«Судың да сұрауы бар» дейміз, дейміз де қоятынбыз. Бірақ судың шын сұрауы енді туғандай. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан болашақта су тапшылығына ұшырауы мүмкін» деген мәселені ғалымдар көтеріп келген болатын. Енді ел Үкіметі болып қолға алып, шара қабылдауға кірісті. Себебі шынымен қауіп кірді. Жалғыз біздің мемлекет емес, барлық елде суға зәрулік туындай бастады.
24 қаңтар күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикамыздағы су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтерді. Көтеріп қана қойған жоқ, осы мәселемен айналысатын жаңа ведомство құрылмайтынын, Су ресурстары комитеті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында қала беретінін қадап айтты. Демек, жаңадан арнайы орган құрып, жасақтап отыруға уақыт жоқ. Су комитетінің Экология министрлігінің құрамында қалуы да аталған саланың экологиялық ахуалынан хабар беріп тұрғандай.
«Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен, шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды. Осыған сүйеніңіздер!» деп тапсырды Қ.Тоқаев аталған отырыста. Президент осыны айтқан соң бірден министр Мағзұм Мырзағалиевке қайырылып: «Сіздердің бағдарламаларыңыз бар ма?» деп сұраған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 10 негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгендігін айтты. «Су саласынан көріп отырған негізгі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырым болды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған орай, біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сияқты бірқатар шараны қабылдауымыз керек. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге кірісеміз», – деп жауап берді министр.
Иә, Қазақстанның су тапшылығынан қауіптенетін жөні бар. Су көздеріне деген қажеттілік, тұтыну көрсеткіші енді жиырма жыл ішінде 56%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Ең бірінші мәселе – трансшекаралық өзендер жағдайы. Еліміздегі суы мол, ұзын аққан өзен атаулының дені басын сырттан алады. Іле мен Ертіс Қытайдан келсе, Сырдарияның басында Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы отыр. Жайықтың бастауы – Ресей жеріндегі Орал тауында. Сондай-ақ Шу өзені де Алатау асып жетеді. Бұлар – еліміздегі негізгі су көздері. Ертістің суы азайса, Зайсан көліне, Іленің суы азайса, Қапшағай мен Балқашқа, Жайықтың суы тартылса, Каспий теңізінің ертеңіне зиян келмек. Сырдың суы дария бойын жайлаған тұтас аймақ пен беті бері қарай бастаған Аралға қауіп төндірмек. Алайда келешектің тізгіні «тіршілік көзінде» тұрғанын жақсы білетін мемлекеттер су аяғындағы елді есіркеп, тегін дүние ұстатпасы анық. Осыған байланысты Қазақстан «Су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жобасын дайындауға кірісті. Бұл – әрине ең маңызды бағыттың бірі. Себебі трансшекаралық өзендердің тағдыры дегеніміз – өзеннің аяғындағы мемлекеттің тағдырын шешетін жағдай.