Елге белгілі журналист Александр Аксютиц қазір «Экспресс К» тізгінін ұстаған. Газетті ғана емес, сайтты да ұршықша үйіріп отырған Аксютицтің бүгінгі медиа, баспасөз нарығы туралы айтар өз пікірі бар. Журналистің бүгінгі баспасөзге берген бағасы қандай? Біздің сұхбатымыз да осы төңіректе өрбіді. – Сіздің «Экспресс К»-ға келуіңізбен газеттің жаңа дәуірі басталды деуге болады. Себебі газет интернет-басылымға айналды. Әр нәрсенің жақсы-жаманы бар дегендей, осы жобадан не таптыңыз, не жоғалттыңыз? – Дәл осыдан бір жыл бұрын «Экспресс К» газетінің баспа нұсқасын жауып, жаңа EXK.KZ ақпараттық порталын аштық. Сол аралықта сайттың көрсеткіші әлдеқайда өскен. Мәселен, сайтқа бір тәулікте 5 мыңнан 150 мыңға дейін оқырман кіреді. Сонда бір айлық көрсетілім 9,5 миллионға жетті. Білсеңіз, бұрын оқылымы 240 мыңнан аспайтын. Қазір тіпті үш миллиондай қазақтілді жазылушымыз бар. Бұрын ондай тіпті болмаған. Сондықтан біз осындай өзгерістерге барғанымызда қандай да бір шығынға ұшырадық деп ойламаймын. Оның үстіне, газеттің болашағы бар дегенге сенбеймін. Қазірдің өзінде интернет-басылым, яғни сайтымыз Қазақстандағы ең көп оқылатын жаңалықтар порталының үздік ондығында тұр. Ендігі мақсат – үштікке кіру. Сол себепті біз, яғни «Экспресс К» басты назарды қазақтілді аудиторияға аударып отырмыз. Әсіресе, ауыл-аймақтағы жағдайлар шаш етектен асады. Әрине, арасында атышулы ақпараттар үшін ұрсып та жатады. Бірақ сынға дұрыс қараймыз. Бір сөзбен айтқанда, оқырман нені қалайды, біз соны береміз. Оның ішінде жаңалық та, өсек-аяң да бар. Бастысы, оқырман бізден қалағанын таба алады. Ал оған дәлел – көрсеткішіміз. – «AMANAT», яғни бұрынғы «Nur Otan» партиясының бұрынғы баспасөз хатшысы, «Білім және мәдениет» және «Хабар-24» сияқты мемлекеттік телеарналардың экс-директоры ретінде айтыңызшы қазақтілді ортада, әсіресе БАҚ-та цензура бар ма? – Жалпы, ғаламдық интернет заманында ақпаратты шектеу мүмкін емес. Бірақ істейтіндер бар және ол бола бермек. Бұл – өмір заңдылығы. Бәрін бақылауда ұстағысы келетін ұмтылыс – шенеуніктердің қанында бар дүние. Алайда біз журналист ретінде шындықты білуге құқығымыз бар. Сондықтан қандай да бір ақпаратты таратарда кәсіби жауапкершілігімізді ұмытпауымыз керек. Кейде журналистердің өзі билікті арандатып, қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрлейді. – Қазақи ортада көбіне мемлекеттік басылымдар мен телеарналардан шынайы ақпарат алу мүмкін емес деген түсінік қалыптасқан. Осымен келісесіз бе? – Шыны керек, өзге масс-медианы бірдеңе деп сынап-міней алмаймын. Бірақ бізде жұмыс барысы қалай жүретінен айтайын. Мысалы, біз заңмен тыйым салынбаған дүниенің бәрін жариялаймыз. Алайда ешқашан саяси күрестің құралына айналмаймыз. Сондықтан қазақстандықтардың бірлігіне, ұлтаралық және дінаралық келісімге, мемлекетіміздің тұтастығына нұқсан келтіретін ақпараттың таралуына жол бермейміз. Соңғы уақытта Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері жиі байқалуда. Соның бәрі ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүзеге асып жатыр. Міне, осы нәрсе бізді алаңдатады. Сол себепті де біз фейк ақпараттарды анықтап, шындықты ғана жазып, қарсылық көрсете аламыз. – Қазақтілді журналистерді әріптес көресіз бе, әлде бәсекелес пе? Әлде ресейлік БАҚ-ты бәсекелес көресіз бе? – Ресейлік БАҚ-ты бәсекелес санамаймын. Шынын айтсақ, Қазақстандағы орыстілді аудиторияның басым бөлігі елдегі жаңалықтарды көбірек оқиды. Қазір сайтымызда қазақтілді 3 миллион, орыстілді 3 миллион оқырман бар. Енді сол аудиторияны одан әрі ұлғайту үшін барымызды салудамыз. – Қазақ тілін қаншалықты жақсы білесіз? – Қазақ тілін жақсы түсінемін, бірақ әзірге сөйлеуге қысыламын. Меніңше, бәрі алда, ол күнге де жетерміз. Оның үстіне, қазаққа күйеубаламын. Өйткені келіншегім – қазақ, балаларымда қазақтың қаны бар. Оған қоса, Қазақстан – менің Отаным. Елден кету ойымда жоқ. Сол себепті шегінерге жол жоқ. Сондықтан қазақшамды шыңдау үстіндемін. – Сіздің Salem Social Media деген жобаңыз бар. Сәтті шыққан, табысқа да кенелдіңіз. Қазірдің өзінде 12 миллион адам жазылған. Қазақстандықтардың көңілін веб-сериалдармен жаулап алған секілдісіз. «Сәке» сияқты сериалдардың қазақша нұсқасы неге жоқ? – Salem Social Media орыс тілінен гөрі қазақ тіліндегі телешоуларды көбірек түсіреді. Мысалы, біздің «Аппақ келін» атты жаңа жобамыз бар, көрсеңіз, сізді бейжай қалдырмайды. Оны Aitube.kz сайтынан көре аласыз. Жалпы, біздің салада қазақтілді контентке сүйенгендер ғана табысқа жете алады. Оған көзім жетті. Осыны «Экспресс К», Salem Social Media арқылы жүзеге асырып, дәлелдеп келеміз.