Балаларыма қазақ тілін үйрететін мұғалім таппадым – Михаил Козачков
Балаларыма қазақ тілін үйрететін мұғалім таппадым – Михаил Козачков
713
оқылды
«Қазір жастардың көбі қазақша сөйлейді. Қазақ тілін үйренуге ұмтылып жатқандар да көп. Сондықтан қазақ тілі еліміздің негізгі тіліне айналуда» деген «Время» газетінің тілшісі, Kozachkov offside Тelegram арнасының негізін қалаушысы Михаил Козачковпен еліміздегі БАҚ-тың алатын орны, қазақ тіліндегі қандай басылымды оқитыны туралы аз-кем тілдестік. – Бүгінде қоғам белсенділерінің көпшілігі сіздің арнаңызға жазылып, соңғы жа­ңа­лықтарды қалт жібермеуге тырысады. Ара­сында БАҚ та ақпарат көзін сіздің арнаңыздан алып жатады. Құпия болмаса, ол ақпаратты қайдан аласыз? Оның шынайылығын немесе дұрыстығын қалай тексересіз? – Қазақстандықтардың бәрі жаппай каналыма жазылған деп асырып жібердіңіз-ау. Мәселен, Telegram-дағы Ербол Еділов, Бейбіт Әлібеков, Qumash және «За нами выехали» деген арналардың алып жатқан ауқымы, яғни аудиториясы бірдей. Бірде іргелі, бірде арта түсеміз. Бір сөзбен айт­қанда, қатарымыздан қалыспай келеміз. Оның үстіне, бүкіл статистика ашық. Кім­дікі шынайы, кімдікі қолдан жасалған оқырман екенін тез-ақ байқауға болады. Журналист болған соң елге ақпарат жеткізу – менің жұмысым. Сондықтан да әрдайым қолыма түскен ақпаратпен бөлі­суге тырысамын. Әрине, әртүрлі ұйымда де­реккөздер бар. Бірақ сонымен бірге оқыр­манның өздерінен де ақпарат көп тү­седі. Өйткені кез келген жан Telegram арқылы тікелей өзіме жазып, байланысқа шыға алады. Адамдардан негізінен шағым көп келеді. Арасында әртүрлі оқиға бойын­ша видео, сурет, құжаттар да болады. Ал жемқорлықпен «ұсталғандар» туралы ха­барлама түссе, сол жағдайдың мән-жайын білетін адамдарға хабарласып, рас-өтірігін анықтауға тырысамын. Мұндайда ешкім ашық айта қоймайтыны белгілі. Үндемей, бас изеуінің өзі – ақпаратты растауы. – Қазақтілді БАҚ-та негізінен қазақ тілі, ұлтжандылық, ұлттық мәселелер секілді дүниелер көбірек жазылады. Қазақтілді журналистердің пікірімен келісесіз бе? Бұл жайында не айтар едіңіз? – Шынымды айтсам, БАҚ-ты тіл бо­йынша бөліп қарамаймын. Бастысы, бізде, журналистер қауымында күн тәртібі бір, өзекті мәселесі де бір. Тек ақпараттың берілуі – әртүрлі форматта. – Қазақтілді журналистерді әріптес ретінде көресіз бе, әлде бәсекелес санайсыз ба? Әлде сізге ресейлік БАҚ бәсекелес болып есептеле ме? – Меніңше, бізде медиа нарығы шағын ғана. Сол себепті де бізде ешқандай бә­се­келестік жоқ. Өйткені әрбір оқырман үшін қызыл кеңірдек болып тартысып жатқан­дарды байқамадым. Әйтеуір, елге ақпарат тарататын шартты түрде 3-4 сайт бар. Міне, солар екі тілде ақпарат береді. Ал қалғаны осыларды қуып жетуге әлек. Ре­сейлік БАҚ-қа келсек, олар­­­ды өзім бақыламаймын. Сон­­­дықтан арамызда бәсеке­лес­тік бар деп есептемеймін. – Жақында Demoscope оқыр­­­мандар арасында сауалнама жүр­­гізді. Олардың зерттеу нәти­же­сіне сенсек, респонденттердің басым бөлігі Ресейдің Украи­наға қарсы соғысын қолдаған. Ал мұның бәрі ресейлік БАҚ-тың ықпалы се­кілді. Ең қызығы, сауалнамаға жауап ­бер­ген қазақтілді қазақстандықтар Ресейді қол­дамаған. Бұл дегеніміз – олардың ре­сейлік­тердің ықпалының жетегінде кетпе­гені. Мәселені осы жағынан алсақ, біздің орыс­тілді БАҚ ұтылып қал­мады ма? – Сіз айтқаннан кейін де­реккөзді арнайы қарап шықтым. Ең алдымен көзге түскені – да­уыс берушілердің аздығы. Зерт­теуге бар-жоғы 1 348 адам қа­тыс­қан. Ал оны пайызға шақсақ, еліміз үшін аз көрсеткіш. Соған сүйеніп, қазақстандықтар жаппай ресейліктердің әрекетін қолдады деген шешімге келу дұ­рыс емес. Өзімнің Telegram каналымда елді да­уыс беруге шақырып, қатысқан 20-30 мың адам­ның дауысымен шеше салғандай көрінді. Шынын айтқанда, олардың сұрақта­рынан да ондай әрекетті байқамадым. Тіпті, бәрі бірдей қолдағанын да көрмедім. Көбі бейтараптық танытқан. Сондықтан мәселені осылайша үзілді-кесілді қарауға болмайды. Айналадағы таныстарымның өзі Ресейдің агрессиясын қолдамайды. Ке­рісінше, жөні түзу адамның бәрі бұл соғыс­ты үлкен қателік, адамзатқа жасалған ауыр қылмыс деп санайды. Ал бұған Қазақ­стан­дағы орыстілді БАҚ-ты жауапты ету тағы дұрыс емес. Бұл мәселені біржақты қарап отырсыз. – Сіздіңше, халық газет оқи ма? Өзіңіз қандай газетті оқисыз? Жазылып, әр нөмірін тігіп, жинақтайтын басылымыңыз бар ма? – Аға буын өкілдері әлі де газет оқиды. Оның ішінде көптеген жоғары лауазымды тұлға да бар. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, әр адамның әдетіне, үйреншікті дүниесіне байланысты. Мысалы, өз басым кітапты электронды түрін емес, кәдімгі баспадан шыққан қағаз күйінде оқығанды ұнатамын. Ал анам зейнеткер болса да, кітап­ты планшеттен оқиды. Сондықтан әр адам өзіне ыңғайлысын, қолайлысын пайдаланады. Бірақ пандемия кезі қағаз басылымдары үшін ауыр тиді. Кейбірі жабылудың аз-ақ алдында қалды. Бас­падан шықпай, сатылымда да бол­мады. Сол себепті олар бұрынғы тара­­лымын қайта жинап алады деген­ге күмәнім бар. – Қоғамда «Мемлекеттік басы­лымдар мен арналар шынайы ақпарат таратпайды» деген пікір бар. Келісесіз бе? – Шынымды айтсам, білмеймін. Өзім қарайтын басылымдардың ті­зімі бар, соны жібермей оқимын. Соның ішінде көптеген БАҚ жоқ. Әсіресе, ақпарат алуға Twitter тиімді. Теледи­дар­дан тек кино кө­ремін. Онда да Netflix-қа жа­зылып ал­­­­ғанмын, басқа ар­наларды қоспай­мын. Бірде Telegram арнам­да «Хабар телеарнасын көре ме?» деген қол­да­нушылар арасында сауалнама жүр­­гіздім. Сонда 84 па­йызының көр­­­мейтіні анық­тал­ды. Бұған 23 мың­нан астам адам дауыс берді. Тек 6 пайызы ғана, яғни екі мыңға жетер-жетпес қолданушы көреді екен. Меніңше, бұл demos.kz сайтынан гөрі объективті сауалнама. – Қазақ тілін білесіз бе? Үйренуге ты­рыстыңыз ба? – Қазақ тілін тұрмыстық деңгейде бі­лемін. Жақында автобуста бір әжейдің сөм­­кесін ұрлап кеткен еді. Полицияға барғанымызда ұрланған заттардың тізімін атап бергенім бар. – Қазақ тілінің мәртебесі өсіп, сұранысқа ие болды деп ойлайсыз ба? –Жалпы, Қазақстанда қазақ тілі – не­гізгі тіл. Байқасаңыз, қазір жастардың көбі қазақша сөйлейді. Әйтеуір, жүрген жерімде осыны байқаймын. Бірақ мұғалімдердің жетіспеушілігі, оқыту тәсілінің қиындығы барын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, былтыр жазғы демалыста балаларыма қазақ тілін үйрететін мұғалім таппадым. Білікті маманның бәрі бос болмады. Бұл қазақ тілін үйренуге ұмтылып жатқандардың көптігін көрсетеді. – Сұхбатыңызға рақмет!