Мақсатымыз – 10 000 астам білікті IT маманын дайындау – Арман Сүлейменов

IT

6 маусым күні Алматы қаласында nFactorial School мектебінің «Шеврон» компаниясымен және ITeachMe қоғамдық қорымен бірлесе отырып, Satpayev University қолдауымен IT мамандарын даярлайтын жазғы мектептің салтанатты ашылуы өтті.

Тегін жаздық мектепке бағдарламалау  бойынша Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200-ден астам қатысушы келді. Ашылу салтанатында Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, «Шеврон» компаниясының өкілдері мен қазақстандық және халықаралық компанияларда жұмыс істейтін nFactorial School мектебінің түлектері қатысты.

Аталған іс-шараны nFactorial School мектебінің негізін қалаушы, pinemelon.com америкалық стартапының басқарушы директоры, IT кәсіпкер, Принстон университетінің түлегі Арман Сүлейменов ұйымдастырды. Арманның білім беру жобалары 2015 жылдан бері 650-ден астам қазақстандық IT маманын дайындап шығарған болатын.

Жас IT кәсіпкердің айтуынша, nFactorial School миссиясы – 10 000 жоғары білікті IT маманын дайындау және бүкіл әлемде жүз миллиондаған адамға Made in Kazakhstan таңбасы бар бағдарламалық жасақтама өнімдерін ұсына отырып, Қазақстанды әлемнің «технологиялық» қартасында таныстыру.

«Еліміздегі IT мамандарының санын көбейту үшін мемлекет бұл саланы жастарға мектеп кезінен оқыту керек деп ойлаймын. Яғни, бағдарламалауды  жоғары оқу орындарында ғана оқытпай, мектеп бағдарламасына да енгізсе жастардың бұл салаға деген қызығушылығы артып, IT мамандарының саны біршама көбейетін еді. nFactorial-дағы 3 ай ішінде қатысушылар веб-бағдарламалау және дизайн негіздерін үйренеді. Оқу барысында қатысушыларға Meta, Google, Apple, Amazon, Reddit, Deepmind, Stripe сияқты технологиялық алып компанияларда және ТМД елдерінің ірі IT компанияларында жұмыс істейтін nFactorial School түлектері тәлім беріп, IT өнімдерін халықаралық нарыққа шығару және ақшалай пайда әкелу жолдарын таныстырады», – деді Айдар Нұғыманов.

Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясовтың айтуынша, IT білім беру жобалары мемлекеттің дамуында маңызды стратегиялық және әлеуметтік рөл атқарады.

Жазғы жобаны ұйымдастырушылардың мақсаты IT саласында үздік мамандарды әзірлеу. Нәтижесінде, қатысушылар 150-ден астам қазақстандық өнім әзірлейді және ең үздіктері инвесторлар мен кәсіпкерлерге стартап презентация ретінде ұсынылатын болады.

Асемай Макуова

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.