезекшілігімді атқарып, жұмысқа кешігіңкіреп келе жатырмын. Сонау Ақсай шағын ауданы жақтан орталыққа қарай бет түзейтін №43 автобус ырғалып-жырғалып келіп, Розыбақиев көшесіндегі аялдамаға тоқтай қалды. Адам лық толы. Мен де аяқ іліктіріп үлгердім. Төбедегі турникетке шап беріп, құламауға қам жасалды. Жолаушылармен етене жақын достардай қапсыра құшақтасып, сақұр-сұқыр жабылған есікті арқамен сезініп, қаумаласып-ақ тұрмыз.
А.Байтұрсынов көшесіне келгенде, кондуктор әдетінше «улица Космонавтов!» деп бұрқ ете қалды. Көшенің аты әлдеқашан өзгерген болатын. Жақсы жаңалық кондуктордың санасына жетсе де, жатырқаушылық басым сияқты. Ескі аттан айырылмайды. Одақтағы бүкіл ғарышкердің бәрі Жұлдызды қалашықты тастап, осы көшеде топталып серуендеп жүретіндей айтады. Әйтсе де, осы аялдамадан біраз адам түсіп қалып, кішкене еркінсіп қалдық.
Сары автобус Жоғарғы Кеңес алдындағы Астана алаңынан сылаңдап өтіп барады. Сол кезде терезе жақта тұрған біреу «Наш флаг! Наш флаг!» – деп саңқ ете түсті. О, тоба... Күні кеше ғана Елтаңба мен Тудың көптеген жобасы бәйгеге түсіп, арнайы комиссия мен жұмыс тобының отырысында қайта-қайта талқыға салынып жатыр еді. Қабылданған екен ғой!
Автобус толы жолаушылар қауымы енді сол жақтағы терезеге жапа-тармағай ұмтылды. Біреулер басын төмен салып, еңкейе сығалайды. Автобус ортасында терезе маңында қос ғашық тұр екен. Туды көруге ұмтылғандар олардан ыңғайсыз болды-ау деп, тартынып жатқан жоқ. Терезе әйнегіне қарай тықсырып барады. «Былай тұрыңыздаршы...» деп бипаздап жатқан бір жан байқалмады. Бар ниетіміз – көк Тудың желбірегенін көру.
Алға ентелеп, үңіле қарап жатырмыз, көріп жатырмыз. Еңселі ғимараттың ең төбесінде көк Туымыз аспанмен таласа асқақтай желбіреп тұр екен! Кеудеме қуаныш ұялап, мақтаныш сезімі пайда болды. Енді ешкімнен кем емеспіз! Көптен күткен Тәуелсіздіктің басты белгісі – осы көк Тумен жүрегіміз орнықты. Қазағы, орысы, ұйғыры мен кәрісі, немісі бар, басқа да ұлттарға лық толы бір қауым ел жиналған автобуста шынайы ынтымақтың лебі есіп тұрғандай. Шын мәніндегі достық пен татулықтың, ниеттестік пен тілектестіктің, ең бастысы – бірігу мен бірліктің көрінісіне куә болдым. «Наш флаг!» деп дүйім жұртқа жария еткен еңсегей бойлы өзге ұлт өкілін қуанғаннан құшақтап алғым да келді.
– Иә, тәубә, иә, тәубә... – деп өтіп барамыз. Жүрек дүрс-дүрс соғады. Жаңа өмірдің жаршысы, егемен елдіктің белгісі, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміз-айғағы – көк Туымыз құлашын кең жайып, жазғы самалмен жайқала желбірейді!
Сары автобустың жүрісі де ширай түскен секілденді. Жүргізушінің аяғы да акселераторды аямай басқан сияқты.
Сол кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне келіп түскен мемлекеттік Ту мен Елтаңба жобалары «Халық кеңесі» газетіне де жарияланатын. Ол тақырыпты жазу газеттің шолушысы, курстасым Жаңабек Тойбазаровқа тапсырылған болатын. Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның кескін-келбетіне бәйге жарияланып, жүздеген жобалар талқыға салынды. Елтаңба мен Ту жобасының бәрін бірдей газетке жариялаудың мүмкіндігі болған жоқ. Ең үздік, ең әдемі, мазмұны бай әрі мағыналы жобалар ғана іріктеліп газет бетінде жарық көрді. Жаңабек осы тақырыпқа бірнеше мәрте талдау мақала жазды.
Соның бәрі 30 жыл бұрын болған еді.
Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!