Ата-аналар баласының құқығын қорғауды біле ме?

Ата-аналар баласының құқығын қорғауды біле ме? 1
Фото: mail.kz

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн ата-аналар мен балалардың түсінігінде тек киноға барып, тамақтанумен шектеледі. Шын мәнісінде, мерекенің мақсаты – бүлдіршіндерді қуантып қана қоймай, олардың мүддесін қорғауды көпшілікке насихаттау. Бала құқығын қорғау туралы заңда «Осы заң Конституцияда баланың кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi» деп жазылған. Ата-аналар бұл заңға қаншалықты жүгіне алады?

Жапа шегіп, баласы зәбір көрген ата-аналардың арыз-шағымына қатысты заңгердің пікірін білген едік. Заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, ата-ана үшін жауапкершіліктің жүгі ауыр.  

Ата-аналар баласының құқығын қорғауды біле ме?

«Баланың құқы бекітілген арнайы заң бар. Ол заң – балаларды өмiрге бейімдеу, шығармашылығын дамыту, өркениет құндылықтарын үйрету, яғни азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған. Баланың заңды өкілдері – ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, баланы қабылдайтын ата-аналар.  Заңға сәйкес, балаға қамқорлық жасау, білім мен тәрбие беру, оның құқы мен мүддесін қорғайтын олардың орнында басқа да адамдар бар екенін ескерсек, оларға жүктелген жауапкершіліктің жүгін бағамдауға болады. Ең алдымен, әрине, ата-ана баласының өміріне тікелей жауапты адам.

Өкінішке қарай, қазір ел арасында, тіпті мынау әлеуметтік желіден ата-аналардың өз баласын допша теуіп, ұрып-соғып, аяусыз қорлап жатқан жайттарды көзіміз шалады. Иә, кей кездері балабақша тәрбиешілері де кішкентай ғана бүлдіршінді ары-бері жұлқып, ұрып, тұншықтырып, өлтіре жаздаған жайттар және т.с.с кездеседі. Бұл – қылмыс. Менің ойымша, баланың құқығын қорғау ұғымы – осыдан басталуы керек.

Бала құқыын қорғайтын уәкiлеттi органды Үкiмет белгiлейдi. Баланың бiлiм алуы, денсаулығын сақтауды жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп іске асырады. Атап айтқанда, тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету, отбасын әлеуметтiк қорғау саласында жүзеге асырады. Бұл бағыттағы жұмысты шалажансар деп немесе түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Президент балалардың құқы мен қауіпсіз өмірі үшін тиісті тұжырымдарды қабылдап, тапсырмалар берді. Тіпті педофилдерге жазаны қатаңдатып, оның орындалуын өз бақылауына алды. 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осылайша, балаларға барынша көңіл бөліп, олардың жарқын өмірі үшін түрлі игі жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Қоғамның талап-тілегі, ұсынысы еленіп, ескеріліп жатыр.

Бірақ «Сақтықта – қорлық жоқ» дегенді әркез қаперде ұстауға кеңес беремін. Кемшілікті жою өзімізді түзеуден басталады. Ата-ана перзентінің алдында жауапкершілік жүз пайыз сезінгенде ғана олқылықтар жойылып, проблема шешімін табатынына сенімдімін.

Елордада орын алған бұл жайтты естіген кезде де қарап отыра алмадым. Өзім танитын ата-аналар қауымы, педагогтарға хабарласып, «жасөспірімдермен психологиялық тұрғыда түсіндірме жұмысын жүргізіңіздерші» деп кеңес бердім. Себебі, БАҚ беттерінде, жаңалықтардан «Астанада осындай жайт орын алыпты», «Қоғамдық көлікте 12 жастағы қыз балаға ер адам қол жүгіртіп, көз салды» деп «айқайлатып» айта салынғанымен, оны естіген қаншама бала, оқушы жасөспірім қыздардың психикасы бұзылып, қоғамға үрке қарап, үрейлене бастайды. Қалай айтсақ та, бұл оқиғада баланың құқығы тапталғанын, оның психологиясы ауыр «соққы» алғанын мойындауымыз керек. Оқиға қоғамдық көлікте болғандықтан, педофилдің айласы іске аспай, іс насырға шапқан жоқ. Қыз физикалық тұрғыда дін аман. Сондықтан, педофилдің іс-әрекеті ұсақ заңбұзушылық деп қаралған болуы мүмкін.

Ең бастысы, егер балаларға қатысты зорлық-зомбылық болса, ата-аналар «ұят» болады деп қылмысты жасырып, баланың жүйкесін тұншықтырмай, ол бойынша құзырлы огандарға дер кезінде арыздануы қажет. Қылмыскер жазасын алуы міндетті. Әйтпесе, зорлық көрген бала – өмір бойы моральдық, психологиялық тұрғыда мүгедек болып қалуы әбден мүмкін. Баланың жүйкесін оңалту үшін психологтар қалпына келтіру жұмысын жүйелі түрде жүргізуі керек», – деді заңгер Айгүл Орынбек.

Бала құқығын қорғау – сыртқы фактордан қорғау ғана емес, бұл оның жан дүниесінің де тыныштығын қамтамасыз ету. Sputnik.kz-тің статистикасына сүйенсек, былтыр жүйкесіне салмақ түскен 200-ге жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ал ата-аналардың басым бөлігі баланың тұлға болып қалыптасу кезінде мамандардың көмегінсіз «өзі-ақ өсіп кетеді» деген пікірді ұстанады. Баланың құқығын қорғау барысында ойы мен көзқарасы елене ме?

Психолог Балабек Кеніштайұлының айтуынша, баланың еркіне жіберуге болмайды.

 

Ата-аналар баласының құқығын қорғауды біле ме?

«Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында психологтар балалармен жұмыс істейді. Мектепте болған уақытта баланың көңіл-күйіне , мінез-құлқына , басқалармен қарым-қатынасына, тәртібіне бақылау жасап отырады. Ата-аналар балаларының бойынан өзгерістер байқаса, білім беру ұйымдарындағы психологтарға жүгіне алады. Бала өсіп келе жатқан кезде ата-ана тарапынан көмек, қолдау керек. Қиыншылық туындаған кезде бала артында оған қолдау беретін ата-ана , психолог бар екендігіне сенімді болуы керек.

Балалардың пікіріне құлақ асу, олармен санасу керек, бірақ белгілі бір дәрежеде ғана. Балаларға толық еркіндік беретін болсақ, олар алдағы уақытта қоғамның тарапына қайшы келетін іс-әрекеттерге баруы мүмкін. Ата-аналар өзінің баласы туралы, қажеттілігі туралы , олардың басқа да адамдармен қарым-қатынасы туралы біліп, оның тұлғалық дамуын ескере отырып, үнемі баласын бақылауда ұстап, қажет жерде тәрбие беріп , қолдау көрсетіп отырса, бала оның құқығы тапталмайтынын сезінеді», – дейді психолог Балабек Кеніштайұлы.

Алайда мәселенің әлеуметтік себебі көп. Мәселен, ата-ананың аз жалақы алуы, балабақша кезегінің тым ұзақтығы, мәселеге бей-жай қарау. Нәпәқа табамын деп ата-аналар балаларын үйде қалдыруға мәжбүр. «Баланы неге балабақшаға бермеске немесе күтуші жалдамасқа?» деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Бірақ жекеменшік балабақшаның бағасы 70 000-130 000 теңге болса,  мемлекеттік балабақшаның кезегін күткенше, бала мектепке барады.

Ата-аналар баласының құқығын қорғауды біле ме?

Әлеуметтанушы Мадияр Махмуджанұлының пікірінше, әлеуметтік төлемнің төмендігі де ата-аналарды тығырыққа тірейді.

«Әлеуметтануда проблеманы талдағанда проблеманы бір мезгілде бірнеше факторлар туғызады деп есептейтін кешенді талдау әдісі жиі қолданылады. Бұл мәселені талқылай отырып, оның да бірнеше факторларға байланысты екенін айта аламыз. Бұған экономикалық, психологиялық және институционалдық факторды келтіруге болады.

Адам қоғамда жалғыз өмір сүрмейді. Оның іс-әрекеті әлеуметпен тығыз байланысты. Өмірде құндылықтар мен ережелерін қарастыруы парыз. Яғни,  егер адам отау құрса, онда ол белгілі бір институттық ережелерді (отбасы қаражаты, отбасы меншігі, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі, баланы асырау, отбасылық құндылықтар және т.б.) сақтауды да жауапкершілігіне алады.

Институционалдық факторларда, біз халықты қолдау және халықтың әлеуметтік осал топтарында болу қаупін жеңілдету бойынша мемлекеттік шаралар туралы айтамыз. Мысалы, балаларды балабақшаға орналастыру мәселесі өзекті. Мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін бір ғана кезек бар. Кезекке тұру үшін бала жеті жастан аспауы керек. Сондықтан, балабақшаға кезекті тездетудің  бірден бір жолы – тезірек кезекке тұрып, порталдағы жаңа босаған орындарды жіті қадағалап отыру қажет. Тәрбиешілердің жалақысы төмен деген мәселе де бар. Балабақша санын көбейткенмен, тәрбиешілердің біліктілігі мен еңбекақысының көлемі де маңызды рөл атқарады.

Мемлекеттік бағдарламалар түрлі себептерге бүкіл халықты қамтуға жете бермейтіндігін де ескерген жөн. Қолданыстағы әлеуметтік төлемдер көп жағдайда отбасы шығынының 40%-ын да өтей алмайды», – дейді әлеуметтанушы Мадияр Махмуджанұлы.

Қорыта айтқанда, 1 маусымда балаларымызды материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп қана қоймай, оның құқығының жан-жақты қорғалуын, жан тыныштығын, баланың қоғамда өзін тұлға ретінде сезінуін қамтамасыз етуі керек. Сондықтан өсіп келе жатқан баланың тәрбиесі мен тәртібін толық назарда ұстаған абзал.

Асемай МАКУОВА

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.