Маңғыстау облысына әскерге кетіп, үйіне табытпен оралған сарбаз туған жері Түркістан облысы Сарыағашта жерленді. «19 жастағы Еділ Тешебаев отбасындағы тұрмыстық жағдайға төзе алмай, өзіне қол салған», – дейді әскерилер. Тіпті өлер алдында бірнеше хат жазып қалдырған, – деп хабарлайды КТК арнасы. Бірақ марқұмның жақындары мен достары хаттағы қолтаңба Еділдікі еместігін айтады. Үнемі туыстары мен жолдастарынан телефон арқылы ақша салуды өтінетін сарбазды әскерде қинап өлтірді дейді олар. Төрт ұлдың екіншісі Еділ Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметте қалуды қалаған екен. Сондықтан былтыр күзде әскерге аттанған. Алайда Бейнеудегі шекара қызметінде борышын өтеп жүрген сарбаздың қаруластары хабарласып, Еділдің енді жоқтығын айтыпты. Бірақ өлімнің себебін айтқанда «өздері әбден шатасты» дейді марқұмның туыстары.
Гүлжәмила Алтынбекова, марқұмның апасы: «Үш түрлі, үш адамға үш түрлі айтып отыр. Пышақтады деп бірінші айтады, артынша баласына бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді келіп анасына белдігіне асылып қалды, екі белдікті байлап асылып қалды дейді. Подполковник айтқан», – дейді.Еділ Тешебаев шекара қызметінде «бір құпияны біліп қойып, қасақана өлтірілуі мүмкін» дейді туыстары. Сондай-ақ сарбаз атанғалы жақындарынан үздіксіз ақша сұраумен болыпты. Сондықтан әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болуы да мүмкін дейді қара жамылған отбасы.
Марқұмның әкесі Бақыт Алтынбеков: «Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді дедім. Сол кезде 5 мыңды салып жіберуім керек еді. Мұндай болады деп ойламадым. Демек баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген де... Басқа несі бар?.. Асылып қалды дейді, балам менің асылмаған. Көзім жетеді оған. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр», – дейді.«Жала жабылды» дегенді Еділдің достары да айтады. Себебі, тоғыз айдан бері әскерде жүрген сарбаз өлер алдында үш бірдей хат жазып, өзіне қол салуына үйіндегі тұрмыстық тапшылық себеп болғанын айтқан. Бірақ марқұмның сыныптастары хаттардағы қолтаңба «Еділдікі емес» деп отыр.
Марқұмның досы Ерсұлтан Қанжігіт: «Әр хатта әртүрлі жазылған. Маған жазылған хатта басқаша жазылған, мамасына жазылған хатында жазуы мүлдем басқаша. Екеуін екі адам жазған. Оның жазуы сәл нашарлау еді. Тіпті дәптерге жазғанда сөз арасында «ы», «і» деген әріпті жазбай тастап кетуші еді, бір-екі әріпті. Ал бұл жерде хатта «ы», «і» әріптер былай тұрсын, үтір, нүктеге дейін мәнерлеп жазылған. Еділ олай жазбайды», – дейді.Ұлының денесін Ақтаудан алып келген анасы Еділдің шаты көгеріп кеткенін айтады. Медицина саласында істеген ол ұлының қасақана өлтірілгеніне сенімді.
Марқұмның анасы Нағима Нұрбайқызы: «Мен өзім хирургияда істегем ғой. Біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Ол денесінен жылу кеткеннен кейін қалатын еді, мойны, бар жері қатып қалады, қимылдамайтын. Мұның мойны, омыртқалары ана жаққа, мына жаққа айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген негізі, сөйткен де, өзі дарға асылды қыла салған», – деді.Ал сарбаздың мәйітін жеткізген әскери бөлімнің командирі кешірім ретінде миллион теңге әкелгенін айтқан. Бірақ марқұмның жақындары өре түрегелді. Қазір тергеу жүріп жатқанын айтқан басшы «Еділ жиі есінен танып қала беретін» дейді.
Асқар Аяғанов, ҚР ҰҚК шекара қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы: «Есінен танып қалатын, ауа жетпей. Армияға келгеннен бері... Тоғыз ай бойы емес?.. Осы соңғы айда ма, сол кезде бір рет кетті. Есінен танды, одан кейін госпитальға кетті, Ақтауда емделді», – деді.Қазір әскери тергеу басқармасы сарбаздың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады.