Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалық етуімен палата бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Онда депутаттар қарауына Қазақстан Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері ұсынылатын болады.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы заң жобаларын қарайды.
Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» салық кодексін және аталған кодексті қолданысқа енгізу туралы заң жобаларын, құқық қорғау қызметін өткізу тәртібін жетілдіру және байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда қарау ұсынылған.
Сондай-ақ отырыста депутаттар волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды.
Мәжіліс комитеті алдағы жалпы отырыста Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа алатын болады.