Құжатсыз үйде тұрып жатыр
Құжатсыз үйде тұрып жатыр
© коллаж: Әсел Балтақызы
380
оқылды
Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында соңғы жеті-сегіз жылдың көлемінде мыңдаған отбасына қуаныш сыйлаған пәтерлер мен жеке үйлердің көбі заңды берілгеніне қатысты күмән көп. Шаһардың су жаңа басшысы Әсет Масабаев та облыс орталығындағы қордаланған мә­селелердің тігісін жатқызуға ниетті. Қала әкімдігі шаһардың тұрғын үй қорындағы жағдайды бағамдап, тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен осы кезге дейін баспаналы бол­ған­дардың тізімінде көптеген сәйкес­сіздікті анықтаған. Қазір қала бо­йынша тұрғын үй алу кезегінде 16 333 адам тұр. Олардың ішіндегі 6 327 адам бюджеттік мекемелерде қызмет етсе, тағы 10 006 кісі әлеу­меттік жағынан қорғалатын сана­тына жатады. Бұл орайда қала әкімдігі алдағы уақытта тұрғын үй кезегінің әділ әрі ашық болуын қамтамасыз етуді ойластырып, жаңа жүйе енгізілген. Ендігі жерде баспаналы болуға өті­ніш бергендер өздерінің кезегі ту­ралы мәліметті кез келген уақытта «КЕЗЕКТЕ» порталы арқылы біле алады. Ең бастысы, бұл тәсіл ке­йін­гі он шақты жылда кезекте тұр­ғандар тарапынан наразылыққа ұшырады. Десе де, бұл жүйенің са­лада жиі тіркелген сыбай­лас­тық­қа қатысты деректерімен жем­қор­лықтың тамырына балта шаппақ. Бұған дейін MS Eхcel форматында жүргізіліп келген тізімдерді элек­трон­ды кезекпен салыстыру ба­ры­сында 1 720 сәйкессіздік анықта­лып, көптеген заңсыздықтың беті ашылыпты. Мәселен, кезекте тұр­ған 576 адамның жеке сәйкес­тендіру нөмірі болмай шыққан. Алдағы кезде үйлі боламын деген үмітпен жүрген мүгедектігі барлар және тағы да басқа әлеуметтік осал топтағы жандар өздерін кезектен мүлде таба алмаған. Бұған, кері­сін­ше кезекте болмаса да үйлі бол­ған­дар саны жетерлік көрінеді. Баспана кезегіне қоюдың өзін­дік заңды талаптары бар. Кезекте тұрғандарды тексеру кезінде олар­дың ішіндегі 2 054 азамат тиісті жеңілдігін дәлелдей алмаған­дық­тан, кезектен шығарылыпты. 1993-2020 жылдар аралығында Талдықорған қаласының комму­нал­дық меншігіне берілген 3 235 тұрғын үй бар. Алайда 2015 жылдан бергі кезеңде осы үйлердің ішіндегі 1 014 баспананың құжаты жоқ не­месе заңдастырылмаған. Жеке пә­терлерді айтпағанда, ешбір құ­жа­ты жоқ көпқабатты, көппәтерлі тұтас үйлер бар. Соның салдарынан дәл қазіргі кезде 1 014 отбасы өздері үйіміз деп санап отырған баспанада заңсыз тұрып жатыр. Құжатсыз пә­терлердің 330-ы жеке тұлғаларға және жұмыс істеп жүрген мемле­кет­тік қызметшілерге берілген. Ал­дағы кезде осындай пәтерлерді қызметтік пайдалану мақсатында тиісті құрылымдарға тапсыру ойластырылып жатқан көрінеді. Осындай тағы 684 тұрғын үй ха­лықтың әлеуметтік осал тобы са­натындағыларға тиесілі. Қазір тізім бойынша мұрағаттық мәлімет­тер­мен салыстыру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 298 тұрғын үй «Бе­реке» коттедж қалашығында, 386 пәтер көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан. Осылайша, бүгінгі күні мыңнан астам отбасы өздері жылдап тұрып келе жатқан үйлерден айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Олар­дың ішінде 2018 жылы өздері қыз­мет ететін «Жетісу» және «Огни Ала­тау» газетінің 100 жылдығына орай үйлі болған жас журналистер де бар. Cолардың бірі журналист – Гүлжан Тұрсынова. 2018 жылы 2 бөл­мелі үй алған журналист әлі күн­ге дейін құжаты реттелмеген баспанасынан айырылып қалам ба деп алаңдайды. «Осыдан жиырма жыл бұрын, қалаға тұрғын үй кезе­гіне тұрған едім. Кезекте алғашқы мыңдықта болғаным әлі есімде. Ақыры әбден үміт үзілер кезде 2018 жылы пәтерлі болдым. Содан бері құжаттар әне-міне берілер деп жүрдік. Енді, міне осындай жағ­дай­ға тап болдық. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөліміне барып, 2002 жылы кезекке тұрғаным тіркелген жайлы мәліметтер сұрасам, «құжаттардың барлығы қаңтарда жанып кеткен» дейді. Мен сияқты жүздеген адам бар. Оларға пәтер жай бекерге бе­рі­ле салған жоқ. Жылдар бойғы ең­­­бегі ескеріліп, тұрмыстары зер­деленіп барып, шешім қабыл­данды. бірінші кезекте соны ескеру керек деп ойлаймын», – дейді журналист. Қалай болғанда да, Талды­қор­ғанда тұрғын үй кезегінің сақта­луын­да, пәтерлер беруде заңсыз­дықтар жайлы бұған дейін болып келген даулы мәселелердің өзегінде шындық жатқаны байқалады. Осы­дан біраз жыл бұрын қаладағы пәтер кезегінің сақталмайтыны және пәтерлі болғандар арасында кездейсоқ жандар көптігіне қатыс­ты шағымда айтылғандарды анық­тауға құқық қорғау органдары ара­ласып, қалалық әкімдіктегілер мен ешқандай кезексіз, заңсыз үйлі болғысы келетіндер арасында дел­далдық еткендер жазаға тартылған. Қала әкімінің бастамасымен жүр­гізілген тексеру барысында мың­даған жанның мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерде, үйлерде ешқандай құжатсыз тұрып жатқа­нының анықталуына қарағанда қаладағы пәтер кезегі мен баспана берудегі сыбайластық әлі күнге жалғасып келеді. Қазіргі кездесуде қаладағы тұрғын үй кезегімен бірге 2015 жылдан бері берілген үйлердің заңдылығына қатысты тексерулер жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй ко­мис­сиясы әр пәтерге қатысты жағ­дайды саралап, шешім шыға­руда. Бүгінге дейін 14 үй қайтары­лыпты. Олар кезек бойынша тие­сілі жан­дарға беріледі. Тағы 12 пәтерге қатысты іс сотта қаралып жатыр. Қалалық әкімдіктегі жауапты тұлғалар «бірде-бір тұрғынның заң­­ды құқы бұзылмайды, комис­сияда қаралады, барлығы заңды болса, құжаттары реттеледі» дейді. Егер заңсыз берілсе, қайтарып ала­ды. Ешкімді бірден күштеп шығар­май­ды. Заңсыз болса, алдын ала ескер­тіледі. Егер келіспесе, мәселе сот арқылы шешіледі.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы