Ақмолалық сайлаушылардың белсенділігі жоғары
Ақмолалық сайлаушылардың белсенділігі жоғары
192
оқылды
Ел тарихындағы тұңғыш рет Ата Заңға енетін өзгерістерге орай өткізіліп отырған референдумға ақмолалықтар да белсене қатысуда. Таң азанымен учаскелік бөлімдерге барып дауыс берген халықтың көңіл күйі де ерекше. Жалпы Ақмола облысында 507 447 сайлаушы, 718 сайлау учаскесінде өз дауысын беруде. Облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Күндізгі 12-ге дейін барлық сайлаушылардың 41,31 пайызы өз дауысын беріп үлгерген. Алғашқылардың бірі болып сайлауға облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қалалық №1 орта мектебінде орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді. Ақмола «Жаңа ғана өз дауысымды бердім. Бүгін еліміз үшін аса маңызды саяси оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен референдум өтіп жатыр. Облыс бойынша халықтың белсенділігі жоғары. Халықтың көңіл күйі жақсы. Бұл өңір халқының ел тағдырына бей- жай қарай алмайтынын айғақтайды», - дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев. Облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, өңірде Көкшетау және Ақкөл қаласында шетелдік бірнеше бақылаушылар, сонымен қатар ел ішіндегі сайлау учаскелерінде партиялар, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.