«Ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолайлы жағдай ұйымдастырылған» – Халықаралық байқаушы
«Ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолайлы жағдай ұйымдастырылған» – Халықаралық байқаушы
204
оқылды
Референдум бойынша халықаралық ақпарат орталығында шетелдік байқаушылар брифингі басталды. Брифинг әр сағат сайын түрлі мемлекет өкілдерімен өтеді. Алғашқы брифинг Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының өкілі Бекматов Әбдіжаппар Ғапырұлымен өтті. Ол алдымен барша қазақстандықтарды республикалық референдумның басталуымен құттықтады. Референдумның маңызына тоқталып, ел аумағында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына байланысты пікір білдірді.
«Қазақстан үшін бүгін тарихи күн. Осы уақытқа дейін өте ауқымды жұмыстар атқарылды. Себебі мұндай республикалық маңызы бар шараны өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Халыққа ақпарат тарату жұмыстары да жоғары деңгейде жүргізілді. Мемлекеттік орган өкілдері, мемлекеттік арналар, БАҚ, әлеуметтік желі, елге белгілі тұлғалар бәрі де үгіт-насихат жұмыстарына белсене қатысты» – деді Әбдіжаппар Бекматов.
Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының өкілі өзі болған сайлау учаскелеріндегі жағдайға да тоқталып өтті. Байқаушының айтуынша, қазақстандықтар референдумға белсенді түрде қатысып жатыр.
«Біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Барлығында байқаушыларға да, сайлаушыларға да қажетті жағдай жасалған. Мүгедектігі бар жандарға арналған жағдайды ерекше атап өткім келеді. Сайлау учаскелерінің бәрінде арнайы пандустар мен кабиналар бар. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолайлы жағдай ұйымдастырылған. Референдумға қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Біз барған учаскелердің бірінде 2 мыңнан астам азамат тіркелген екен. Сол жерде аз ғана уақыттың ішінде 100-ден астам адам дауыс  берді», – деп баға берді Әбдіжаппар Ғапырұлы.