Туризм қайтсек тартымды болады?
Тамылжыған табиғаты, тарихы мыңжылдықтардың қойнауына дейін тамырлайтын Қазақстанның туристік әлеуеті жайында жиі сөз етеміз. Биыл сол әлеуетіміз іс жүзінде сыналмақ. Мәдениет және спорт министрлігі мен Kazakh Tourizm ұлттық компаниясының басшылығы биыл ішкі туризмге едәуір салмақ түсетінін айтып, осы маусым отандық туристік нысандарда 6 миллионға жуық адам демалатынын мәлімдеді.
Осы орайда туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуден басталып, турист ретінде шекарадан өткендердің пиғылын анықтауға дейін жалғасатын кешенді жұмысты жүйелі ұйымдастыра білген жөн.
Әйтсе де, суға түсу маусымы басталғалы Ақмоладағы Бурабай, Зеренді аумағындағы демалыс орындарына түсер жүктеме артқан. Облыстағы санаторийлер мен емдеу-сауықтыру орталықтарында күзге дейін бос орын жоқ.
Қазір мамандар Украина мен Ресей арасындағы соғыстың ықпалының салдарынан осыған дейін Грекия, Түркия, Италия сияқты елдерде демалған ресейлік туристердің Қазақстанға қарай ағылатынын болжайды. Тіпті, көрші елден Қазақстанға келетіндердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 7 есеге көбеймек.
Оның үстіне, осы күндері Ресейдің Омбы, Новосібір, Екатеринбург, Санкт-Петербор және Мәскеу қалаларында қазақстандық туризм саласы кеңінен таныстырылып жатыр. Демек, елге демалуға келетін ресейліктердің саны біз ойлағаннан әлқайда көп болуы мүмкін. Дегенмен «турист» атын жамылып, Қазақстанда тұрақтап қалуды мақсат еткендердің де қарасы қалыңдай түскен.
Мәдениет және спорт министрлігі ресейлік туристердің таңдауы Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлеріне түсетінін айтады. Олардың арасында Ресей азаматтығын қабылдаған бұрынғы Қазақстан азаматтары да болуы мүмкін. Сондай-ақ осы аймақтарда тұратын туыс-туғандарына, дос-жарандарына қонаққа келетіндер де баршылық.
Осы тұста еліміздегі туристік демалыс орындары мен жол бойында әжетханалардың жеткіліксіздігі, орман-тоғайлар мен өзен-көлдердің ластануы мәселелерін де жоққа шығара алмаймыз.
Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен облыс әкімдіктері бірлесіп, туристік орындар мен автомобиль жолдары бойындағы санитариялық-гигиеналық тораптардың жай-күйіне зерттеу жүргізді. Ведомство олқылықтың орнын толтыру үшін 793 нысан салу қажет екенін анықтаған. Бұл орайда министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп санитарлық-гигиеналық 138 торапты салғанын жеткізді.
«Қауіпті» туристер қатаң бақылауда
Биыл қаңтар айында салалық министрлік туристік бағыттағы кәсіпкерлік субъектілеріне санитарлық тораптарды күтіп ұстау мақсатында ай сайын 83 мың 300 теңге мөлшерінде субсидия беретін болып шешті. Жалпы, туристік орындарда табиғаттың ластанбауына жергілікті әкімдіктер мен Ұлттық парктер жауапты.
Ал турист кейпінде шекарадан өтіп, ел ішіне іріткі салатындармен күрес мәселесі хақында Ақмола облысы Полиция департаментінен сұрап, білген едік. Тәртіп сақшылары шетелдік демалушыларды әуелі шекарадан өтер кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, одан кейін көші-қон полициясы тексеретінін айтып, қауіпсіздікке барынша мән берілгеніне сендірді.
[caption id="attachment_200363" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Облыстық Полиция департаментінің дерегінше, осы жылдың 5 айы ішінде ғана шетелдіктерге жұмысқа орналасу үшін 3 768 адамға және 24 адамға оқуға түсуге рұқсат берілген. Мұның ішінде солтүстіктегі көршілеріміздің үлесі басым. Ресейлік 1 004 адам уақытша тұру үшін рұқсат алса, жеке шаруаларымен 714, оқу үшін 9 адамға рұқсат берілген. Сондай-ақ ел аумағында құқықбұзушылық жасаған 178 Ресей азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 азамат еліне кері қайтарылған. Тағы 2 адам елдің шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін жазаланды. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзып, белгіленген уақытта еліне қайтпаған 82 адам заң бойынша жауапкершілік арқалаған.
Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алыс-жақын шетелден, соның ішінде Ресейден келетін азаматтарды бақылау бекітілген алгоритмге сәйкес жүзеге асырылады. Заңға сәйкес, әрбір келушінің мақсаты анықталады. Өз елінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар, іздеуде жүргендер бірден анықталады.
Ресми деректерге сенсек, Ресей осы жылдың 30 наурызынан, ал Қазақстан 11 сәуірінен бастап екі арадағы шекарада туристер үшін шекараны ашты. Министрлік ресейлік туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жекелеген арнайы өткізу пункттерін ашу мәселесі де қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасында мемлекеттік шекара арқылы 51 өткізу пункті бар. Сонымен қатар 30 автомобиль өткізу пунктінде 13 екіжақты және 17 көпжақты өткізу пункті бар.
Миллиардтар қайда жұмсалады?
Ақмола облысының әкімдігі туристерді қабылдап, олардың талғамынан шығу үшін ондаған миллиардтарды шығындауға әзір.
Өңірде туристерге арналған 29 экологиялық бағыт ашылған. Щучинск–Бурабай курорттық аймағында 3 000 нөмірге дейін орын әзірленген. Салаға 3 миллиард 500 миллион теңге көлемінде инвестиция жұмсалған. Мұнымен қоса, өңірде «Ақбура Ресорт» заманауи курорты құрылысына 4,7 млрд теңге инвестиция, ал туристік аймақты дамытудың үшінші кезеңіне 8,1 млрд теңге жұмсалмақ. Сонымен бірге туристік бағыттағы 16 шараға 21 млрд теңге, 5 инфрақұрылымдық жобаны аяқтауға 3,3 млрд теңге жұмсау қарастырылыпты.
«Шекараның ашылуына байланысты өңірге туристердің ағымы 1,2 миллионға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Жалпы, биыл туризм саласында 75 инвестициялық жобаға жалпы сомасы 18 млрд теңге қаражат жұмсау жоспарланып отыр», – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Жасыратыны жоқ, туристік әлеуеті зор Ақмола облысы үшін солтүстіктен келетін туристерден көп пайда табуға болады. Дегенмен мұнда ұлттық қауіпсіздік жүйесінен бастап инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, бағаны реттеу мәселелеріне назар аударылғаны жөн. Және бұл түйткілдердің түйінін уақыт оздырмай шеше алсақ құба-құп.
Ақмола облысы