Түркістан облысының кеден бекеттерінде көрші ел азаматтары ұсталды
Түркістан облысының кеден бекеттерінде көрші ел азаматтары ұсталды
© ehonews.kz
273
оқылды

«Жібек жолы» және «Атамекен» кеден бекеттерінде Қазақстан, Ресей, Тәжікстан азаматтарына әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, аталған азаматтар Қазақстан  заңнамасымен қолма-қол ақшаны алып кетуге қойылған шектеуді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"2022 жылдың 6 маусымында  Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы Өзбекстан Республикасы бағытында жолаушылар терминалында қол жүгін NUCHTECH 100100DV рентгентелевизиондық құрылғы арқылы  тексеру кезінде кеден бекетінің қызметкерлері Тәжікстан Республикасының азаматынан кедендік декларация арқылы мәлімделмеген қолма-қол 19 500 АҚШ доллары анықтап, ҚР ӘҚБК-нің 545-бабы бойынша іс қозғады", –  делінген хабарламада.
Осыған дейін 2022 жылғы 18 мамырда «Атамекен» кеден бекеті арқылы Өзбекстан Республикасы бағытында Қазақстан  азаматы өзімен бірге 10 000 АҚШ доллары, 82 500 теңге және 1 798 000 өзбек сомын алып өтпек болған кезінде, кеден бекетінің қызметкерлері  ҰҚК шекара қызметкерлерімен бірлесіп өткізу фактісіне тосқауыл қойылды. Аталған факт бойынша   Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің  545-бабына сәйкес жинақталған әкімшілік іс Мақтаарал аудандық сотына жолданды. Осыған ұқсас жағдай биыл 20 мамырда осы «Атамекен» кеден бекетінде болған. Кеден бекетінің қызметкерлері кедендік бақылау кезінде Ресей Федерациясының азаматынан 13 800 АҚШ доллары мен 88 000 теңгені Өзбекстанға алып өту барысында анықтаған. Нәтижесінде, ӘҚБтК-тің 545-бабымен әкімшілік іс қозғалып, Мақтаарал аудандық сотына жолданды.